Дәуіттің жаралуы (аңыз)
Дәуіттің тұсында Ғайдуна деген қаланы ордалы жылан басады. Олардың көптігі сондай күрек басындай жерге он жылан сыяды екен. Қарсы келген адамға атылып, бет қаратпапты. Күресуге дәрмені қалмаған патша жұртты жинап, кеңеседі. Қариялар: - Дәуіт пайғамбардан көмек сұрайық, - деседі. Сөйтіп Дәуітке хабаршы жібереді. Дәуіт пайғамбарлығымен қоса темірден түйін түйген ұста екен. Хабаршыны тыңдап болған соң, кеудесінен бір түймені үзіп алады. Оны төске қойып, балғамен үш рет ұрады. Түймесі жәндікке айналып шыға келеді. Оны хабаршыға беріп: – Қалаға кіргенде босат! Жыланды қуып шығады, дейді. Жұрт Дәуітті күтіп отыр еді. Хабаршыны көріп: -Дәуіт қайда?- деп сұрайды. Жігіт жәндікті көрсетіп:
— Міне, - дейді. Жәндік секіріп түсіп, жыландармен айқасқа түседі. Олардың көзін ойып, қаладан қуып шығады. Ерлігіне риза болған ел оны «Дәуіт», «Дәуіттің жәндігі» атап кетеді. Оған қасиетті, киелі деп құрмет көрсетіпті.
«Отбасы хрестоматиясы»