Қаусаған бейтаныс шал (әңгіме)
03-11-2023
Ұлыстың ұлы күні қарсаңында еліміздің үшінші қаласы Шымкенттің тұрғындары «Қошқарата сейілі» мерекесін тойлады. Бұл күні Қошқарата өзенінің маңына жиналғандар ұлттық бұйымдар көрмесін тамашалап, ұлтық ойындардың куәсі болды. Сахна төрінде тарихтан сыр шертетін көріністер қойылды. Суырып салма ақындар айтысып жұрттың көңілін көтерді. Боз кілемнің үстінде палуандар белдесіп, қазақ күресінің кереметін паш етсе, жасөспірімдер асық ойынының көрігін қыздырды. Кілең мықтылар жиналып кір тасын көтеруден жарысса, білекті жігіттер қол күрестіріп күш сынасты. Қысқасы, ел Тәуелсіздігін алғалы Шымкентте бұндай той болмаған...
Суы тұп-тұнық, табиғаты көркем Қошқарата өзенінің бойында асыл тұқымды қошқарлар көрмесі ұйымдастырылды. Ауыл-ауылдардан шаруалар өздері өсірген Шопаната түліктерін әкелді. Оларға ғалымдар, ауыл шаруашылығы саласындағы білікті мамандар баға беріп, жүлделі орындар тағайындады. Асыл тұқымдылар жарысында қазығұрттықтар жеңімпаз деп танылды. 300 мың теңгелік сыйлық көркімен көз тартатын қошқарларын әкелген Қазығұрт ауданының «Сералы» шаруа қожалығына табысталды. Мұнда да білекті де жүректі жігіттер қошқар көтеру бәсекесін қыздырды. Сайдың тасындай іріктелген кілең мықтылар 85 келі тартатын қошқарды иықтарына салып көтеріп, отырып-тұрып жарысты. Зілтеміршілер секілді төбесіне көтермесе де отырып-тұру жарысында иықтағы салмақ аяққа әжептеуір күш түсіреді. Бұл кез-келгеннің қолынан келе бермейді. Осындай сынаққа төтеп беріп, мықтылығын дәлелдеген Біржан Қосалиев жеңіске жетті. Аударыспақ ойынының Азиядағы чемпионы болған ол 34 рет үзіліссіз отырып тұра алды.
«Қошқарата сейілі» көктем мерекесін ұйымдастырушылардың бірі, «Южный Казахстан» газеті бас редакторының орынбасары Кеңес Исмаиловтың айтуынша, Оңтүстік жұртына ғана тән мұндай қызықшылық соңғы рет бұдан жүз жылдай бұрын өткізілген екен.
– Ғабидолла Әбдірахымов қаламызға әкім болып келгенде белсенді азаматтардың басын қосып, туризімді дамытуға, салт-дәстүрімізді дәріптеуге қатысты ұсыныстарымызды, идеяларымызды сұраған болатын. Сол кезде өлкетанушы Алексей Гончаров екеуміз «Қошқарата сейілі» мерекесі туралы ойымызды айтқанбыз. Ұсынысымыз бірден қолдау тапты, нәтижесі көз алдарыңызда өтіп жатыр, – дейді ол. – Бұрынғы кезде ата-бабаларымыз Қошқарата өзені бойында асыл тұқымды қошқар сойып, Жаратқаннан молшылық, тыныштық тілеген.
Қайта жаңғырған «Қошқарата сейілі» енді жыл сайын көктем мерекесі ретінде атап өтіліп тұрмақ.
Асылбек Құнанбайұлы,
«Рейтинг» газеті №12, 31 наурыз 2016 жыл