Менің болашақ жарым. Шығарма
Менің болашақ жарым қандай болуы керек? Өмірде жанында әркез бірге болатын, қуанышыңды бөлісіп, мұңая қалсаң сені қуантуға асығатын жанға бәріміз мұқтажбыз. Жалғыздық тек Аллаға ғана тән. Кейде ұзақ түндерде болашақ жарым жайлы көп ойланамын. Оның мінез-құлқы, түр-әлбеті, отбасы, ата-анасы мен бауырлары қандай кісілер сынды санқилы сұрақтарға жауап іздеймін өзінше. Бірақ нақты жауапты табу қиын. Оны тек бір Алла біледі.
Өмірлік серік. Расыменде, өміріміздің соңына дейін қасымыздан табылып, қолдау көрсетіп, білмегенімізді үйретіп жүретін жан. Қараңғы жүрекке сәуле шашып жадыратып, жаураған жанды жылытатын да біздің өмірлік досымыз. Анам әркез «өмірде жар таңдауда қателеспе» деп айтады. Өміріңнің қалай қарай өрбуі өмірлік серігіңе тікелей байланысты екенін әркез жадыма салып отырады. Мен болашақ жарымның ,әуелгіде, иманы мықты болғанын қалаймын. Бұл өмір уақытша – жалған Соңында баршамыз бір Аллаға қайтарыламыз. Өмірдегі әрбір істеген жақсы, жаман іс-әрекеттерімізге жауап береді екенбіз, бұл жалғанды мәнді де мағыналы етіп өткізгеніміз дұрыс-ақ. Сол себепті де жанымызда ғұмыр бойына әркез Алланы еске салып отыратын жанның болғанын қалаймыз. Кез келген істі ақылмен шешіп, дұрыс жауабын таба білетін, ақылды жан болса, сонымен қатар әркез шындықты айтып, өтірік сөйлемейтін шыншыл, жанындағы жақын жандарына көмек қолың созып тұрушы мейірімді, жанашыр жан болғанын, өмірде кезігетін қиыншылықтарға қасқая тұрып жауап беретін жігері мықты, жасымайтын, отбасыдағы барша жауапгершілікті мойнына ала алатын жанның болғанын баршамыз қалаймыз.
Мен отбасыны махаббатпен құрғым келеді. Махаббат бар жерде әрқашанда сыйластық пен сенім қатар жүреді. Өмірлік серігіңе өз өміріңді, тіпті болашақ балаларынның тағдырын сеніп тапсырасын. Бұл үлкен жауапгершілік. Мен өз ата-анама қатты қызығамын. Олар ширек ғасырдан аса уақыт бойына бірге ғұмыр кешіп жатыр. Отбасылық өмірлерінде қуанышта, түсініспеушілікте, ұрыс-керісте, көп қиыншылықта, тіпті перзенттерінен айырылып қайғы да көрді. Бірақ жасымады, айырылмады. Керісінше, өмірдің берген тосын сыйларына бірігіп жауап беріп, айырылмай жүруде. Бұл мүмкін махаббат, мүмкін сыйластық.