Бөрінің Тәңірісі бар (аңыз)

Oinet.kz 13-01-2020 798

Бөрі.jpg

Ертеде Адам атаның екі иті болыпты. Бірі – ақ, екіншісі – қара түсті екен. Адам қойларын екеуіне сеніп тапсырыпты. Олар қойды өріске жайып, кешке қораға қамап жүреді. Бір күні қара иттің ниеті бұзылады. Нәпсі қысқанда, өзін тежей алмай бір қойды тамақтап тастайды. Ақ ит оны көріп, айқаса кетеді. Екеуі төбелесіп, бірін бірі ала алмайды. Кенет Адам ата келіп қалды. Қара ит иесін көріп орманға қаша жөнеледі. Қайта келуге бет жоқ. Содан орман тоғай мен жапан түзді жағалап, жабайы аңның кейпін киеді. Баяғыдай ас беретін егесі жоқ. Жыртқышқа айналып, жемтігін өзі табады. Бірақ Адам атаға бауыр басып қалған еді. Кейде Адамды сағынып ұлиды екен. Ит оның даусын естіп: - Өз обалың өзіңе, нәпсіңе билетіп нең бар еді?! – деп үріп, жолатпайды. Бұдан қайыр болмаған соң қасқыр Жаратқанға ұлып: – Уа, Тәңірім, итті қарашы, жанында егесі бар. Үнемі қамқор болып ас береді. Жататын жері де бар. Мен жалғызбын. Менің кімім бар?- деп арзу айтыпты. Тәңірдің оған жаны ашып: — Ей, қасқыр, сен қам жеме. Сенің иең Менмін! – депті. Осыдан бастап «Иттің егесі болса, бөрінің Тәңірсі бар» ден сөз қалыпты.

«Отбасы хрестоматиясы»

Тасбақаның үйі (таным)
Иттің шарапаты (аңыз)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу