Бөдененің құйрығы неге қысқа? (аңыз)
Ертеде бір асқар таудан ешбір құс асып өте алмапты. Қыран құстың барлығы талаптанып көріпті. Бірақ шамалары келмепті. Бүркіттің де меселі қайтыпты. Ең соңында:
– Енді кім қалды? – дегенде, бөденеден басқаның бәрі сыннан өтіп біткен екен. Бөдене бағын сынамақ болып:
– Тәуекел ет те, тас жұт, ажал келмей өлім жоқ! – деп ұша жөнеледі. Ол да аса алмайды. Ызаланған бөдене құлдилап келіп, тауды көкірегімен соққанда тесіп өтіп, арғы беттен бір-ақ шығады.
Содан бері бөдене көкірегін жерге соғып қонады екен. Тауды тесіп өткенде құйрығы қысылып, қалып қойыпты. Оған дейін бөдененің құйрығы қырғауылдың құйрығындай ұзын болған екен деседі.
«Отбасы хрестоматиясы»