Тоқылдақтың пайда болуы туралы қисса
Мұса пайғамбардың қауымында қолының сұғы бар бір ұры болыпты. Қауымында одан зиян шекпеген адам қалмапты. Төңірегін түгел зар қақсатқан баукеспе енді Мұсаның асатаяғын ұрлап, пайғамбар болғысы келеді. Бір күні түнде іргеден баспалап келіп, босағаға сүйеулі тұрған асатаяқты білдіртпей алып кетеді. Үйіне әкеп асатаяқты қуысқа тыға бергенде ол қара шұбар жыланға айналып, өзіне тап береді. Ұры жанұшырып:
– Ойбай, жылан! – деп ауылды басына көтеріп айғайлайды. Көрші-қолаң түгел жиналады. Мұса да жетіп үлгереді. Асатаяқтың ұрланғанын біліп:
– Жаныңа жан жуымасын! Басыңнан қайғы арылмасын! Өркенің өспесін, өзегің жарылмасын, – деп ашу үстінде теріс бата беріпті. Тәңірі тағала ұрыны сол мезетте тоқылдаққа айналдырып жібереді. Ұлық Құдай оның ырыздығын ағаштың өзегіне жасырады. Тоқылдақтың ешбір құсқа жуымай, ертелі-кеш ағашты тұмсығымен соққылап, құрт-құмырсқаны азық ететіні осыдан екен.
«Отбасы хрестоматиясы»