Марс Үркімбаев не үшін шенеунік бола алмады?
Әкімдік жүйе енгелі бері Оңтүстік Қазақстан облысын басқарған әкімдердің бірқатарымен әңгімелесіп, сұхбаттарын газетімізде жарияладық. Бірақ Оңтүстік Қазақстан облысының тұңғыш әкімі Марс Фазылұлы Үркімбаевпен кеңірек отырып әңгімелесудің еш сәті түсе қоймады. Алғашқы әңгімені де сол кісіден сұраған едік. Әр сөйлескен сайын сұхбат беруді кейінге ысырып-ысырып ақыры әңгімелесуге ықыласын аудара алмадық. Әрине, ғалым адам үнемі ізденіс үстінде, ғылыми жұмыстардан қолы көп босай бермейтінін түсінеміз. Әйтсе де Оңтүстіктің тұңғыш әкімі, осы жүйемен алғаш рет ел басқарған Марс Үркімбаевке қояр сұрақтарымыз өте көп еді. «Мықты болсаң Шымкентті басқарып көр» деген, басқа-басқа Оңтүстікте жаңа жүйемен жұмыс істеу қалай басталды? Қандай қиындықтар кездесті? Біздің білуімізше талай жылдан бері бірінші хатшы болып, қызметтің қызығын көріп қалған кейбір аудан басшылары жаңа басқару жүйесін мойындамай, тұңғыш әкімнің талай шашын ағартқан көрінеді. Ол кездегі әкімдік жүйе мен қазіргі басқару жүйесінің айырмашылығы қандай?
Біз Үркімбаев мырзамен осы төңіректе әңгімелеспек болғанбыз. Соңғы рет ол кісімен телефон арқылы тілдескенде екі арадағы әңгіме былай өрбіген-ді.
- Марс Фазылұлы, Сіз осы облысты басқарған бірінші әкімсіз ғой, сондықтан сізбен жолығып кеңірек әңгімелессек деп бұған дейін де өтініп едік.
- Мейлі, сұрақтарыңызды жіберіңіз.
- Жазбаша түрде жауап бересіз бе, әлде телефон арқылы сұхбаттасқанымыз жөн бола ма?
- Айналайын, былай етейікші. Мен қазір жазу жазып отырмын. Сұрақтарыңды жібер, қалай түсінемін, солай жауап беремін. Кейбір сұрақтарды біріктіру керек болса біріктіремін.
- Онда қашан хабарласайық?
- Не прессуй, не прессуй меня. Я без работы не сижу. Сейчас за 2-3 дня закончу свое выступление. Потом на очереди лежат эти вопросы, но он полежит. Потому что должен открыть сериал лекции «Руханият», почему произошел экономический кризис и что нужно делать в Казахстане?
... Осы әңгімеден кейін біз біраз уақытқа дейін байланыса алмадық. Бірақ, Марс Фазылұлы бізді мүлдем ұмытып кетпеген екен. Күндердің күнінде оның өзі ұялы телефонымызға шығып, «Түс қайта Тараз Мемлекеттік университетінде студенттерге дәріс оқимын, егер уақыттарың болса сол дәріске қатысыңдар, соңынан қалып сұхбат беруге дайынмын» деген әңгіме айтты. Ойбай-ау, бір жылдан бері біздің де күтіп жүргеніміз осы сәт емес пе? Сонымен орыс тілінде әлемдік қаржы дағдарысынан шығудың түрлі жолдарын көрсеткен Үркімбаевтың дәрісін екі сағат тапжылмай отырып тыңдадық. Соңынан сұхбаттастық. Бірақ өте қысқа түрде ғана... Сұрақтар алдын-ала факс арқылы жіберіліп, әңгіменің қай бағытта өрбитінін Үркімбаев мырза күні бұрын білсе де, неге екенін қайдам, аяқ астынан сұхбат беруден айнып қалды. «Ой, менің Оңтүстікте әкім болғаным кімге қызық? Бардым, әкім болдым, өзімнің інілеріммен айтысып-тартысып, қырқысып отырдым. Оның несі қызық? Сендер одан да әлемдік қаржы дағдарысынан қалай шығу керек деген мәселені жазсаңдаршы. Елдің бәрі осыны күтіп отыр. Ал, өткен-кеткен әңгімені, Нұрғали Әшімовті қалай тәрбиеледім, қазір екеуміздің арамыз қалай екені ешкімге қызық емес» деп 30-беттік дәрісін қолымызға ұстатып кете барды.
Марс Үркімбаевтың билік сахнасынан кеткеніне біраз жылдың төңірегі болды. Қалай айтсақ та, Үркімбаевтың тек ғылым саласында ғана емес, мемлекеттік қызметте де үлкен тәжірибесі бар екенін мойындау керек. Ендеше өмірден көргенін, мемлекеттік қызметте жүріп көкейіне түйгенін кейінгілерге үлгі, сабақ етіп айтқанның несі айып?! Біз бұған дейін Қалық Абдуллаев, Амалбек Тшан, Болат Жылқышиевпен сұхбаттасып, әкім болған жылдары не істеді, нені істей алмай қалды деген төңіректе кеңірек әңгіме қылдық. Біреуді жаманда, біреуді қарала дегеніміз жоқ. Әркім өз шындығын айтты. Ендеше Үркімбаев неден үрікті? Бұл Үркімбаевтың өте сақ саясаткер екенін білдіре ме, жоқ, әлде тұңғыш әкім Оңтүстіктегі сол бір күндерін еске алғысы келмейді ме?!
«Уәде – Құдай аты» деген, Үркімбаев сұхбат беруден бас тартқан соң, оқырманның алдында біз қарыз болып қалмайық деген оймен оны елге жақынырақ таныстыру мақсатында өз бетімізше журналистік зерттеу жүргізіп көрдік. Былтыр ғана 70 жылдық мерейтойын атап өткен Марс Фазылұлы Үркімбаев алғаш рет Жамбыл гидромелиоратив-құрылыс институтының ректоры кезінде жарқырай көрінді. Осы қызметті атқарған 18 жыл ішінде Үркімбаев шыны керек, бұл білім ордасына көп еңбек сіңірді. Сол жылдары институтта білім алған түлектердің Үркімбаевтың іскерлігін, білім, ғылымға деген жанашырлығын жыр қып айтып отырғанына талай мәрте куә болғанбыз. КСРО-ның күйреуінің аз алдында, қайта құру кезеңінің ұрандатып тұрған заманында экономиканы жақсы білетін, басшылық қызметте үлкен тәжірибесі бар Үркімбаевтай қызметкерлер саусақпен санарлықтай ғана еді. Содан болар Үркімбаев билік дәлізіне аяқ басуы мұң екен, ол жоғары қарай тартып кете барды. 1990 жылы ол Жамбыл облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметіне жоғарыласа, елімізде тәуелсіздік туы желбірегеніне екі ай енді ғана толған кезде яғни, 1992 жылдың ақпан айында Оңтүстік Қазақстан облысының тұңғыш әкімі болып тағайындалды. Мемлекеттік басқару жүйесінде жұмыс істегеніне екі-ақ жыл болған Үркімбаевты бірден үлкен облысты басқаруға жібергені еліміздің тұңғыш президенті Н. Назарбаевтың оған қатты сенім артқаны деуге болады.
Бірақ Марс Үркімбаев Оңтүстікте бар-жоғы 1 жыл 10 айдай ғана, яғни, 1993 жылдың желтоқсан айына дейін ғана қызмет атқарды. Әрине, соңғы жылдары Оңтүстікте жыл сайын әкім ауысқанға бой үйреніп қалды ғой. Оған қарағанда Үркімбаев ұзақтау отырған сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ Оңтүстіктегі екі жыл Марс Фазылұлы үшін өз өміріндегі өте күрделі, қиын кезең болғаны айдан анық. Біріншіден, Үркімбаев қанша жыл басшылықта болды дегенмен ғалым адам, билік дәлізінің қуыс-қалтарысын жақсы білмейді. Екіншіден, бұрын-соңды ешкім білмейтін жаңа мемлекеттік басқару жүйесі енді. «Бәрінен де бастау қиын» деген, оның көп уақыты әкімдік жүйені енгізу, қалыпқа түсіру, жаңа жүйеге сай жаңа кадрлар табу сияқты ұйымдастырушылық жұмыстарға кеткені рас. Үшіншіден, Оңтүстік үлкен және күрделі облыс. Басқа аймақтарда кадр тағайындауда тек биографиясына қарайтын болса, Оңтүстікте оған қоса «географиясына» да қарау керек. Облыстағы бірнеше ықпалды топтардың ыңғайын табу да «орыс» мінезді Үркімбаев үшін оңайға түскен жоқ. Ел арасы бөлініп, әр республика өз тәуелсіздігін жариялағанымен Үркімбаев билік еткен жылдары әлі одақтық байланыстардың шорт үзілмеген кезі еді. Өндіріс орындары өлместің күнін кешсе де, мұржасынан түтіп шығып тұрған болатын. Сондықтан оның кезінде Шымкентте жарық, жылу, жұмыссыздық мәселелері анау айтқандай алқымнан ала қойған жоқ. Жалпы алғанда Марс Үркімбаев Оңтүстік халқының есінде қай тірлігімен қалды?!
Әрине, Үркімбаев қол қусырып қарап отырған жоқ, бірақ көп адамдармен сөйлескенімізде олардың бәрі тұңғыш әкімнің мына бір екі тірлігін еске алды. Біріншісі – алқапты тамшылатып суғару мәселесі. Сол жылдары мақта алқаптарының бәрі Израильден әкелінген тамшылатып суғару әдісіне көше бастады. Ауылшаруашылығына жаңа технология енгізуді облыс басшысы мықтап қолға алды. Бірақ, Үркімбаевтың бұл тірлігі кейінгі әкімнің кезінде қолдау таппады да, сол күйі ізім-қайым болды. Оның үстіне кейінгі әкімнің кезінде облыстың бюджеті ауылшаруашылығына қамқорлық жасайтындай шамада емес еді. Үркімбаевтың екінші есте қалған тірлігі – Шымкент қаласына жақын Қайтпас елдімекенінің маңынан Академиктер қалашығын салу болатын. Бұл іс қызу қолдауға ие болып, арнайы жер бөлініп, тіпті алғашқы үйлер тұрғызыла бастаған еді. Бірақ бұл бастама да аяқсыз қалып, салынған үйлердің кірпішін талай жыл жауын-шашын мүжіп, жер телімдері ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Әрине, елдің есінде қалған бұл екі тірлік те жап-жақсы бастама еді. Тамшылатып суғару әдісі соңғы жылдары қайтадан қолға алына бастады. Ал, Академиктер қалашығын салу ісі бұл күндері тіптен ұмытылып кетті. Үркімбаевтың осы екі тірлігін бір-бірімен байланыстырсақ, ол ғалымдарға жағдай жасай отырып, Оңтүстіктің өндірісіне жаңа технология енгізуді жоспарлағанын анық байқайсыз.
Әрине, Оңтүстікті басқару оңай емес екені о бастан белгілі, бірақ Марс Үркімбаев әкім болған жылдары жоғарыдағы құзырлы органдармен арада көп келіспеушілдікке кездесті. Сол жылдары еліміздің бас прокуроры қызметін атқарған Жармахан Тұяқбаев пен Үркімбаев екуеуінің ерегісі шарықтау шегіне жетті. Алғаш рет М. Үркімбаевқа 1993 жылдың сәуір және қазан айларында Жоғарғы Кеңес мәжілісінде айып тағылды. Бас прокуратура сол жолы ғалымға «қызметтік билігін пайдаланды», «сыбайлас элементтермен байланысы бар» деген айып тақты. Осы шудан кейін Үркімбаев көп ұзамай отставкаға кетті де, тек 1994 жылдың ақпан айында ғана қайтадан қызметке ілігіп, еліміздің экономика минстрі болды. Бірақ тамыз айында қайтадан басына қара бұлт үйіріліп, Үркімбаевтың өміріндегі нағыз аласапыран басталды. Ол тергеу жұмысы басталғанына байланысты қызметінен шеттетілді. Алайда сол жылдың қыркүйек айында Қауіпсіздік Кеңесінің шешімімен қызметіне қайта орналасты да, арада бір ай өткенде Президенттің Жарлығымен отставкаға кетті. Бірақ, оның үстінен қозғалған қылмыстық іс еш нәтиже берген жоқ, яғни, Үркімбаевты ешкім түрмеге қамаған жоқ. Отставкаға кеткеннен кейін көп ұзамай ол Президенттің қолынан сыйға алтын сағат алды. Зейнеткерлікке шығарының алдында академик, профессор М.Ф. Үркімбаев Қазақстан кәсіпкерлері мен өнеркәсіпшілері Одағының президенті қызметін атқарды. Айтпақшы, ол Оңтүстікте әкім болған кезінде Нұрғали Әшімов оның көмекшісі болған. Үркімбаевтың ықпалы болды ма, жоқ па, ол жағы белгісіз, бірақ арада біраз жылдар өткенде Н. Әшімов те осы облысты басқарғанын, қазір Қоршаған ортаны қорғау және экология министрі екенін елдің бәрі біледі.
Жалпы алғанда Үркімбаевтың қызметтік жолдарына қарап отырсаңыз, Бас прокуратурамен арадағы көп келіспеушілігін байқайсыз. Бәлкім, Оңтүстіктің кейбір ықпалды топтары түтеткен отты прокуратура үрлеп, тіптен жалынға айналдырған да болар. Тіпті Үркімбаевқа Тараздағы бір жолдасының студент қызын Америкаға оқуға жіберді деген де айып тағылыпты. Қыздың шетелде оқуы үшін облыстық бюджеттен 15 200 АҚШ доллары бөлінген екен. Мән-жайды білу үшін Америка мен Англияға екі тергеуші арнайы жіберіліп, нәтижесінде қыздың оқуды үздік бітіргені, көптеген олимпиада мен конкурстардың жеңімпазы екені анықталды. Бұдан басқа оған ШНОС зауыты директорының өліміне қатысы бар деген күдікпен айып тағылған. Кейінірек бұл істі полиция тергеп, ШНОС-та мазут сатудан түскен 42 миллион доллардың бір офшорлық есеп-шоттарда жоқ болып кеткенін анықтапты. Бірақ, көп ұзамай бұл істі бас прокурор Жармахан Тұяқбай жауып тастаған. Кейнірек Ж. Тұяқбай биліктен кетіп, оппозиция лидері ретінде президенттік сайлауға түскенде ақпарат беттерінде Үркімбаев ол туралы бірді-екілі «біртүрлі» әңгімелер айтқанын оқығанбыз.
Міне, осындай қысымды, аса ауыр күндер мен түндерді өткізген Марс Үркімбаевқа Оңтүстік Қазақстан облысында әкім болу оңайға түспегенін байқайсыз. Бәлкім, осыдан кейін шығар ғалымның өткен күндерді еске алғысы келмегені... Кім білген?! Қалай десекте аты бүкіл елге танымал, бірақ заты жұмбақ Марс Үркімбаевтың қызметтік жолының күнгейі мен көлеңкесі осындай.
Оралхан ДӘУІТ,
Жамбыл облысы
Мұрағат, 15.12.2011 ж