Қазақты тура жолға бастайтыны да, адастыратыны да - оқығаны
Қазақты тура жолға бастайтыны да, адастыратыны да - оқығаны. Оқығанын қазақ сыйлайды, соңынан ереді, кәдірлейді, сенеді. Білімді, ақылды, жақсылықты, үлгіні, тәртіпті, ақиқатты, әділдікті, қызметті оқығандардан күтеді.
Оқыған - қара халықтың шырағы (идеалы) болуы керек! Халыққа қызмет қыла білмеген, үлгі, шырақ болуға жарамаған оқыған халықтың ықыласын қайырады, көңілін шығарады. Халықты өзінен алыстатады, өсек арқалайды, пайдасы артық тимейді.
Ақтығында айтпағым - оқығандар өзін-өзі тәрбие қылу керек. Қара халықтан жиренбей, жақын жүріп, сырласып, мұң-мұқтажымен таныс болып, өзі ұлтын сүюге, халыққа өзін сүйгізуге жиһат қылуы керек.
Естеріңізде болсын: қара халықтың мәдениетті болуынан мәдениетті кісінің қазақ болуы қиын, баласына осы бастан ұлт рухын сіңіріп, қазақ өміріне жақындатып тәрбиелеу керек.
Қазаққа аюдай ақырған шенеунік табылуы оңай, ерінбей-жалықпай, бақырмай-шақырмай іс бітірген, терісі қалың, көнбіс, табанды қызметкер табылуы қиын. Халыққа зор кеуде ақсүйектің, ақша жегіш жалтырауық шенеуніктің, сұлу сөзді, құрғақ бектің керегі жоқ.
Оқығандар! Бұл уақыт – жан тыныштық іздейтін, қызық қуатын уақыт емес, қызмет қылатын, еңбек сіңіретін уақыт!
Ойланыңыздар: халық біз үшін емес, біз халық үшін туғанбыз, олай болмаса, мойнымызда халықтың зор борышы, ауыр жүгі жатыр.
Жүсіпбек Аймауытов
«Ұлтты сүю» мақаласынан үзінді (1918жыл)