Трамп Украинадағы соғысты қалай шешеді?
30-10-2024
Тәуелсіздіктің арқасында жер-суымыздың да тарихи атаулары қайтарылды. Бұл іс әлі де жалғасын табуы тиіс. Ұлттық атаулар – әр заманның ескерткіші ретінде халықтың тарихы мен тілінен және оның мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігінен, салт-дәстүрінен хабар береді. Атап айтар болсақ, Отырар, Ордабасы, Қазығұрт, Ақсукент, Мақтарал, Асықата, Атакент, Мырзакент, Майлыкент, Шымкент, Жетісай, Ақбиік, Ақбастау, Ақбұлақ, Ақжар, Ақсүмбе, Базарқақпа, Жиделі, Қарасу, Құрлық, Маятас, Мәртөбе, Ханқорған, Сауран, Тасарық, Тассай... Тізе берсек, тізім осылайша жалғасып кете бермек. Осы атауларда қазақтың тарихы мен танымын, болмысы мен бітімін, бірлігі мен ынтымағын білдіретін терең сыр жатыр. Ол сырлар ашылған сайын ұлттық рухымыз да асқақтай түспек.Айталық, күллі халқымыз кие тұтқан Қазығұрт пен Ордабасы, мың жыл бұрын қазақтың өркениетін әлемге паш еткен Отырар мен Сайрам, тарихы терең Түркістан мен Шымкент, Сауран мен Ханқорған және ел тағдырын шешкен талай-талай алқалы кеңестер мен жиындардың куәсі болған Мәртөбе мен Күлтөбе өзінің ерекше бір оқиғаларымен оңтүстік өлкесінің атын алысқа танытып, абыройын асқақтатқан.
Оңтүстік өлкесінің елді мекен атаулары қалай орысшаланғаны жөнінде белгілі қоғам қайраткері, ономаст-ғалым Мекемтас Мырзахметұлы: «...1910 жылғы есеп бойынша Сырдария облысы 1868-1906 жылдар аралығындағы келімсектердің елді мекені, әсіресе, Әулиеата мен Черняев (Шымкент) уезіне мол орналасуымен ерекшеленеді. Осы екі облыстағы жаңадан пайда болған 159 елді мекен атауларына назар аударсақ, түгелдей отаршылдық рухтағы топонимикалық атаулар болып шығады...» – деп жазған еді.
Қазақ тілінің құнарын бойына сіңірген, ұлтымыздың ұйытқысы саналатын оңтүстіктің отаршылдық-тоталитарлық дәуірлерде небір байырғы жер-су аттарынан айырылып қалғаны тарихи шындық. Өткен ғасырларда Қазақстанды отарлаушылар қол астындағы халықты ұлттық салт-санасынан айырып, рухани түп-тамырынан ажыратуды көздеді. Сөйтіп жергілікті халықтың пікірімен санаспастан, жер-су, елді мекен, мектеп, көшелер Ванновка, Георгиевка, Глинково, Черняевка, Самсоновка, Сеславино, Ленин, Киров, Карл Маркс, Клоков, Ермак, Полторацкое, Чапаев, Фогелево, Фурманов, Антоновка... деген секілді қазаққа жат атаулармен жаппай өзгертілді. Сондай-ақ, Мақтаралды – Пахтарал, Жетісайды – Джетысай, Қарасуды – Черновод, Маятасты – Михайловка деп, елді мекен аттарын бұрмалап, орыс тілінің ыңғайына жығып келді. Кешегі тоталитарлық кезеңде де ономастикалық отаршылдық жалғасып, «ақтар мен қызылдар» деп бөлінушіліктің салдарынан тарихи тұлғаларымыздың есімдері шетке ысырылды, ескерусіз қалды. Еліміз егемендікке ұмтылып, тәуелсіздік таңы атпағанда осы сарын, осы үрдіс жалғасып, қазағымның тау тұлға азаматтарының есімдері атаусыз қалар ма еді, қайтер еді?!
Күллі қазақ халқы кие тұтқан Ордабасыға оралу осыдан 18 жыл бұрын Президентіміз Н.Назарбаевтың бастамасымен басталып еді. Ордабасы тауында атақты үш биді – Төле, Қазыбек, Әйтеке бабаларымызды еске алу іс-шарасы рухымызды асқақтатып, мәртебемізді биіктеткен тағылымы мол жиын болды. Өтініш-тілекке орай Жоғарғы Кеңес төралқасының 1993 жылғы 4 мамырдағы қаулысымен Бөген ауданы – Ордабасы ауданы болып өзгертіліп, халық зор қуанышқа бөленді.
Қазақ мемлекетінің азаттығы мен тәуелсіздігі жолында күрескен мыңдаған қайраткерлердің есімдері Шымкенттегі және аудан,қала орталықтарындағы мектептер мен алаңдарға, көшелерге қойылды. Мысалы, Шымкент қалалық атқару комитетінің 1991 жылғы 3 желтоқсандағы шешімімен Куйбышев алаңы – Ордабасы алаңы болып өзгертіліп, алаңда түйісетін Комсомольская, Советская, Базарная деп аталып келген үш көшеге Төле бидің, Қазыбек бидің және Әйтеке бидің есімдері берілді.
Қазығұрттың қадірін түсініп, абыройын асқақтатқан игі жақсылардың, аудан тұрғындарының талап-тілегіне орай Жоғарғы Кеңес төралқасының 1993 жылғы 4 мамырдағы қаулысымен Ленин ауданы – Қазығұрт ауданы болып өзгертілді. 1990 жылы Шымкент қаласындағы жаңадан салынған шағынауданға Қазығұрт атауы берілген болатын. Үкімет қаулысымен қаладағы №66 мектеп Қазығұрт орта мектебі деп аталды. Еліміздің өзге өңірлерінде де киелі атауды иеленген нысандар аз емес. Қазығұртты жаңғырту мақсатында Шымкент - Ташкент тас жолының бойындағы асуға «Кеме қалған» монументі орнатылды. «Қазығұрт» энциклопедиясы жарық көрді.
Тәуелсіздік алғаннан кейін облысымызда отаршылдық-тоталитарлық замандарда үстемдікпен өзгертілген жүздеген жер-судың тарихи атаулары қайтарылды. Мысалы, Чимкент облысы – Оңтүстік Қазақстан облысы, Чимкент қаласы – Шымкент қаласы, Дзержинский ауданы – Әл-Фараби ауданы, Ленин ауданы – Қазығұрт ауданы, Бөген ауданы – Ордабасы ауданы, Қызылқұм ауданы – Отырар ауданы, Леңгер ауданы – Төле би ауданы, Пахтарал ауданы – Мақтарал ауданы, Джетысай қаласы – Жетісай қаласы, Алғабас ауданы – Бәйдібек ауданы, Беловод селосы – Ақсукент, Славянка поселкесі – Мырзакент, Ильич поселкесі – Атакент, Киров поселкесі – Асықата кенті болып өзгертілді.
Тәуелсіз елдің топонимикасы да тәуелсіз болуы тиіс. Алдағы уақытта осындай мақсатпен әрбір мектеп пен көшеге заман талабына сай атаулар берілсе кәнекей. Аудан, қала, елді мекендердің тарихи атауларының қайтарылуы да жалғасын табады деген сенімдеміз.
Қабыл ДҮЙСЕНБИ, «Тіл жанашыры» құрмет белгісінің иегері
Мұрағаттан, 15.12.2011 ж