Әйелдердің сәлем салуын доғаратын кезі болды

Oinet.kz 01-11-2022 3105

Қазақ халқының бірегей ұлт екенін танытатын ежелден келе жатқан тәрбиелік мәні зор әдет-ғұрыптарының бірі – «Сәлем салу».

Screenshot_7.jpg

Бүкіл тіршіліктің өзегі адамның бірін-бірі сыйлауда екеніне ешкім де дау айтпайды. Бабаларымыз өмірдің қым-қиғаш қалтарыстары өте көп екенін білгендіктен, қоғамның әр мүшесінің орнын нақты белгілеп берген. Ата мен ененің орны, қайын аға мен қайын бикенің, қайын іні мен мен қайын сіңлінің, жеңгелердің, абысындардың басқа да туған-туысқандардың орны қазақтың жазылмаған жүріс-тұрыс заңында анық белгіленген. Әдет-ғұрыптар өзіндік бір ереже тәріздес. Келіндер үлкендермен сәлем салу арқылы амандасады. Қолын төмен салып екі қолын қиыстырып, тізесін сәл бүге иіліп сәлем жасайды. Келіннің сәлем беруі, ең алдымен, алдыңдағы адамды құрметтейтінін білдіреді. Сол арқылы сәлем берген адамына жақсы көңіл-күй сыйлайды. Сондықтан риза болған адам сәлемді қабыл алып «бақытты бол», «үбірлі-шүбірлі бол» деген секілді тағы басқа тілек айтуы абзал. Басқа кісілер, қайындары, абысын-ажындары өздерінше жауап беретін болған.

Келін деген келген дегенді білдіреді. Сәлем салу, ең алдымен, үлкендерді сыйлау үшін пайда болған ғұрып. Келіндерге сәлем салдыру қоғам мүшелеріне өздерінің қоғамдағы алатын орнын есінен шығармасын деген есеппен жасалынған.

Сәлемді тек әйел баласы ғана жасайды. Әйелдердің бәрі де біреудің мәпелеп өсірген қызы. Қазақ болмысында қыз баланы ерекше көрген. Еркелетудей еркелете жүріп, жалғыз болса ұл балаша киіндіріп еркекшора етіп өсірсе де уақыты келгенде оған болашақта басқа елге келін болып баратынын, ана болатынын көбінесе көңілін қалдырмай ыммен білдіріп, керек кезінде ауызба-ауыз әңгіме үстінде де түсіндіріп отырған.

«Қыз жат жұрттық», «Қыз қонақ» екенін әсте естен шығармайтын болған. Егер біреу қыз баланы байқамай, ренжітер болса, ол адамды «немене, қыздың қонақ, жат жұрттық екенін ұмыттың ба» деп тыйып тастайтын.

Айта кету керек, «Келін» деген сөздің түбірі «кел». «Келін» деген сөз «келген» деген сөзден пайда болған. Ұл баласына өмірлік жолдас болуға келген жас қыз баласын ата-анасы қойған есімімен атамай «Келін» деп қоғам мүшелеріне шектен шықпаңдар, көңілін қалдырмаңдар, әулеттің жаңа мүшесі ретінде келген бұл қызбала өздерің сияқты бір жұрттың мәпелеп өсірген перзенті екенін ұмытпаңдар, деген оймен пайда болған ұғым.

Сәлем салуды алғаш рет келін болып түскенде беташарда жасайды. Екі келіншек жаңа түскен келінді білегінен ұстап бет ашатын ақынның өлеңіне сәйкес сәлем салдырып тұрады. Ең алдымен келін түскен жердің ата-бабаларына, содан соң әулеттің ақсақалдарына, жасы үлкен аналарына, күйеу жігіттің ата-анасына, туған-туыстарына т.б. сәлем салынады. Беташар дан кейін жас келіншек күнделікті түрде сәлем жасайды.

Келін төркінінде сәлем салмайды. Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» атты өмірбаяндық кітабында әпкесінің ауылға қонақ болып келгенін жақсы суреттейді. Бала Бауыржанның жездесі әйеліне әзілмен бір ескерту жасайды. Сонда Бауыржанның әпкесі күйеуіне:

Мен сенің үйіңде әйеліңмін. Ал өз үйімде қызбын, деп әдемі әзілмен жауап қайтарып, бүкіл туыстарын күлкіге қарқ етеді.

Әйелдердің әйелдерге де сәлем жасайтын кездері болады. Мысалы жасы және жолы үлкен әжелер, бәйбішелер өзінен жасы кіші абысындарына, келіндеріне тамақтың дәмдісін ұсынғанда әйелдер орнынан тұрып сәлем жасайды.

Қазақтың қай жырын, әдеби шығармаларын қарасақ та сәлем салу ғұрпын айналып өтпейді. Жалпы, «Сәлем салу» ғұрпы келіннің әулетті жақындастыратын құралы десе де болады.

Қазақтың келіндері барған жерінің ата бабаларын да аты аталғанда сыйлап сәлем салатын болған. Мысалы, Мұсатай Бекболатұлы Ақынжанның атақты жазушы Мұхтар Әуезұлы туралы «Шыңғыс топырағында» атты естелігінде мынадай бір оқиға суреттелген: «Шыңғыс бөктеріне Мұхтар есімімен ілесе келген жаңалықтың бірі –«Еңлік-Кебек» пьесасының қойылуы болды. 1917 жылы қойылған бұл спектакль ауыл-ауылға мүлде аңыз боп тарап кетті.

Мұхтар екі үйді түптестіріп тіктіріп, сахна құрып, ешкінің қылынан сақал жапсырып Қабекемді көрсетіпті, қолына қобыз беріп, күй тарттырып Абызды жасапты. Қабекем болып Мұхтардың ағасы Ысмайыл ойнапты. Ауылдың келіндері сахнадан атасын (Қабекем-Кеңгірбай) көргенде, өзі екен деп таңырқап, орнынан тұрып сәлем етіпті». Қазақ табиғатын түсінбейтіндер бұны біртүрлі қызық көруі мүмкін. Бірақ естелікте айтылғандай, қаншама уақыт бұрын дүниеден өткен Кеңгірбай биге келіндердің сәлем салғаны, осы ғұрыптың қазақ тұрмысында өте ертеден орын алғанын растайды.

„Аманкелді батырдың суретін көрген келіндері сәлем салды„

Және де бұндай оқиғалар қайталанып отырғаны белгілі. Мысалы, суретші Әбілхан Қастейұлы фотосуреті сақталмаған Аманкелді Иманұлының бейнесін салу үшін батырдың туған жеріне барған. Сол сапары кезінде батырдың көзін көрген қаруластары және туыстарымен сұхбаттасу нәтижесінде Аманкелді Иманұлының суретін салады. Біраз уақыттан соң Қазақстан басшылығы суретшіге Торғай өңіріне тағы бір рет баруына өтініш білдіреді.

Батырдың суреттері ілінген бөлмеге Аманкелдіні көрген адамдарды қай сурет дұрыс екенін айтсын деп, бір-бірден кезекпен кіргізген. Сонда бөлмеге енген әйелдер батырды суреттен танып, сәлем жасапты.

Әйелдердің сәлем салуын доғаратын кездері де болады. Бұндай жағдай «Абай жолы» роман-эпопеясында суреттелген.

Жасы келіп, әулеттің анасы атанған әйел, үлкен үйдің алдына келіп, есікке қарап тұрып, тізесін бүгіп, соңғы рет сәлем жасайды.

«Салем салу» қазақ халқының әдет-ғұрыптарының әдемілерінің бірі.

Бердалы Оспан, мәдениеттанушы

Апамды жек көріп кеттім
Тұлпарды тезегінен таныған Қанай сыншы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу