Аңшылық маусымы басталды
Таңғажайып табиғатымен тамсандырар Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғат паркінде қоңыр күздің келуімен көптен асыға күткен аңшылық маусымы басталды.
Оңтүстік Қазақстан облыстық орман шаруашылығы және жауарлар дүниесі аумақтық инспекциясы аң аулауға берілген рұқсат қағаз иелеріне табиғатқа барынша аяушылықпен қарап, Қызыл кітапқа енген аңдарды атпауды, мейлінше өрт қауіпсіздігін сақтауды, орманға зиян келтірмеуді ескертеді.
Табиғат байлықтарының бір бөлшегі-жануарлар дүниесі. Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде 59 түрлі сүтқоректі мен 300 түрлі құс мекендейді. Соның ішінде сүтқоректілердің 10 түрі, құстардың 30 түрі Қызыл кітапқа енген.
Қызыл кітапқа енген аң-құстарды сұғанақтықпен заңсыз аулаған азаматтар Қылмыстық кодекстің 339-бабы бойынша 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына тартылады.
Аң-құстарға әуесқойлық аңшылық жасау үшін арнайы рұқсат қағаздары (лицензия) сатылады. Аңшылыққа арнайы берілген жолдама Ұлттық парктің арнайы бөлініп белгіленген жерлерінде ғана жарамды болып табылады.
Жолдама алу үшін жарнасы төленген аңшылық куәлігі мен аңшы қаруының рұқсаты болуы керек. Жолдамада аң аулау мерзімі мен мөлшері жазылуы тиіс.
"Киіктің де киесі бар" демекші, рұқсат етілген аумақтардан тыс жерлерде, рұқсат құжаттарынсыз немесе рұқсатсыз аң аулаған аңшыларға жаза қолданып, айыппұл салынатынын ескертеміз.
Күзгі аң аулау мерзімінде аңшылық ережелерін қатаң сақтап, сұғанақтыққа жол бермейік, ағайын!
Ахмет Кенжалы,
Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық паркі табиғи кешендерді қорғау бөлімінің бас маманы.
Мұрағаттан, 2016 ж, қыркүйек