Мұқағалидің қарғысы

Oinet.kz 04-06-2024 4465

Әбілахат екеуміз (Еспаевты айтып отыр) түнде ресторандатып көп жүріп қалсақ, Бас почтаның алдындағы гүлзарда тұрған Ленин ескерткішінің түбіне қонатын едік,-деп бастады әңгімесін Шәмші.

Screenshot_14.jpg

- Бір күні таңертең ерте оянып көгалға қарасақ, бір шетте теріс қарап біреу отыр.

- Әй, мынау Мұқағали!-деді Әбілахат оны сыртынан танып,

- Әй, Мұқаш! Бұл рас, Мұқағали екен. Талай жыл көріспеген сияқтанып қуанып қалдық. Бірақ Мұқағалидің түрі салқын. Қолында жұқаша қойын дәптері.

- Мен сендерге әлгіде ғана жазған өлеңімді оқиын. Менің мұнда неліктен түнегенімді сонан соң түсінесіңдер,-деді Мұқағали.- Оқы - дедік.

Қара жер қақ ортасынан қақырасың,

Көк аспан быт-шыт болып шытынасын.

Әлемде ай адасып өрісінен,

Күн шықпай, ұясында жатып алсын.

-Өй мынауың жақсылықтан шығатын өлең емес қой!-дедік біз.

- Әрине-деді ол

- Мен мұнда жетіскеннен түнеп жүр дейсіңдер ме? Менде сен екеуіңнен басқа дос жоқ. Сыр айтатын да ешкім жоқ.

- Апырай, Мұқаш...Қай уақытта көрсем де қасыңнан адамдар үзілмейді,-деді Әбілахат күмілжи сөйлеп.

- Көп болғанынан не пайда? Солардың көбісі өлеңдерімді ұнатқанымен, оның қайдан, қалай шығатынын біле бермейді.

- Шығарманың әділ бағасын уақыт береді ғой, Мұқаш,-дейді Шәмші.

Әй, Шәмші-ай, әр күнім жылап өтіп бара жатқандай қазір. Сен айтқан уақытқа жететін уақытым қалмай бара жатыр менің,- дейді Мұқағали бір сәт таусыла сөйлеп.

Заманымыздың ұлы ақыны мен ұлы сазгерінің бұл ақтық сырласулары еді. Әлгі өлеңді нақты кімге арнағаның Мұқағали айтпапты және ол өлеңі жинаққа кірген-кірмегенін де білмейді.

Достық туралы сыр.

-Ее өтті ғой күндер, өтті ғой небір хикиялар-деп бастады сөзін Шәмші.

- Әбілахат (Еспаевты айтып отыр) екеуміз түннің бір уақытында ресторандатып шыққан соң үйге қайтуға алыссынып, ал көбінесе қалтамызда таксиге төлейтін ақшамыз болмай, Бас почтаның алдындағы көкалға келіп, Лениннің ескерткішінің қасына қона кетуші едік. Таза ауа, салқын кеш, жұлдызды аспан-неткен тамаша! Мұндай кештері көңілге неше түрлі әсем әндер үйірілуші еді....Осындай түндердің бірінде осы гүлзарда бізге Мұқағали Мақатаев жолығып қалды. Ол да таршылық, әлімжеттілік көріп қамығып жүр екен. Ол онда «Жылдарым, менің жылдарым» деген өлеңін жатқа оқып беріп еді. Оның сондағы жылағандай болып отырып: «Шәмші, жаным менің жаралы, тарттым қанша жаланы...қайғы ішкен жылдарым, жылап өтіп барады» дегенін ешқашан ұмытпақ емеспін...

-Сен Мұқағали жөнінде көп айттың. Тағы қандай достарың бар? Солар жөнінде де айтсайшы-дедім мен. Шәмші жымиды.

- Мен бұл сұрағына ұлы Мұхтардың «Еңілік-Кебегіндегі» Кебектің сөзімен жауап берейін: тұнжыраған түн де дос, күлімдеген күн де дос, бірақ біріме-бірі келгенде нағыз достың өзі жоқ.

- Ал енді өз сөзіңмен, Шәмшінің сөзімен айтшы.

- Қоймадың ғой, айтайын: кең адамның күніне бір бір үйі кеңиді, тар адамның күніне бір үйі кемиді деген. Мен өмірімде кең болуға тырыстым. Сондықтан да үйім көп. Әсіресе, Жамбыл мен Шымкентте достарым көп. Жиі-жиі соларға кетіп каламын да, алматылықтар мені кейде таппай қалатындары сондықтан.

Шәмші деген атың дардай болса да, өмірдің қатал, қатты шағын көп кештің ғой. Айтшы қатты деген не?

Мен тағы да халық даналығымен айтайын: сүйікті-досынан айрылса, сүйген-жарынан айрылса, дым білмейтін топаспен өмір сүрсе, пендеге пенде кіріптар болса-бұлардан өтерлік қатты жоқ.

- Сақтықта қорлық жоқ дегендей, сақтана сөйлейтін болыпсың ғой, Шәмші.

- Халық: рақымсыз жыртқыштықтан, әділетсіз әкімнен, ұятсыз әйелден сақтан, деп бекер айтпаған.

- Ой, сен бар сөзіңді халық даналығымен айтып кеттің ғой. Өз сөзіңмен айтшы.

- Атадан-бала, мойынан-жаға озбайды деген. Мен халықтан асып ештеңе айтпаймын. Әйтсе де, менің айтар сөзім алда. Ол сөз- әнім менің. Мен риза болып қол қыстым.

Ханнан қырық туғанша,

Қарадан біреу тусайшы.

Ата жолын қусайшы,

Ақырып теңдік сұрарға-деп ақын Махамбет, батыр Махамбет неткен білгірлікпен жырлаған. (жалғасы бар)

Жазушы Оразбек Бодықов. Шәмші Қалдаяқов: ХИКАЯТТАР.

Өткен ғасырдың төрт қасіреті
Қазақ тіліндегі сирек қолданылатын мақал-мәтелдер
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу