Назарбаев «Халық қаһарманы» атағынан бас тартты
«Ол—прнциптік мәселе» деген мемлекет басшысы өзімен ақылдаспай жүрген шенеуніктерге ашулы екенін айтты
- Жиырма жыл президент болып жүргенімде, менімен ақылдаспай кетіп жатыр. Шынымды айтсам, мен оған ашулымын. Біріншіден, «Халық қаһарманын» тапсыру деген шешім шығарды. Ол заңға мен қол қойғаным жоқ. Қол қоймаймын. Ол принциптік мәселе. Мен оны алмаймын, өйтіп-бүйтіп қашатын мәселем емес. Қазақстанда елді марапаттайтын бір-ақ адам бар. Ол Президент. Президент өзіне өзі, ешқандай марапат бермеуі керек. Олай болса, мен болашақ президенттерге қандай өнеге, өнер қалдырам деп ойлаймын. Және де өткен көктемде Қазақстан халқының 95 пайызы дауыс беріп, мені сайлады. Содан артық Елбасыға қандай марапат керек?! Депутаттардан, өнер шеберлерінен, халық әртістерінен, халық жазушыларынан құттықтаулар алып жатырмын. Барша халыққа сол үшін рахмет! Соны көңіліне алып, маған сондай дәреже береміз дегеннің өзі мен үшін өте үлкен сыйлық, құрмет, марапат.
1991 жылы 1 желтоқсанда Қазақстан жалпыхалық болып тұңғыш президентті сайлады. Бұл күнді атап өту болсын. Ондай дүние жүзінде бар. Америкада да президент күні деген бар. Басқа елдерде де бар. «Біз де солай етейік» деп жатса, менің оған қарсылығым жоқ. Жалпы осы үшін барлығына рахмет айтамын».
Күні кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сайлау қарсаңында премьер-министр Кәрім Мәсімовтың ұсынысымен, Үкімет мүшелерінің қолдауымен және Сенаттың бектуімен өзіне берілген «Халық қаһарманы» атағынан осылайша бас тартты. Мұны мемлекет басшысы Астанада жаңадан ашылған «Қазмедиа» орталығын аралаған сапары кезінде журналистерге берген сұхбатында мәлім етті.
Ал 1 желтоқсанды «Қазақстан Республикасының тұңғыш президентінің күні» етіп бекіту, осы жөнінде арнайы заңды қабылдау Сенат депутаттарының Тәуелсіздіктің жиырма жылдығына жасаған тартуы екен.
- Дәл осы күні біздің мемлекеттігіміздің дамуына әсер етіп, өлшеусіз үлес қосқан бірінші президент сайланды, Қазақстан республикасының президенттік институты қалыптасты. Ендеше оған лайықты бағасын берейік. Егеменді Қазақстанның негізін қалап, оны бекітудегі тарихи миссия тұңғыш президент, елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еншісінде,--дейді осы жөнінде түсінік берген сенатор Анатолий Башмаков.
Осылайша желтоқсанның алғашқы күні күнтізбеде «қызыл күн» болып белгіленді. «Тұңғыш президент күні» мемлекеттік мерекелердің қатарына жатады, яғни бұл күн демалыс деген сөз.
Мұрағаттан, 15.12.2011 ж