Иттің шарапаты (аңыз)
Бір заманда Ғайса пайғамбар моланың жанынан өтіп бара жатып, қабірдегі әруақтарды көреді. Олар жиналып, жақсы сұхбат құрып отыр екен. Ішінде бір әруақ басы салбырап, көңілсіз отырады. Ғайса: — Сенің неге көңіл-күйің жоқ? Басқалар бүгін шат-шадыман отыр ғой, – дейді.
— Олардың ұрпағы ата-анасын есіне алып дұға жасатты. Садақа таратты. Мені ешкім есіне де алмады, – дейді. Ғайса:
— Артыңда тұяқ қалып па еді? – деп сұрайды.
– Бір балам бар. Бірақ оның жағдайы жоқ, - дейді. Ғайса ертесіне ол баланы іздеп табады. Ол бір асханада ыдыс жуады екен. Ғайса оған: — О дүниеде әкеңнің ахуалы нашар. Әкеңе дұға жасап, артынан садақа бер! – дейді. Бала:
— Шамам жетпейді. Күн көрiсiм қиын, — дейді.
— Бір амал жаса. Тәңірім ниетке береді. Итке жуынды берсең де – садақа, – деп Ғайса кеңес береді. Бала садақа бермекке ниет етеді. Сол күні кешке асханада қалған қиқым-қалдық пен жуындыны жинайды. Аулада жатқан қотыр итке тамақ етіп береді. Ит тойған соң, аспанға қарап ұлиды. Біраз уақыт өткен соң, Ғайса моладағы әруақтарды тағы көреді. Бәрі шат-шадыман екен. Ғайса бұрынғы әруақтан: — Бауырым, жағдайың түзелді ме? – деп сұрайды.
– Иә, менің де соңымнан қайырлы дұғалар жетті. Ұлым бір итке садақа беріпті. Иттің разылығынан менің де рухым шалқыды. Ұлыма дән ризамын! — депті.
Осыдан соң баланың да ісі алға басып, жағдайы түзеліпті.
«Отбасы хрестоматиясы»