ОҚО-да қоймашыға дейін медаль алып, мейманасы тасыды
Тәуелсіздіктің 20 жылдығын өткен аптада ұлан-асыр тойлап тастадық. Мейманасы асып-тасқан, әлі думаны тарқамай жалғасып жатқан сол тойдан не ой түйдік, нені ұқтық? Тойдан тарту-таралғы үлестірілгенде қаншалықты әділ таңдау жасалды? Осыған көз жүгіртіп көрелік.
Жалпы, мақтау-марапаттауға, ат мінгізіп, шапан жабуға келгенде кімнен кем едік?! Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерейтойы да осындай мадақтау-марапаттаулармен, әсіресе аспаннан орден-медаль жауған күндермен есте қалды. Президенттің Жарлығымен «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерейтойлық медалі Үкімет басшысынан бастап ауыл әкімдеріне дейінгі аралықтағы шенеуніктерге, депутаттарға, ақын, жазушыларға, ғалымдарға, өнер қайраткерлеріне, басқа да саланың мамандарына табыс етілді. Атқамінерлер өткізген әрбір жиынның соңы марапаттауға, қызу құттықтауға ұласты. Бір ғана Оңтүстік Қазақстан облысында 20 жылдық мерейтойға арнап шығарылған медалды 2600 шамасында адам алған. Медаль аспаннан жауды ма, әлде Астанадан жауды ма,қарапайым халық әлі түсінбей аң-таң.
Кеуделеріне медаль тағып, мерейі тасығандарды мансұқтап, болмаса қызғанып отырғанымыз жоқ. Мейлі тақсын, еткен еңбектің жемісін көрсін. Десек те, медальдің екі жағы болатын сияқты, осындай марапаттауларда көңілге кірбің ұялатқан кейбір мәселелерді айтпасқа амалымыз қайсы? Марапат алғандардың кейбіреуіне «құтты болсын» дегеннен гөрі, «қор болған қайран медаль-ай» дегің келеді.
«Жас Алаш» газетінің облыстағы тілшілер қосынына Қазақстан мен Қырғызстан Республикасы Сәулетшiлер одағының мүшесi, «Астана-Бәйтерек» жобасының авторларының бірі, марқұм Сүйерхан Базарбаевтың анасы Гүлсім Үсіпбаева хабарласты.
-Өзім тұратын Сайрам ауданының орталығы Ақсукенттегі Титов атындағы орта мектепке Сүйерханымның атын беру туралы ұсыныс аудандық және облыстық ономастикалық комиссиялардың сүзгісінен өтіп, олар келісім берген болатын. Әуел баста «мектепке аты берілу үшін қайтыс болғаннан кейін бес жыл өтуі керек» деген шартты көлденең тартқан еді. Жарығымның пәни дүниеден қайтқанына биыл сегіз жыл толды. Әзірге, келер күнге үміт артуымен уақыт шіркін жылжып жатыр. Бұл мәселенің республикалық комиссияда қаралуы қашанға дейін созылатынын айта алатын адам бар ма? Тәуелсіздіктің символдарының бірі саналып жүрген Астанадағы «Бәйтеректің» авторларының бірі ұлым Сүйерханыма тікелей қатысты шаруаның әлі шешілмей жатқанын той тойлаудан шаршамайтын шенеуніктердің есіне тағы бір салып қойсаңыздар деймін. Біздің өңірдегі ономастикалық комиссияны облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің өзі басқарады екен. Ендеше ол бұл шаруаның оңғарылуына шындап кіріссе көптен күткен тірліктің түйіні кешікпей тарқатылып та қалатын шығар. Ойымды жасырмай айтсам, осы тәуелсіздіктің 20 жылдығында еңбегі ескеріліп, ұлымды ұлықтайтын тірліктер жүзеге асарына қатты үміт артқан-ақ едім. Үмітім ақталмады. Тәуелсіздікті танытуға, насихаттауға тер төккен ұлымды бәрі ұмыт қалдырды. 40 жылдан аса уақыт білім саласында жұмыс істеген менің де еңбегімді елеп-ескеріп жатқан ешкім жоқ. Тым болмаса, медалі мейлі, мемлекеттік қызметтегі азаматтар ұлымның мемлекеттік деңгейдегі еңбегін, менің білім саласына 40 жыл төккен терімді бағалап, мерейлі мерекемен құттықтап қойса, үйге келуге ерінсе телефон шалса да жабырқаған көңіліміз бір жадырап қалар еді-ау,-дейді ұлының мезгілсіз өлімі қабырғасын қайыстырған аяулы ана күрсініп сөйлеп.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Еуразия жүрегінде» атты кітабында «Астана-Бәйтерек» кешенінің жобасын жасауға қатысқан топты басқарған талантты сәулетші, Қазақстан сәулетшілер одағының президенті Ақмырза Рүстембековті атап өткім келеді. Астана символын жасаған топқа сәулетшілер С. Базарбаев пен Ж.Айтбалаев, инженер-конструктор М. Вайнштейн, интерьер дизайнері А. Оспанов сынды білікті мамандар кірді” деп жазыпты. Президенттің өзі елге сіңірген еңбегін ерекше атап өткен Сүйерхан Базарбаевтың есімі Тәуелсіздіктің 20 жылдығында атаусыз қалды. Неге? Көзден кеткен азаматтардың көңілден де кетіп үлгергені ме? Жоқ әлде халқына қызмет еткен азаматтардың есімін ұлықтау оның отбасының ғана мәселесіне айналғаны ма? Мұны бір деңіз.
Екіншіден. Президент мерейтойлық медальді тағайындау туралы қаулысында мұндай марапаттың қазақ елінің мемлекеттігінің қалыптасуына, егемендіктің нығаюына елеулі үлес қосқан азаматтарға берілетінін айтқан болатын. Ал мемлекеттілік бір күнде қалыптасқан жоқ. Ол 20 жылдық ерен еңбектің арқасы. Оның ішінде тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы «тар жол тайғақ кешуді» бастан кешірген азаматтардың еңбегі орасан зор. Алайда мерейтойлық медальға лайықтыларды анықтау мен ұсынуда жергілікті атқарушы биліктің ардагерлерді ұмыт қалдырғаны қалай? Сүйерхандай асыл ұлды дүниеге әкелген, 40 жылдан астам өмірін ұрпақ тәрбиесіне арнаған Гүлсім Үсіпбаеваның өзіне де осы мерейтойда бір медаль ұсынғанда әбден жараспас па еді? Әлі отызға да толмаған қылшылдаған жігіттер мен қылымсыған қыз-келіншектер биліктің биігінде отырғаны үшін медаль тағып жатқанда облыстық білім басқармасының өз ардагерлерін елеп-ескермегені қалай? Мұндай ағаттыққа жол берілуі білім саласына «он қайнаса сорпасы қосылмайтын» кездейсоқ кадр болса да облыстық білім басқармасының бастығы қызметіне тағайындалып, «апам да аң-таң, мен де аң-таң» күй кештірген Альбина Елшиеваның кемшілігі екенін кесіп айту керек.
Тағы бір айғақ. Ана өлімін жасыру фактісіне жол бергені үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Гаухар Үкбаева айқай-шумен қызметінен кеткен болатын. Бүгінде №1 Шымкент қалалық балалар ауруханасының бас дәрігері болып жүрген Гаухар Сапартайқызына да облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Жұмағали Исмаилов өз қолымен оған жылы жымиып тұрып медаль тапсырды. Нендей еңбегі, қандай жетістігі үшін? Мақтаралда ана өлімін жасырып, денсаулық сақтау басқармасын дау-дамайға қалдырғаны үшін бе? Облыс әкімінің сол кездегі орынбасары Уәлихан Қайназаровтың қызметтен кету туралы талабын орындамай, өзбілермендікке салынып, әріптестерін де, облыстың денсулық сақтау саласын да жерге қаратқаны үшін бе? Марапат қай уақытта да адамның өткен еңбегін елеп-екшеп барып жасалады емес пе?! Олай болса, марапатқа ұсынған азаматтар Г.Үкбеваның өткен-кеткенін білмейді деу қисынға сия ма? Ол, ол ма, аталған ауруханада қоймашы болып істейтін Жұмагүл Мырзмұратованың да медаль алғандардың тізіміне ілінгеніне таңдандық. Аты-жөнін көпшілік біле бермейтін қоймашы қандай ерен еңбек сіңірді екен? Ол еңбекті елге сіңірді ме, әлде бас дәрігерге сіңірді ме? Ауруханада одан басқа тәжірибесі мол, білікті де, білгір дәрігерлер табылмағаны ма? Тек, әйтеуір, медальдің ауруханадағы білікті педиатр Гүлсім Кадееваға берілгеніне шкіршілік еттік.
Жазушы Момбек Әбдіәкімұлы ел жадынан ұмытыла бастаған тарихи тұлғаларды елге танытуға үлкен еңбек сіңірген азамат. «Сүлеймен қарақшы», «Қараман қарақшы», «Естемес би» сияқты күрделі шығамалары арқылы тарихи тұлғаларды «тірілткен» жазушы, сонымен бірге оның шығармалары ең көп оқылатын қаламгер екендігінде де дау жоқ. Шымкентте жүрсе де оның кітаптарын Астана, Алматыдағы мүйізі қарағайдай ғалым-жазулар, академиктер жоғары бағалады. Жуырда ғана академик Серік Қирабаев «Егемен Қазақстан» газетіне М.Әбдіәкімұлының «Естемес би» романына арнап мақала жазып, оған өзінің жоғары бағасын бергенін оқыдық. Астана мен Алматыдағы академиктердің аузына ілікке жазушы-тарихшыны марапаттауға келгенде жергілікті басшылар ұмыт қалдырды. Өкінішті-ақ.
Қабыл Дүйсенби Тәуелсіздік алғалы бері қазақ тілінің мәртебесі үшін, оның қолдану аясын кеңейтуге ерен үлес қосқан азамат. Пұшайман күй кешкен қазақ тілін төрге сүйреп, сол үшін күресе білді. Ол облыстық, Шымкент қалалық онамастика комиссияларының мүшесі ретінде көшелердің қазақылануына, маңдайшалардың мемлекеттік тілде дұрыс жазылуына ұйытқы болды. Тәуелсіздік тірегі тілдің тағдыры үшін әлі де аянбай күресіп келе жатқан Қабыл Дүйсенби 20 жылдық мерейтойда биліктің назарына ілінбей қалды. Не үшін?
Мерейтойлық медальді күлше үлестіргендей оңды-солды таратқан атқамінерлер бұған не дейді екен?
Мұрағаттан, 23.12.2011 ж