Үйде өлген адам жатыр...
- Ойбаай, үйде өлген адам жатыр!
- Мынаны біреу сүйреп әкеп тастаған ғой!
- Ойпырмай, өзімізді қырып кетпесін!
Түннің бір уағында үй-ішімізбен шуладық та қалдық. Қорыққанымыздан қарындасым екеуміз шешеміздің бауырына тығыламыз. Үйде әкем де жоқ… Енді қайттік?
Әлқисса, әңгімені әріден бастайын.
Бір күні сол баяғы Лайлыда, тұзды көлге жақындау жерде мал бағып отырғанбыз. Ит үрді. Шешем әпкем Күләнға:
- Қарашы адам келген сияқты ғой?,- деп жұмсады. Әпкем киіз үйдің босағасынан далаға мойнын шығарып қарады да:
- Адам емес, Байбатша екен,- деді.
Колхоздың білдей бір перме бастығын “адам емес екен” дегеніне әкем мен шешем жарыса күлді. Расында Байбатша бізге “адам емес” болатын. Оны үйдің бір мүшесіндей жақсы көретінбіз.
Байбатша перме шай үстінде ертең машина келетінін, жайлауға көшіретінін айтты. Уақыт тым тығыз. Жайлауға дейін кемі елу шақырым болатын шығар. Мал айдасатын адам жоқ. Әкем екеуміз айдайтын болдық. Шынашақтай ғанамын.
Бірақ атқа мінгізсе тебінгенде бүйірін тесіп жібере сақтаймын. Содан ба үйдегі аттар мені көрсе “шегірткенің айғырындай осы сарыдан көрдік-ау көресіні” дегендей құлағын жымқырып, басын шайқап, тіпті жақтырмайтынын ашық білдіріп, “осыдан жақындасаң тебем” дегендей теріс айналатын. Ол мінгенше ғана, мініп алған соң “шегіткенің айғырын” мен көрсетем ғой оларға.
Бұл кезде мен алтыдан асқанмын. Бір әліппенің жұлым-жұлымын шығарып, әріптің бәрімен дос болып та алғанмын. Ежіктеп оқи да аламын.
Сонымен не керек ертесі күні “сам знает Сәрсенбай” шопыр келді. “Кличкасы” солай. Әдеттегідей, шай, қуырдақпен бірге “грүзшік” екеуі бір бөтелкені сыңғытып салды. Тағы бір бөтелкені жол- жөнекей ішетін болып салып алды. Білмеймін біздің ауылда ғана сондай ма, қойшылар көшер алдында бір-екі шишасын “көшкенде шопырға береміз” деп алдын ала алып қоятын. Ішпесе жүрмейтін шопырлар біздің ауылда ғана болған шығар, шамасы.
Сәрсенбай жай жүрмей бір сәбізді күртілдетіп шайнап жүр. Біз - таулықтар шөп жемейміз ғой. Тау жуасынан басқа. Мен тұрмын таңқалып. Есімді білгелі біз сәбізді тек қошқарға беретінбіз. Қой шағылыстыру кезінде әкеліп үйіп тастайтын. Берсеңдер қошқарлардың күйі күшті болады дейтін. Мынау сол қошқардың тамағын жеп тұр. Енді болмаса мүйіз шығып кететіндей көрінді. Елестетіп көрдім. Күлкім келді. Сөйтіп іштей мазақтап тұрсам, біреуін маған ұсынып:
- Мә, сәбіз жейсің бе?- деп қояды.
- Мен қошқар емеспін!- дедім жұлып алғандай. Енді ол аң- таң…
…Түс болмай үйді көшіріп кетті. Әкем екеуміз жұртта қалдық. Ертесі таң атар-атпастан жайлауға қой айдауымыз керек.
Түн салқындау еді. Мен тоңады деді ме, көшкенде алып жүретін ықшам ғана солдат күрегін алды да, жерді ұзындығы мен ені екі шаршыдай болатындай етіп, шынтақ қойы тереңдетіп, шұңқырлап қазып, ішіне сол маңда қалған ағаш-шұғашты салып өртеді. От лаулап жанып жатыр. Үстіне темір шәугімді іліп қойып еді бірдемде шай қайнады. Екеуміз анау-мынау әңгіме айтып, отқа жылынып отырып, шешем тастап кеткен нан, құртпен шай іштік.
Сосын жаңағы от жаққан шұңқырдағы қоздың үстін қайтадан топырақпен жауып тастады. Сөйтті де соның үстіне екі ертоқымды басымызға жастап, аткөрпелерді астымызға төсеп, төсек салды. Біраздан кейін астымыздағы топырақ қызды білем, арқамыз терлей бастады.
…Осы уақытқа дейін тауда, малды ауылда өссем де далада ұйықтап көрмеппін. Аспан шайдай ашық. Жұлдыздардың осынша көп болатынын сонда алғаш рет байқадым. Қандай керемет! Ашық аспан астында әкем екеуміз ғана… Осылай ашық аспан астында ер жастанып, әкемнің рухын сезініп жату қандай бақыт! Бұл күн мәңгі есімде қалды…
- Қорқып жатқан жоқсың ба?
- Жооқ!
- Онда “жаттым тыныш” айтайық…
- Иа. Жаттым тыныш, жастығым пейіш, тілім Құран, тілеуім иман, лә-иллаһи-ил-Аллаһ, Мұхаммад расул Аллаһ! Бісмиллаһ-ир-рахман-ир рахим!
Әкем үйреткен дұғасы. Күнде жатарда осыны айтамыз. Кейін осы дұғаны өзімнің немерелеріммен қайталап ұйықтайтынымды ол кезде білген жоқ едім…
Мен ұйықтап кетіппін. Бір уақытта қойдың шеті дүр ете қалып, тура бізге қарай қотарыла үркіп келе жатқанын көріп шошып кеттім. Иттер абаланып тұра жүгірді.
- Қойға қасқыр тиді!- деді де әкем құрығын ала салып, тұра ұмтылды!
- Қорықпа! Осында бол!- деді жүгіріп бара жатып.
Ең болмаса қолында мылтығы да жоқ. Үкімет те қызық қой. Малшылардың мылтығын тартып алып қоятын. Содан болар олар оны тығып ұстайды. Ашық қару асынып жүруге болмайды. Сондықтан да мылтық көшпен кетті.
Менің жүрегім ауызымнан шығып кете жаздап тұр. Айналам қым-қуыт. Қойдың бір жағы бері үркіп келе жатса, бір жағы ары үркіп барады. Ұшар арс-арс етеді. Бір ит қаңқылдап жатыр. Қой, ешкі маңырап, азан-қазан. Қорықанымнан:
- Айт! Ұшар! Айт!, - деп айтақтап қоям.
Бірдеңе даң-дұң етті. Жүрегім тоқтап қала жаздады. Айнала тастай қараңғы. Тек қойлардың көзі жалт-жұлт етеді. Жанып тұрған көз қойдікі ме, қасқырдікі ме, оны да ажырату қиын...
Арпалыс шамамен он минутқа созылған болар. Содан соң иттің алыстан үрген дауысы естілді. Мен өзімді қаптаған қасқырдың ортасында жалғыз қалғандай сезініп, арқам мен бүкіл құйқа тамырым шымырлап кетті. Шамам жеткені, жыламсыраған дауыспен:
- Жәкеее! - деп айқайладым. Әкемді солай атаймыз. Үн жоқ...
- Жәкеее!
Тағы үн жоқ. Содан соң барып әкемнің итті айтақтаған дауысы жетті құлағыма.
Кішкенеден соң өзі де келді де:
- Жүр, қойды иірейік, үркіп, бытырап кетті! - деді маған үлкен жігітке сөйлегендей- ақ. Бұл маған бір күш берді. Қорыққанымды ұмытып, қолыма құрық алып қойды қайта иіруге көштік. Сәлден соң бәрін ескі қора орнына иіріп, бір айналып шықтық.
Сосын әкем:
- Сен қойға қарай тұр, қасқыр қойды бөліп әкетпеді ме екен, мен атпен иттердің артынан барып келейін,- деп арқандаулы тұрған атына жайдақ міне салып алыстаан иттердің дауысы шықан жаққа қарай шауып кетті. Мен қорқып тұрсам да қой шетінде қалдым.
Содан біршама уақыт өткенде әкем қайтып келді.
Екеуміз таң атқанша айқайлап, ысқырып, қойды күзетіп шықтық. Таңға жуық әкем мені бір сағаттай ұйықтатып алды. Таң қылаң бере аттарды ерттеп, қойды айдауға жиналдық. Жарық түскен соң қарасақ түнде шапқан қасқырлар екі қойдың мойынын бұрап кетіпті. Бірақ тірі. Әкемнің айтуынша қойға үйірлі қасқыр тиген сияқты. Бірі иттерді алаңдатып, екіншілері отарға киліккен. Әбүйір болғанда әкем тура сол қасқыр тиген жағына айқай салып жеткен ғой. Қалай десе де түз тағысы адамнан ығады. Әкем айқай салып жеткенде олар шоқақтап әрірек қашып барып тұрыпты. Осы кезде әкемнің қолына бұрын қойға тұз салып жүрген, кейін түбі түсіп қалған соң лақтыра салған қаңылтыр шелек ілінген ғой, жерден тас алып лақтырмақ болып жанталаса қарманғанда. Соны ала салып құрықпен тарсылдатып сыртынан барабанша ұрғанда мылтықтың дауысынан зәресі кететін қасқыр тосын дыбыстан шошып, тауға қарай тартыпты. Бұл кезде иттер де жетіп, артынан қуғаны сол екен.
- Бұлар үйірімен келіп бос кетпейді, осы бәлелер түнде қойдың бір тобын бөліп әкетпеді ме, қойды санайық,- деді әкем таңертең.
Екеуміз екі жағына тұрып, қойды санаған болдық.
- Жалпы тұяғы түгел, бірақ жаңылдым ба, бір - екі бас кем шықты,- деді ол.
Сонымен манағы жаралы екі қойдың екеуін екі есекке артып қойды. Жолда Тұзкөлде малшыларға қалдырып кетеміз деп шештік.
Қойды айдап бір шақырымдай жүргенде қарға үймелеп жатқан жерге қарай шауып кеткен әкем көңілсіз оралды.
- Бәсе, біліп едім, түнде олар бір қойды бөліп алып, қамалап осында қуып әкеліп,түпкөтере жеп кетіпті. Иттің үруі солай еді…
Шалкөдеге дейін жол ұзақ. Күн ысып кетті. Түндегі ұйқының шала болғаны бар, қиналып- ақ келеміз.
- Балам, шаршадың ба?- деп сұрап қояды арасында.
- Жоқ, аз қалды ғой,- деп қоям жолды білетіндей-ақ. Әлсіздігімді білдіргім келмейді. Әкеме серік болғым келеді.
Сөйтіп әбден шаршағанда қараңғылық түсе жеттік-ау, әйтеуір. Жол жөнекей ішкен тамағымыздың да мәнісі болмай, қарынымыз да ашқан.
Бұл кезде шешем, қарындасым екеуі көршілерді шақырып, киіз үйдің шаңырағын көтертіп тұрып уықтарын қадап, үйді тігіпті. Ішін реттегенше кеш қарайған.Төсектерімізді салып, май шамдарын жағып, күтіп отырғанда күн ұясына бата біз де жеттік. Қойды ескі жұртқа қораладық. Олар да күнұзақ жүрістен шаршаған болуы керек, тез тынышталды.
Пеш қойып үлгермеген соң ыстық тамақ пісіру мүмкін болмайтынын біледі ғой, бізден бұрынырақ көшіп келген көрші қойшы Бегімбет “кешкі асты біздің үйден іше салыңдар” деп шақырды. Ұйқы қысып барады. Қарын ашқаны тағы бар. Көршінің үйіне барып, шай ішіп, түндегі оқиғаны әңгімелеп, біраз отырып үйге қайттық.
Үйге алдымен шешем кіріп кеткен. Бір уақытта:
- Ойбай, үйде өлген адам жатыр! - деп атып шықты!
Кешегі қасқыр шапқаннан кейін қараңғылыққа үрейлеге қарап тұрған менің жүрегім тас төбеме бір-ақ шықты!
- Мынаны біреу өлтіріп, сүйреп әкеп тастаған ғой, үсті басы қан-қан,- деді шешем дауысы дірілдеп.
Қарындасым Күпан қорыққанынан жылап жіберді.
Бұл кезде әкем аттарды жайғастыруға кеткен. Біздің у-шу болып қалғанымызды естіп жүгіріп жетті. Шешем сыбырлап үйде өлі адам жатқанын айтты.
- Оның өлі екенін қайдан білдің?
- Тыныс алмайды... Бет ауызы қан- қан…
- Жарайды, осында болыңдар!
Сөйтті де әкем үйге кірді. Мен де қорқа- қорқа артынан кірдім.
Әкем ананы түртіп көрді. Тірі екен!
- Әй! Тұр! Сен кімсің?- деді әкем әлгіні қаттырақ түртіп. Анау басын жұлып алды.
Ол:
- Әй, сен кімсің? Түнде не істеп жүрсің мұнда?
Әкем:
- Сен не істеп жүрсің? Бұл - менің үйім!
Ол:
- Денің сау ма, бұл менің үйім! Әйелім қайда?
Әкем:
- Сенің әйеліңді қайдан білем!
Ол:
- Сонда мен кіммін?
- Бәсе кімсің?
Мынау өзінің кім екенін білмейді. Сөйте тұра біздің төсегімізге шешініп тұрып, ақ жейде дамбалмен жатып алған. Әкесінің төрінде жатқандай жатысын көрмейсің бе?
Содан не керек, оған төсек салып беріп, өз төсегімізге әрең жеттік.
Таңертең оянып алып:
- Мен мұнда неғып жатырмын?- деп сұрайды әлгі бейшара.
- Үйіңде жатырсың!- деді әкем мысқылдап.
- Қой, бұл менің үйім емес қой. Бұл жерге қалай тап болдым,- дейді шала мас.
- Білмеймін, түнде осында шаңарақтан топ ете қалғансың,- деп күледі әкем.
Біраздан кейін барып бейшара өзінің кім екенін есіне түсірді.
Сөйтсе, ол Айқайтас маңын жайлайтын басқа ауылдың шопаны екен. Қаттырақ тойлап қойып атын ұмытып қалған, сірә. Біздің үйдің тұсына келгенде аттан құлаған ба, әлде көзіне өз үйіндей көрініп кетті ме екен, шешініп тұрып жатып алған ғой.
Шешем самаурын қойып, аспаннан түскен қонаққа жақсылап, қызылдап, қаймақтап шай берді. Әкем атын тауып әкелді.
Мен бірінші рет атын ұмытып қалатын адамның да болатынын көрдім.
…Сол бір күндер. Жұлдызды аспан. Самсаған жұлдыздар астында әкемнің қасында ер жастанып, оның тер сіңген иісін сезініп жатқан кезім… жадымда әлі тірі.
Ал “аспаннан түскен” қонақ қырық жылдан кейін ағайынымыздың алып қашып кеткен қызының атасы болып шығып, бұл жолы біз жақтағылар аттарын ұмытып, әкем мен шешем қаймақтап шайларын ішіп қайтты.
Әділбек Қаба
"Аспаннан түскен қонақ"