Шымкенттегі Шанин театрынан шу шықты
«Бір адамның мүддесі үшін қарашаңырақты қаралау ақылға сыймайды. Алматыдағы Лермонтов атындағы мемлекеттік орыс драма театрының директоры әрі көркемдік жетекшісі Рубен Андреасян Шымкенттегі театрдың жағдайымен жақсы таныс па еді? Халық әртісі Маман Байсеркенов соңғы рет Шымкентке қай жылы келгені есінде ме? Ал, осы театрда өздерінің шығармашылық кештерін өткізіп, медаль алып, марапатқа бөленіп, тіпті кейбірі «темір тұлпар» мініп кеткен азаматтардың баспасөзде жариялаған бір ғана хатымен Оңтүстіктің мәдениетін жоққа шығарып, теріс баға бергенін түсіне алмай отырмыз».
Осы аптада Шымкенттегі Жұмат Шанин атындағы қазақ драма театрының басшылары, бір топ әртістері баспасөз мәслихатын өткізіп, осындай мәлімдеме жасады. Оқырманға түсініктірек болу үшін мәселеге кеңірек тоқталайық.
Қаңтар айының 3-і күні облыстық мәдениет басқармасы бастығының бұйрығымен жоғарыда аталған театрдың көркемдік жетекшісі, Халық әртісі Ерғали Оразымбетовпен арадағы еңбек келісім шарты бұзылады. Іле-шала жергілікті, республикалық басылымдарда, теларналарда Ерғали Оразымбетовты жазықсыз жұмыстан қуылған, тіпті, мәдениет басқармасы тарапынан қуғын-сүргін көрген азамат ретінде көрсеткен материалдар бұрқ ете түсті. Асанәлі Әшімов, Дулат Исабеков, Әшірбек Сығай, Тұңғышбай Жаманқұлов сынды сахна өнерінің мүйізі қарағайдай ығай мен сығайлары қол қойған хат «Жас Алаш» газетінде жарияланды. Хатқа қарағанда Оңтүстікте өнер өсіп емес өшіп жатыр. Режиссерлерді қуғындау, басшылардың ыңғайына көнбегендерді жұмыстан шеттету сияқты жайттардың орын алғаны айтылады. Театр ұжымы мұнымен келіспейді.
Бастарбек Пірімбетов, Ж.Шанин атындағы қазақ драма театрының директоры:
--Хаттың алдын ала осы жақтан дайындалғаны байқалады. Бәрінен бұрын бізге ауырлау тигені «Шанин театры мүлдем құлдырап кетті, топ-топқа бөліну, бас режиссерлерді қудалау белең алып барады» дегені болып отыр. Бұл шындыққа жанаспайды.
Ерғали Оразымбетов 2011 жылдың 10 қаңтарында театрға көркемдік жетекші ретінде менің ұсынуыммен, мәдениет басқармасының бұйрығымен тағайындалған. 2012 жылдың соңында облыстық мәдениет басқармасы тарапынан келісім-шарттың бұзылатыны туралы ескерту хат жолданды. Мұндай шешім Ерғали Оразымбетовтың денсаулығының сыр беріп, жұмысқа шықпауы жиілеген соң жасалды. Осы екі жылда екі қойылымды ғана сахналады. Ал, көркемдік жетекші өзіне жүктелген міндет бойынша жаңа қойылымдар туралы ізденістер жүргізіп, шығырмашылық топтардың жұмысын үйлестіруі тиіс. Ол тек сахналық қойылымдар ғана емес басқа да іс-шараларға атсалыспады. Былтыр театрда Дулат Исабековтың, Мұхтар Шахановтың, Айша Абдуллинаның мерейтойлары өтті, бұдан бөлек басқа да мерекелік шаралар бар. Тікелей міндеті екеніне қарамастан Ерғали Оразымбетов бұлардың ешқайсысына қатыспады.
Өтеулі Тастанбеков, театрдың қоюшы режиссері:
--Оразымбетовтың көркемдік жетекші болып келген екі жыл ішінде ол бізге екі минут та уақытын бөлген емес. Көркемдік шығармашылық жайында пікір алысқан емес.
Ошат Рахимов, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі:
--Ерғали Оразымбетов театрымызға келген кезде қуанған едік. Бірақ ол атақ-даңқына лайық жұмыс істей алмады. Көркемдік жетекші деген театрдағы барлық шығармашылық жұмысына басшылық жасауы керек емес пе?! Оның бұл міндетті атқаруға шама-шарқы жетпеді.
Оразымбетовты сыртқа тепкеніміз жоқ. Қайта қолдадық. «Көркемдік жетекші болуға мүмкіндігіңіз болмаса, қоюшы режиссер болыңыз» дегенбіз. Өйткені театр шығармашылық ұжым. 150 адамның жұмысына бас-көз болу оңай емес. Сондықтан басшылықтың онымен келісім-шартты бұзу жөніндегі шешімін қолдаймын.
Сапар Өтемісов, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Парасат» орденінің иегері:
--Қанша жерден атақ-даңқың жер жарып тұрса да алдымен адамгершілік болу керек. Адамгершілік жағына келгенде Оразымбетов өзінің мақсаты үшін бәрін таптап кетеді. Келгеннен кейін «шалдарды құртыңдар, олар тұрғанда ешқандай шығармашылық болмайды» деді. Одан кейін жастарға тиісті. Сексен жылдық тарихы бар театр ол үшін түкке тұрғысыз. Келер жылы сексен жылдыққа қандай дайындық бар деген адамға Оразымбетов: «Сексен жылдық кімге керек, не үшін керек?» дейді.
Баспасөз мәслихатынан түсінгеніміз, әріптестері Ерғали Оразымбетовтың шығармашылық қарым-қабілетіне дау айтып отырған жоқ. Еңбек келісім-шартының бұзылуын оның жасының жетпіске алқымдап қалғанымен байланыстырып отырған да ешкім жоқ. Бар гәп көркемдік жетекшінің өзіне жүктелген міндетті атқара алмағандығында болып отыр. Десек те, Ерғали Оразымбетовтың шығармашылық ұжыммен тіл табыса алмауы, мінезінің адуындығы, бірбеткейлігі, әртістерді бет-жүз демей түкке тұрғысыз ететіні көпшілікке жасырын емес. Осы мінезі үшін өзі қызмет еткен Қызылордадағы Н.Бекеженов атындағы драма театрының ұжымымен тіл табыса алмағаны кезінде республикалық ақпарат құралдарында жан-жақты жазылды да. Оған кеңірек тоқталып кетудің қажеті жоқ шығар.
Мұрағатттан: 24.01.2013