Машалкы керек пе?...
02-11-2023
1986 жылдың 17 желтоқсаны. Алматы. Бұрынғы Брежнев алаңы. Алаңдағы толқудың екінші күні. Кешкі сағат 8-ден 30 минут өткенде «Метель» операциясы басталды. «Ура» деген командамен шекара училищесінің курсанттары алға ұмытылды. Олар саперлік күректермен, қалқандармен, дубинкалармен қаруланған болатын. Бас көтерушілер кері шегінген кезде алаңда 100-ге жуық зардап шегулер ғана қалды. Әскерилер оларды дереу көліктерге артып жатты. Басы-аяғы бір сағатқа созылған операция кезінде алаңға жиналған «бұзақылар» қуып таратылды. Сол кездегі Қазақ КСР Ішкі істер министрінің орынбасары Э.Басаров атап өткендей «көтерілісті басып-жаншуға қатысқандар өте батыл және қайсарлықпен қимылдай білді».
Ресми органдар оқиға кезінде Ербол Спатаев пен республикалық телеорталықтың инженері Савицкийдің қайтыс болғанын ғана мойындаған. Спатаевтың киімдерінде әскери қызметкерлер киетін шинелдің талшығы табылыпты. Алаңнан ауыр халде ауруханаға жеткізілген ол 23 желтоқсанда қайыс болды. Оның үстінен Қазақ КСР Қылмыстық кодексінің 65-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, айыпталушыныңы қайтыс болуына байланысты ол кейіннен қысқартылған. Савицкийдің өліміне жазықсыз Қайрат Рысқұлбековты кінәлі деп тауып, оны өлім жазасына кескен жендеттер Ерболдың өліміне байланысты ешқандай тергеу амалдарын жүргізген жоқ. Қайтыс болған жоғарыдағы екі азамат та алаңда жарақат алып ауруханаға жеткізілген. Ал қанды қырғын кезінде тіл тартпай кеткендер болды ма? Куәгерлер: «Ешкімнің ойына келмеген нағыз қасапхана, сұмдықта адам шығынының болмай қалуы мүмкін емес» дейді.
-Алаңда болған қатыгездік өзінің шегінен асты. Жарақат алған 15-17 жастағы жасөспірімдердің тірі қалуы мүмкін емес еді. Соққыға жығылған қыз-жігіттерді солдаттар дереу көліктерге малша тиеп жатты. Кейінірек газеттерде оқиға кезінде құрбан болғандардың көп еместігін оқып, өз көзіме өзім сенбедім,--дейді оқиғаның басы-қасында болған бұрынғы әскерилердің бірі.
-Менімен бірге борышын өтеген жолдастарымның айтуынша, құрбан болғандар екеу ғана емес. Олар бұдан да көп. Бірақ біз олардың нақты санын айта алмаймыз. Алматыдағы оқиға адамның әп-сәтте-ақ хайуанға айналатынын, тіпті мұндай айуандықты басқа халықа емес өз ұлтына қарсы пайдалануға да болатынын көрсетті,--дейді сол бір дүрбелең шақта әскерилердің сапында болған, кейінен осы еңбегі үшін өзіне берілген Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің грамотасынан, дәлірегі «бейкүнә қыз-жігіттердің қанына малынған марапаттан» бас тартқан қырғыз азаматы Ылатегин Таалайбек.
1990 жылы Мұхтар Шахановтың бастамасымен Желтоқсан оқиғасын тексеруге байланысты құрылған Қазақ КСР Жоғары кеңесінің комиссиясына ақпарат берген кейбір куәгерлер алаңда бейбіт халықтың жүздеп шейіт болғанын көрсетеді. Мәселен, Балмерке Әлібекованың комиссияға берген түсініктемесіне қарағанда ол 1986 жылдың қарашасында Көкшетау облысы Арықбалық ауданы Новосветловское селосынан келген Бақыт (Махамбетова) есімді қызбен танысып, онымен жерлес ретінде араласып тұрған. 1986 жылдың желтоқсанында Алматыда болған оқиғалардан кейін Балмерке құрбысының жатақханасына келіп, Бақыттың 17 желтоқсанан бері хабарсыз кеткенін білген. Ол құрбысын іздеп Калинин аудандық ішкі істер бөліміне барып, кезекшіден бөлімде ұсталған қыздардың бар-жоғын сұрайды. Кезекші «жоқ» деген жауап берген. Бұдан кейін ол бөлімдегі ұсталғандар отыратын бөлмеге кіріп, еденде етбетімен жатқан қазақ жігітін және бір қырымен жатқан қазақ қызын көрген. Ауыр соққы алған, үстеріндегі киімдері жыртылған, мәйіттен өзінің құрбысы Бақытты таныған Балмерке аңтарылып тұрып қалады. Осы кезде бөлмеге орыс ұлтты милицонер кіріп, бұдан не істеп жүргенін сұрайды. Бұл өзінің құрбысын іздеп жүргенін айтып, мәйіттің қалтасынан оқырман билетін алып, ондағы суреттен Бақытты көрсетеді. Балмерке милицонерге құрбысының мәйітін беруді сұранады. Алайда милицонер мәйіттің оқу орнының әкімшілігіне берілетінін айтып, оны ішкі істер бөлімінен қуып шыққан. Арада бірнеше күн өткенде Балмереке жатақханаға келіп, Бақыт Махамбетованың мәйіті туған жері Көкшетауға әкетілгенін естіпті.
А. Волков, әскери бөлімнің бұрынғы қызметкері:
-...Алаңға шыққан кезде қараңғы түсіп қалған еді. Бұл кезде асфальтте 120-150 шақты адам жатқан болатын. Рациялардан оларды шекара училищесінің курсанттары күрекпен ұрып өлтіргені айтылды. 21 желтоқсанда Орта Азия жән Қазақстан ішкі әскерлер басқармасының жиналысында шұғыл топтың жетекшісі полковник Щербатов оқиға кезінде 168 адамның қаза тапқанын, оның 8-і ішкі әскер қызметкері, 4-еуі шекара-курсанты, 1-еуі Алматы горнизонының милициясы екенін мәлім етті.
Куәгер Ақмарал Контураеваның берген жауабына қарағанда, 17 желтоқсанда кешкі сағат тоғыз жарымдарда ол өзінің әпкесімен бірге алаңға бара жатып Байсейітова көшесіндегі фонтанның жанында қашып келе жатқан бір топ жастарды байқаған. Олардың соңынан қуып келе жатқан солдаттардың бірі саперлік күрекпен қызақ қызының басынан ұрып құлатқан. Контураева медик ретінде жүгіріп барып қызға жәрдем беріпті. Алайда ауыр соққыдан жұлыны үзілген бейкүнә қыз жантәсілім еткен.
Куәгер Мейрам Мәмбетов те 18 желтоқсанда алаңда болған қанды қырғын кезінде солдаттардың қолынан ауыр соққы алған бойжеткенге көмек көрсетуге ұмтылыпты. Алайда 15метр жердегі бетон дуалға сүйреп апарып, медициалық жәрдем көрсеткенше зардап шегуші қайтыс болып кеткен.
Алматы қалалық жедел жәрдем ауруханасының дәрігері Ирина Меньшикованың айтуынша, 17 желтоқсанда ауруханаға алаңдағы оқиғалар кезінде басынан соққы алған 19-20 жастағы қазақ жігіті ауыр халде түскен. Алайда ол реанимация бөліміне жатқызылмаған. Себебі реанимацияға бірінші кезекте жарақат алған милиця қызметкерлері жатқызылған. Мұндай нұсқауды аурухана әкімшілігі берген көрінеді. Оның салдарынан жігіт қайтыс болады. Осы кездері ауруханаға Энергетика институтында оқитын бір қазақ жігіті ауыр жарақатпен түскен. Ол шамамен 23-24 желтоқсанда қайтыс болған. И.Меньшикова қайтыс болғандар туралы мәліметтер аурухананың мұрағатында сақталуы тиіс дегенімен, аурухана әкімшілігі оны комиссияға беруден бас тартқан.
Желтоқсан оқиғасын тексеруге байланысты Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінен құрылған комиссияның қорытындысында Мұхтар Шаханов:
-Біз Орталық зираттың қызметкерлерімен бірге мәйітханалардың, қарттар үйінің, жүйке аураханаларының және Ішкі істер министрлігіне қарасты мекемелердің қайтыс болған азаматтарды жерлеу тәртібімен таныстық. Құжаттарды зерделеу барысында, «Западное» зиратында Ішкі істер министрлігіне қарасты құрылымдардың мәйіттерді көмуде көптеген кемшіліктерге жол бергені анықталды. Аталған зиратқа 1986 жылдың 1 желтоқсаны мен 1987 жылдың 31 желтоқсаны арылығында 131 мәйіт жерленген. Олардың тек 73-і ғана нөмірленіп, арнаулы белгілер соғылған. Қалған 58-іне мәйітке көмуге кеткен шығын туралы түбіртектен басқа ештеңе жоқ. Біз бұл мәйіттер сот үкімімен ату жазасына кесілген азаматтарға тиесілі шығар деген болжам жасадық. Алайда Жоғары соттан алынған мәліметтерге қарағанда 1986 жылдың желтоқсаны мен 1987 жылдың аяғын дейін ешқандай ату жазасы үкімі орындалмаған»,- дейді.
Желтоқсан оқиғасын басып-жаншуға қатысып, батырлық көрсеткені үшін Қазақ КСР-інің Ішкі істер министрі Г.Князев Қызыл Жұлдыз орденімен, ал оның орынбасары Э.Басаров пен басқа лаузымды қызметкерлер мемлекеттік наградаларды алды. Ішкі істер министрлігінің 1586 қызметкері «Милиция озаты», «Мінсіз қызметі үшін» төсбелгілері мен Грамоталармен және ақшалай сыйақылармен марапатталды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің медалі және Грамоталары 500-ге жуық азаматқа берілген. Алайда бұл марапаттаулар баспасөзде жарияланбай, құпия сақталды. Оқиға кезінде жүздеген бейбіт халықтың қаза тапқаны туралы мәліметтер қосымша тексеру амалдарын жүргізу үшін құқық қорғау органдарына тапсырылғанымен, оның нәтижесі белгісіз.
Желтоқсанның ақиқаты әлі күнге айтылған жоқ.
Мұрағаттан, 15.12.2011 ж