Іштегі кір деген не? (қисса)
01-04-2021
Бірде Әзіреті Әли жолда келе жатқан бір шалдың алдынан менсінбей кесіп өтіпті. Оны көрген Мұхамбет пайғамбар Әлиден:
– Әли, қарттың алдын неге кестің? –деп сұрайды. Ол:
– Ол кісі мұсылман болмаған соң, ондай құрметке лайық көрмедім, –
дейді. Пайғамбар:
– Әли, есіңде болсын. Үлкен кісіге құрметі жоқ адамды Тәңірісі де
сүймейді. Ол мұсылман болмаса да, сақалының ақтығы сенің бәсіңнен артық болуы әбден мүмкін. Барып, одан кешірім сұра, – дейді. Әли қайтып келіп,
қариядан кешірім сұрайды. Ол:
– Неге кешірім сұрайсың? – деп қайран қалады.
– Мен тәкаппарлықпен жолыңызды кесіп өттім, сізді менсінбедім, – дейді. Ол кезде қария Қызыр бабаға айналып:
– Әли, мен сені сынап едім. Егер артыңа қайырылмай кете бергеніңде, тәкаппарлық сені тозаққа түсірер еді, – деді. Әлидің өзін жеңе білетін батырлығына риза болған Қызыр баба оған батасын береді. Әли бір апаттан
аман қалғанына шүкірлік айтып, пайғамбарға келеді. Расул:
– Әй, Әли, мен саған: «Ол қарттың сенен бәсі артық», – деп айтып
едім ғой. Бұдан былай үлкеннің алдын кеспе, – дейді. Пайғамбардың бұл сөзі қауымға тез таралып, келе-келе көркем сүндеттерінің бірі болып бекіпті.
Отбасы хрестоматиясынан