Байды айласымен алдап түсіріп атын мініп кеткен аңшы
Баяғыда бір аңшы қаз атып алыпты да, үйіне қайтып келе жатып ойланыпты. "Үйде қаз үйрек бар ғой, осыны мына байға тарту етейін деп байдың үйіне соғыпты. Мынаны сізге байладым",- деп байға берсе, байекең тыныш тұрмай:-
- Онда мына қазды теңдей бөл, менің әйелім, екі қызым, екі ұлым бар. Тең бөлсең ат мінгізем,- депті.
Сонда аңшы қаздың басын кесіп алып:
"Елдің басы өзіңіз, бас сіздікі депті. Мойнын кесіп алып "әйел мойын, сіз бен елді жалғаушы" деп мойынын байдың әйеліне беріпті. Екі қанатын кесіп алып "қыз жат жұрттық, ұшады да кетеді, екі қанаты екі қызыңыздікі" деп қанатын қыздарына беріпті. Екі аяғын кесіп алып "Екі ұлыңыз сіздің артыңыздан ерген ізіңіз" деп екі ұлына беріп, қаздың денесін қолына алып:
- Мынау кеудесі, бұл біздер, қара халық,- деп денесін өзі алыпты. Бай ырза болып астына ат мінгізіп жіберіпті.
Осы оқиғаны естіген бір басқа аңшы, бес үйрек атып алып байдың босағасына байлапты. Сонда бай:
- Мына бес үйректі теңдей бөл, бөле алсаң астыңа ат депті.
Анау бір-бір үйректен берсе жетпей қалып, жарты үйректен берейін десе асып кетіп, әбден миы қатыпты. Қысқасы бөле алмапты.
Сонда бай тұрып:
- Өткендегі аңшыны шақырып келіңдер, сол бөліп берсін деп аңшыны алдырыпты.
Аңшы келіп бір үйректі алып байға ұстатып:
- Мына үйрекпен сіз әйелің екеуіңіз үшеу болдыңыздар, мына бір үйрекпен екі қызыңыз үшеу болды, ал мына бір үйрекпен екі ұлыңыз үшеу болды, мына қалған екі үйрекпен мен үшеу болдым деп екі үйректі үйіне алып кетіпті.