«Өлмейтін амбиция». «Өркениетті адам» кітабынан үзінді
Британдық ғалым Карен Армстронгтың «Тәңірдің шежіресі» (The Case of God) деген еңбегін оқып отырып, ғалымның діни ритуал мен рухани құбылысты сараптау қабілетіне таңғаласың. Адамның ойына келмес қызық талдау жасап, адам ақылын матаудан азат етуге жәрдемін тигізеді.
Бұрын спорттың экстремалды түрімен айналысатын жанкештілердің қауіпті трюктарын көріп таңғалушы едім. Тік шаншылған таудың төбесіне шығып, шаңғымен төмен зулағанда зәрең ұшады. Қит еткен қате қимыл спортшы өмірін қиып түседі. Кейбірінің ғұмыры қиылып та кетті. Көбі сол сынақтан аман шығып, елді шулатып жатады. Олардың жыл сайын ойлап таппайтын бәлесі жоқ. Мотоциклмен сальто тастайды. Теңіздегі таудай толқын арасына кіріп серфинг теуіп, ажалмен ойнайды. Таудың ұшар басында жалғыз аяқ жолмен великке мініп
зымырағанда жүрегің аузыңа тығылып, әзер отырасың. «Ойпырмай, бұлар неге өлімнен қорықпайды?» деп бас шайқайсың.
Ғалымдар осы құбылыстың сырын Франциядағы Ласко үңгірінен байқайды. Үңгірге кіру үшін 25 метр жер астына түсу керек. Сосын жылт еткен сәуле жоқ, тас қараңғы дәлізбен еңбектеп жылжып отырасың. Батыс, шығыс, желдік, түстік деген бағыт-бағдар толығымен жойылады. Санаң қараңғы кеңістікте тірек таппай сансырап қалады. Осылайша тас қараңғыда сипаланып келе жатқанда жетекші гид жарқ еткізіп шам жағады. Сол кезде тас төбеде жыбырлап жатқан жануарлар бейнесі бар назарды өзіне тартып, миыңды шырмап алады. Жылқы, бұғы, бұқалар үйірімен жөңкіліп барады. Тап осындай сурет салынған үңгір – жалғыз бұл емес. Франция мен Испанияда мұндай үңгір саны үш жүзге жетіп жығылады. Ондағы суреттер әр деңгейде салынғанмен бәрінің мотиві ұқсас. Бәрі 33 мың жыл бұрын салынған. Белгілі бір дәрежеде 20 мың жылдай адам ұрпағына қызмет етті. Б.д. бұрын 9 мың жылдықта адамдар бұл үңгірлерді тастап кеткен.
Бірақ «Бұл суреттер не үшін салынды?» дегенге нақты жауап жоқ. Көбі діни рәсімге сай салынды деп болжайды. Енді бірі дінге қатысы жоқ деп дәлелдейді. Бірақ мұндай көзқарас қисынға келмейді. Себебі үңгірді күтіп ұстау – өте қиын. Кейбір суреттер үңгірдің ең түкпіріне салынған.
Оларға жету үшін сағаттап жүресің. Кейбір тұсында тас қуысқа қысылып, еңбектеп, тырбанып әзер қозғаласың. Жалпы мұндай үңгірге кіріп-шығу – өте тиімсіз. Себебі оларға баратын жолдар да қорқынышты. Тар қапас дәлізбен жүріп өту көп қажыр-қайратты талап етеді. Міне, осы арада «Бұл суреттер қиын қуысқа не үшін салынды?» деген сұрақтар миға шаншудай қадалады. Бұларды ермек үшін салмағаны анық. Егер суретті мақтан үшін салса, тас қараңғы үңгірге неге жасырған? Сірә, халық оны ешқашан рақаттанып, тамашалап көре алмас. Әрі-беріден соң суретшілер неге құлпырған табиғатты емес, санаулы жан-жануардың суретін шималай берген? Біздің заманда әбден рационалды ойлап үйренген адамдар образбен ойланғанды жақсы көретін көне заман адамын жете түсіне алмайды. Бар қиындық осы арада жатыр.
Ғалымдар тастағы барлық суретті салыстырып, бәріне тән ортақ ұқсастық тапты. Суретте санаулы жан-жануар мен трансқа түсіп билеп жүрген шамандар бейнеленген. Ғылыми тұжырым бойынша шамандық өнер палеолит дәуірінде Африка мен Еуропадан бастап Сібірге дейін жеткен. Cол аймақтан Америка мен Аустралияға тарады.
Аңшылықпен күн көретін кейбір жабайы тайпаларда шамандар – әліге дейін басты діни фигура. Одан бері талай заман өтті. Өркениеттер сапырылысып, талай мәдениетті өзгертті. Сонда да ХІХ ғасырға дейін шамандықтың негізгі жүйесі сақталып қалды. Отты айналып билеп жүрген шамандар көптің алдында трансқа түсіп құлайды. Ел-жұрты олардың жаны жарты әлемді шарлап, Құдаймен тілдесіп, қайырлы аңшылықтан хабар алып келеді деп сенді. Бүкіл тіршілігі аңшылыққа тәуелді болған соң шамандар да жан-жануармен жанымыз бірге деген түсінікке бекіді. Аңдарды ұлықтап, құрметтеудің неше түрін ойлап тапты. Кей тайпалар аңды қинап өлтірмес үшін түрлі әдіс ойлады. Жануарды атып құлатқан аңшылар хайуанның демі үзілгенше қасында жылап, жоқтап, басын сүйеп, қиналып бірге отырды. Тіпті діндегі аңды құрбандыққа шалатын рәсімнің де түп бастауы осы жақтан шыққан болуы мүмкін. Себебі адам үшін жан беріп, аштықтан сақтап тұратын аңды қалай құрметтесе де ақысы ғой. Үңгірдегі суретке қатысты неше түрлі мистикалық әңгіме жетіп артылады. Олардың бәріне анық анықтама беріп, кесіп үкім айту өте қиын. Бәрі де – жорамал.
Кезекті бір гипотеза бүй дейді: Ежелде бұл үңгірді бозбаланы жігіттікке қабылдау үшін қолданған. Көне діндерде ондай ритуал көп кездеседі. Ұл бала кәмелетке жеткенде оларды анасынан айырып, қорқынышты сынаққа жіберіп, жаужүрек батыр жасап шығатын. Ол кезде қазіргідей «Ер жеттің. Енді өмір жолыңды өзің тап» деп еркіне жібере алмайды. Бір түннің ішінде жеткіншек атпал азаматқа айналып шыға келуі тиіс. Ол үшін жас баланы табытқа салып тірідей көмеді. Көміп жатып: «Сені қазір жезтырнақ жеп қояды» деп қорқытады. Баланы қайтадан қазып алып, сүндеттейді, терісіне түрлі татуировка салады. Егер осы үрдістің бәрі сәтімен аяқталаса, бозбаланың тұла бойында бұйығып жатқан батырлық қасиеттер ғайыптан бұрқ ете қалуы керек.
Психологтардың пікірінше мұндай тәжірибеден соң бала бойындағы күш-қуат қорқыныштан ыдырап кетіп, әдемі тәртіппен қайта реттеліп, қайтпас қайратқа айнал- мақ. Ол ажалмен бетпе-бет келген соң психологиялық тұрғыда елі үшін жанын қиюға дайын тұрады. Әлбетте, бұл ритуалдың мақсаты бозбаладан адамды аяусыз қыра беретін машина жасау емес. Олар осы сынақта өз тайпасының эзотерикалық мифологиясымен түгел танысып шығады. Аңдар әлемі мен арғы дүниеде қайта тірілуіне септесетін жан-жануарлар туралы жан-жақты мәлімет алып, танымы тереңдейді. Санасында қалайда тірі қалуға деген ұмтылыс қарқынды күшейе түседі. Мұндай тәлім-тәрбиені қазіргі біліммен әсте салыстыра алмайсыз. Бұны өнер арқылы санаға сіңетін біліммен салыстыруға болады. Мысалы, шедевр картиналар, поэмалар, пьесалар адам танымын өзгертіп жібере алады. Логикалық тұрғыда оның әсерін суреттеп айта алмайсың. Бірақ интуитивті түрде сезіп тұрасың. Өнердің құдіреті де сонда, яғни тілмен айтып жеткізе алмас тереңдегі сезім тетіктерін өте сезімтал етіп ширатады...