Жиһангезді құмай құстың киесі ұрды ма, өзіне ас ұсынған халықтардың наласы тиді ме?
1888 жылдың 15 қазанының таңында Қарақол өзені сарқырап жатқан шатқалдың ішінде тұрған киіз үйден қою мұрты әдемі бастырылған адам шығып, айналаны шолды. Түрінен патша ағзам офицерлерінің бірі екенін байқауға болатын еді.
Ол төбесінде қалықтап жүрген жүрген құмайды көріп, үй ішіне қайта жүгіріп кірді. Мылтығын алып кері ұмтылғанда жанына тағы бір офицер ілесе шықты. Мұртты көп көздемеді, мылтық үні гүрс етіп, құмай қалбалақтап жерге құлады. Офицерлер құсты шатырға әкеліп, қызықтады. Содан кейін жолбасшы болып жүрген қырғыз жігітіне «мынаны тазала», – деп бұйырып еді, әлгі азарда-безер болып, жоламай қойды.
Офицерлер қауырсынды өздері тазалай бастағанда қырғыз жігіт бұл құсты жеуге болмайтынын, ол жүз жылда бір рет ит басып шығаратынын, ол ит керемет алғыр болатынын айтып зар илейді. (Қазақта «Итала қаздың жұмыртқасынан құмай тазы шығады» деген аңыз бар, қырғыз ағайындарда сол аңыз құмай құспен байланысты айтылады.) Мұны жабайының сандырағына балаған офицерлер құсты асып, сорпаланып, етін рақаттана жеп алады. Сол күні кеште мұртты мұрттай ұшады, іші ауырып, тонға орап, отты лаулата жақса да қалтырап, домалай береді. Келер күні жолға шығып оны Қарақол шәрісіндегі лазаретке жеткізеді. Бірақ, ем қонбады. Офицер 2 аптадан соң сүзектен көз жұмды. Мұртты – орыс саяхатшысы Николай Пржевальский еді. Жазбаларда жиһангездің сүзекпен бұрынырақ ауыра бастағаны айтылатынына қарамастан қырғыз ағайындар оны құмай құстың киесі ұрғанына нық сенеді.
Пржевальскиді зерттеген ағылшын ғалымы Дональд Рейфилдф: «Ол Сталиннен өткен садист болған, Моңғолия мен Тибеттің халқын қырып тастап, жерді казактарға беруді ұсынған. ...әйелдерді, шетелдіктерді, азиаттарды қатты жек көрген. Сөйте тұра тарихта ұлы саяхатшы боп қала берді»,– деп күліпті. Қазақ, қырғыз, моңғол даласын талмай зерттегендегісі патша ағзамның жерін кеңейтіп, азиаттарды қырып тастау екен. Қазір орыс зерттеуішілері «Сталин осы Пржевальскидің баласы» деп жазып жатыр. Ол рас болса әке арманын баласы жартылай жүзеге асырыпты. Бұл басқа әңгіме! Жиһангезді құмай құстың киесі ұрды ма, өзіне ас ұсынған халықтардың наласы тиді ме?!