Сәуірді көкек деп атасақ

Oinet.kz 17-07-2019 1899

Screenshot_21.jpg

       1985 жылы Мәскеуде Сәуір пленумы өтті. Сол пленумда Компартия басшысы Михайл Горбачев алғашқы рет «қайта құру, жаңғыру» жөнінде үндеу тастады. Мұндай тарихи деректерді келтіріп отыруымның себебі бүгінде сәуір деп атап кеткен айдың түп-төркінін анықтау. 

      Қазақта көктем айларының ежелден келе жатқан атаулары мынадай: наурыз, көкек, мамыр. Жоғарыда атап өткен сәуір айының негізгі қазақша атауы көкек. 1985 жылғы Сәуір пленумын баспасөз беттерінде, көшелердегі сыртқы жарнамаларда алғашқыда Көкек пленумы деп жарнамалап, кейін Апрель пленумы, соңынан Сәуір пленумы деп қайта өзгертті. Сол пленумнан бастап басқа айлар өз атауымен аталғанымен  сәуір айы ғана көкек атауынан «айырылып» қалды. Уақыт өте келе бұл атау ұмытыла бастады. Қазақтың ырымдап атаған көкектің сәуір болғанына отыз жылдай уақыт болыпты. 

        Қазақтар көктемнің екінші айын көкек атауымен байланыстыруының себебі бұл мезгілде көкек құсының алғаш шақыра бастайтын уақыты.  Әр айда болатын табиғат құбылыстарына байланысты  атау берген бабаларымыздан қалған  «Көкекте – көк ішек» деген тәмсіл бар. Яғни көкекте көк шығып, малдың ішегі көгереді деген мағынада. 

        Тәуелсіздігімізді алып, Кеңес үкіметі келмеске кеткені қашан. Ендеше жоғалған дәстүріміз бен ырым, жоралғыларымызды қайтарып, болашақ ұрпаққа жеткізетін уақыт келді емес пе?!  Сол себепті сәуірдің атауы көкек болуы тиіс. Менің ұсынысым ата-бабамыз атап кеткен көкек атауын қайта жаңғыртсақ ұлтымызға, тілімізге деген құрметіміз болар еді. 

    Жеңісбек Иманқұл 

«Қошқарата сейілі» қайта жаңарды
Фильмдер көрермен жасына сай көрсетеліп жүр ме?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу