Валентина Куликова: «Қазіргі журналистика ақшаға, тапсырыс берушіге тәуелді»

Oinet.kz 24-01-2013 1047

Еліміздегі ең алғашқы аймақтық тәуелсіз телеарналардың бірі – «Отырар» телеарнасы 20 жылдық мерейтойын атап өткеніне көп бола қойған жоқ. Жиырма жыл бойы көрермендеріне жедел жаңалықтарын, қызықты бағдарламаларын ұсынып келген «Отырар»  жас журналистер үшін үлкен мектеп болғанын, кәсіби мамандардың ұстаханасы атанғанын мойындауымыз керек. Бүгінде облыстық, республикалық ақпарат құралдарында еңбек етіп жүрген талай журналист «Отырарда» шыңдалып, тәжірибе жинады. Осы жас  журналистердің талантын ұштаған телеарна директоры Валентина Куликовамен болған сұхбатымызды назарларыңызға ұсынып отырмыз.   

Screenshot_2.jpg

- Валентина Куприянқызы, тәуелсіздік алғалы бері отандық журналистикамен бірге дамып келе жатқан телеарнаның өткені мен қазіргі жағдайы, қызығы мен қиындығы туралы не айтасыз? Салыстырмалы түрде алғанда жеткен жетістік қайсы, әттеген-айы қайсы?

 - Әрине, тоқсаныншы жылдардың басында біздің жұмысымыз әлдеқайда қызық болатын. Себебі, ол кезде нағыз тележурналистиканы өзіміз де, қоғам да енді тани бастаған едік. Ол кездері ұжымдағы қызметкерлердің барлығы энтузиасттар болатын. Күндіз-түні телеарнаның жұмысымен жүре беретінбіз. Сондағысы ешкім табыс табуды ойламайтын. Ақша мәселесіне ешкім бас ауыртпаған, себебі ақша да жоқ кез.  Есіл-дертіміз - шығармашылық ізденіс, мықты телеөнімдер жасау еді.  

- Сонда қазіргі журналистерде энтузиазм байқалмай ма?

- Заман өзгерді, заманмен бірге журналистер де өзгерді. Ойлап отырсам, бұрынғы журналистика нағыз тәуелсіз ақпарат құралы екен. Бұйрық, тапсырма беретін қожайындар жоқ. Ал қазіргі журналистика ақшаға,  тапсырыс берушіге тәуелді.  Әрине, журналисттің  шеберлігі қазір де жоғары бағаланады. Дегенмен, бұрынғыдай энтузиазм, идея үшін аянбай еңбек ету бүгінде кездеспейді. Оның үстіне, қазір жұмыс істеу де анағұрлым қиындай түсті. Ұжымдағы 120 адамның жалақысын уақытылы беріп отыру керек. Тағы бір мәселе – жас мамандардың кәсіби деңгейі төмендеп барады. Жоғары оқу орнын бітіріп келген мамандардың біліктілігі өте төмен. Сонда 4 жыл бойы олар нені оқыды? Жуырда ғана Алматыдағы беделді жоғары оқу орнын журналистика мамандығы бойынша бітірген қыз жұмыс іздеп келді. Қолында қызыл дипломы бар. Онысын қайтейін, мақаланы мүлдем жаза алмайды.  Журналистиканың жаңа форматтары, жаңа стилі туралы мүлдем хабарсыз.  Бір қуантары – журналистикаға  қызығушылығы бар екен. Амал жоқ, өзіміз тәрбиелеуімізге, былайша айтқанда, жаңадан оқытуға тура келеді.   

- Сіздіңше, журналист қандай болуы керек? Шығармашылық ұжымның басшысы ретінде жас маманға қандай талаптар қоясыз? 

- Бұрын журналистің жекелеген сала бойынша мамандануына қарсы болатынмын. Мен газет немесе телеарнаның қызметкері әмбебап, яғни, экономика, мәдениет, экология тақырыптарында жаза білуі тиіс  деп санайтынмын.  Кейін бұл көзқарасым өзгерді. Өйткені көрермен, оқырман  сапалы ақпаратты талап ете бастады. Ал, сапалы дүниені жасау үшін журналист өз саласындағы ахуалды жете білуі қажет деп ойлаймын.

 - «Отырардан» талай талантты журналистердің түлеп ұшқанын мақтан тұтатын шығарсыз?!

- Мақтанатындай жөніміз бар, бірақ, екінші жағынан алғанда  белгілі деңгейде реніш те бар. Өзіңіз қараңыз. Біз жаңа формациядағы, жаңа стильдегі журналистерді тәрбиелеп шығуға ден қойдық. Оларды оқытуға, кәсіби шеберлігін арттыруға қыруар шығын жұмсаймыз. Яғни, журналист газетке, сайтқа арналған мақала  жазып, телесюжет даярлай  білуі керек. Фотоаппаратқа, бейнетаспаға түсіре білуі тиіс. Мұның барлығы әр-түрлі жанр, әрқайсысының өз стилі, ерекшелігі бар. Алдыңғы жылдарда  Мәскеуден, Алматыдан арнайы мамандарды шақырдық. Тіпті американдық ұстаздар болды. Мұның барлығы қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға мүмкіндік берді. Ал, енді сол біз оқытқан мамандар арада біраз уақыт өткен соң басқа телеарналарға ауысып кететіні бар. Бұрынғы кадрларды айтпай-ақ қояйын, жуырдағы ауыс-түйістерден мысал келтірсем, Лиля Шаймарданова  «Хабар» арнасына кетті. Алғашқыда балалар редакциясына келіп, телеарнамызда жеті жылға жуық жұмыс істеген   Катерина Попкова жаңадан ашылған «24.kz» телеарнасына  ауысты. Ең қиыны - көп ретте мұндай кадрлық өзгерістер аяқ астынан болады. Әп-сәтте білікті қызметкерімізден айрылып, оның жүгін арқалап кете алатын журналист таппай қиналамыз. Әрине,  шәкірттеріміздің көптігімен  мақтанамыз. Рас, олар бізге кей-кейде көмектесіп тұрады, ақпаратпен бөліседі. Бірақ, жалпы алғанда телеарнаның жұмысына нұқсан келеді ғой. 

- «Отырардың» тоқсаныншы жылдардағы командасы қазір қайда? Хабарласып тұрасыздар ма?

- Хабарласып тұрамыз, әрине. Өмірімді «Отырарсыз» елестетпеймін. Телеарнаның дамуына үлес қосқан азаматтардың орны мен үшін әрдайым бөлек. Любовь Доброта «Казахстанская правда» газетінің меншікті тілшісі. Тұңғыш операторымыз Бернгард - Германияда Үкімет, Парламентте жұмыс істейді. Соломина Мәскеуде. Жалпы, қазір Мәскеуде бұрынғы командадағы 5 қызметкеріміз тұрады. Қазіргі шығармашылық ұжым «Отырардың» төртінші толқыны. 

- «Отырар» болашақта Астана, Алматының телеарналарымен бәсекеге түсе ала ма?

- Біз алдымызға ондай міндетті қоймаймыз да. Неге екенін түсіндірейін.  «Отырарда» 6 жыл жұмыс істеген соң Хиллари Клинтонның арнайы шақыртуымен  Америкаға бардым. Ол елде 26 күн болып, түрлі қалаларын араладым. Осы кезеңде америкалық қоғамда «аймақтық телеарналардың болашағы қандай?» деген мәселе қатты талқыланған екен. Атланта қаласында жүргенімде, қала тұрғындары ең әуелі жергілікті құндылықтарды аса қатты бағалайтынын байқадым. Яғни, жергілікті телеарнаның басты кейіпкері – Атлантаның тұрғыны. Біздің жаңалықтар үкімет отырысымен басталса, олардың бағдарламасы экология және ауа райы жайлы ақпаратпен ашылады. Міне, осы формуланы жақсы ұққан аймақтық  телеарналар ғана өміршең бола алатынын жақсы түсіндім. Сондықтан, біз ешуақытта республикалық телеарнаға айналмаймыз. Біздің негізгі көзіріміз – Оңтүстіктің халқына қажетті тақырыптар – экология, ауа райы, денсаулық, балалар мен жасөспірімдер, тәрбие мәселелері. 

Рас, бәсекелестік аса қажет дүние. Онсыз шығармашылық тұрғыда өсу мүмкін емес. Бірақ, шынайы бәсекелестік болса екен деймін. Әйтпесе, біздің кейбір тележобаларымызды көшіріп алғандар да кездеседі. Жалпы, «Отырар» телеарнасының рейтингісі жоғары. Осыдан үш жылдай бұрын жекеменшік компания Оңтүстіктің телеаудиториясын зерттеп, мониторинг жүргізіпті. Сонда рейтингте біз бірінші орынға шықтық.  Бұған қатты таңқалдық. Екінші таңғаларлық жайт – орыстардан гөрі «Отырарды» қазақ тілді аудитория көбірек тамашалайды екен. Жасыратыны жоқ, жұртшылық бізді әдетте орыстілді телеарнаға жатқызады.  Бұл бұрыннан қалыптасқан стереотип шығар, әйтпесе «Тіл туралы» заңның талабын толық орындаймыз. Бұл зерттеуге аса сенбей, өз тарапымыздан да әлеуметтанушыларға тапсырыс беріп, мониторинг жүргіздік. Сөйтсек, шынында да – негізгі көрерменіміз қазақ тілді тұрғындар болып шықты. Миллионнан асатын аудиториямызда ер азаматтардың үлесі басым екенін де анықтадық.  

 - 20 жыл ішіндегі ең сәтті, табысты жобаны атасаңыз. 

- Телеарна тарихында «Час без родителей» атты балаларға арналған хабардың жеңісін ерекше бағалаймын. Осыдан бірталай жыл бұрын республикалық деңгейдегі байқауға қатыстық.  Көп ұзамай ұйымдастырушылар бізге шақыру жіберді. Отандық тележурналистиканың  майталманы Марат Барманқұлов төрағалық еткен бұл байқауға бізбен қатар «Хабар», КТК сияқты азулы республикалық телеарналар қатысқандықтан анау айтқандай үмітіміз жоқ еді. Жүргізуші  «байқаудың жеңімпазы – «Час без родителей» бағдарламасы» деп айтқанда шалқамыздан түсе жаздадық. Жанымызда отырған «Хабар» мен КТК өкілдерінде үн жоқ! Сол байқаудың бас жүлдесі біздің мұражайымызда сақтаулы. Бұл, сөзсіз, республикалық деңгейдегі үлкен жеңістеріміздің бірі.  

- Болашаққа арналған қандай жаңа жобаларыңыз бар?

- Бірқатар жақсы идеяларымыз бар. Бірақ, оларды жүзеге асыруға сапалы кадр мен қаражат керек. Мейлі, қаражат мәселесін шешуге болады, мықты мамандардың тапшылығын қалайша айналып өтесің? Әйткенмен, үмітім жоқ емес. Ойымдағыны жүзеге асыруға әрекеттене бермекпін. Әлі де көрермендерді сапалы дүниелермен қуанта алатынымызға сенімдімін.  

- Әңгімеңізге рахмет!

Шымкенттегі Шанин театрынан шу шықты
Тони Блэр Төле би бола ала ма?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу