Оңтүстік Қазақстан облысының тұңғыш әкімі

Oinet.kz 18-03-2019 1054

Screenshot_3.jpg

Тәуелсіздіктің туы тігіліп, жаңа басқару жүйесі  жүзеге аса бастаған шақта  Марс Үркімбаевқа Оңтүстік Қазақстан облысының тұңғыш әкімі болу жауапкершілігі жүктелді. Коммунистік кезең келмеске кетіп, қайда бағыт аларын білмей дағдарған елдің есінде ерекше қалғаны Марс Фазылұлының «Академиктер қалашығын» салуға ұмтылған әрекеті  десек, жаңылмайтын шығармыз. Өкінішке қарай жақсы бастамасын аяғына дейін апара алмай, бертінде «Академиктер қалашығының» жері ту-талақайға түсіп, қазір  жекеменшік тұрғын үйлер салынып кеткен.  Дегенмен Үркімбаевтың облыс әкімі кезінде жаңадан тәуелсіздігінің туын тіккен елдің ұлттық құндылықтарын ұлықтау жолында үлкен тірліктер тындырылғанын атап айту қажет. Кеңестік кезеңде қойылған мәнсіз-мағынасыз, құрметке лайық емес атаулар ауысып, көшелерге, білім ошақтарына, мекемелерге, өзге де түрлі нысандарға  ұлт мақтанышына айналған алыптардың есімдері беріле бастады. Халықтық өнерді, салт-дәстүрді дәріптейтін мәдени-этнографиялық орталықтар құрылды. Руханиятқа көп көңіл бөлініп, рухты оятумен бірге  экономикалық-әлеуметтік саланы сауықтырудың,  шетелден инвестиция тартудың алғашқы іргетастары қаланды. «Пингвин» балалар бақшасының ғимаратында зағиптардың мектеп-интернаты ашылды. «Қыз Жібек» фирмасы Италиядағы көрмеден олжалы оралды. «Қазақиталқаракөл» бірлескен кәсіпорны, «Үрімші» қазақ-қытай дүкені,  Австрия-Қазақстан бірлескен «Сенім» кәсіпорны іске кірісті. Ғылымдағы табысы, яғни ұлағатты ұстаз ретіндегі жеке басының жетістігі жетерлік Марс Үркімбаев әкімдік қызметте «тау қопарып, тас жаратын» «төңкеріс» жасай қоймағанымен бірқатар игі істерді үнсіз ғана жүріп істеді.  

Марс Үркімбаевтың билік сахнасынан кеткеніне біраз жылдың төңірегі болды. Қалай айтсақ та, Үркімбаевтың тек ғылым саласында ғана емес, мемлекеттік қызметте де үлкен тәжірибесі бар екенін мойындау керек.  Екі жыл бұрын 70 жылдық мерейтойын атап өткен Марс Фазылұлы Үркімбаев алғаш рет Жамбыл гидромелиоратив-құрылыс институтының ректоры кезінде жарқырай көрінді. Осы қызметті атқарған 18 жыл ішінде Үркімбаев шыны керек, бұл білім ордасына көп еңбек сіңірді. КСРО-ның күйреуінің аз алдында, қайта құру кезеңінің ұрандатып тұрған заманында экономиканы жақсы білетін, басшылық қызметте үлкен тәжірибесі бар Үркімбаевтай қызметкерлер саусақпен санарлықтай ғана еді. Содан болар Үркімбаев билік дәлізіне аяқ басуы мұң екен, ол жоғары қарай тартып кете барды. 1990 жылы ол Жамбыл облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметіне жоғарыласа, елімізде тәуелсіздік туы желбірегеніне екі ай енді ғана толған кезде яғни, 1992 жылдың ақпан айында Оңтүстік Қазақстан облысының тұңғыш әкімі болып тағайындалды. Мемлекеттік басқару жүйесінде жұмыс істегеніне екі-ақ жыл болған Үркімбаевты бірден үлкен облысты басқаруға жібергені еліміздің тұңғыш президенті Н. Назарбаевтың оған қатты сенім артқаны деуге болады. 

Бірақ Марс Үркімбаев Оңтүстікте бар-жоғы 1 жыл 10 айдай ғана, яғни, 1993 жылдың желтоқсан айына дейін ғана қызмет атқарды. Әрине, соңғы жылдары Оңтүстікте жыл сайын әкім ауысқанға бой үйреніп қалды ғой. Оған қарағанда Үркімбаев ұзақтау отырған сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ Оңтүстіктегі екі жыл Марс Фазылұлы үшін өз өміріндегі өте күрделі, қиын кезең болғаны айдан анық. Біріншіден, Үркімбаев қанша жыл басшылықта болды дегенмен ғалым адам, билік дәлізінің қуыс-қалтарысын жақсы білмейді. Екіншіден, бұрын-соңды ешкім білмейтін жаңа мемлекеттік басқару жүйесі енді. «Бәрінен де бастау қиын» деген, оның көп уақыты әкімдік жүйені енгізу, қалыпқа түсіру, жаңа жүйеге сай жаңа кадрлар табу сияқты ұйымдастырушылық жұмыстарға кеткені рас. Үшіншіден, Оңтүстік үлкен және күрделі облыс. Басқа аймақтарда кадр тағайындауда тек биографиясына қарайтын болса, Оңтүстікте оған қоса «географиясына» да қарау керек. Облыстағы бірнеше ықпалды топтардың ыңғайын табу да «орыс» мінезді Үркімбаев үшін оңайға түскен жоқ. 

Әрине, Оңтүстікті басқару оңай емес екені о бастан белгілі, бірақ Марс Үркімбаев әкім болған жылдары жоғарыдағы құзырлы органдармен арада көп келіспеушілдікке кездесті. Сол жылдары еліміздің бас прокуроры қызметін атқарған Жармахан Тұяқбаев пен Үркімбаев екеуінің ерегісі шарықтау шегіне жетті.  Алғаш рет М. Үркімбаевқа 1993 жылдың сәуір және қазан айларында Жоғарғы Кеңес мәжілісінде айып тағылды. Бас прокуратура сол жолы ғалымға «қызметтік билігін пайдаланды», «сыбайлас элементтермен байланысы бар» деген айып тақты. Осы шудан кейін Үркімбаев көп ұзамай отставкаға кетті де, тек 1994 жылдың ақпан айында ғана қайтадан қызметке ілігіп, еліміздің экономика министрі болды. Бірақ тамыз айында қайтадан басына қара бұлт үйіріліп, Үркімбаевтың өміріндегі нағыз аласапыран басталды. Ол тергеу жұмысы басталғанына байланысты қызметінен шеттетілді. Алайда сол жылдың қыркүйек айында Қауіпсіздік Кеңесінің шешімімен қызметіне қайта орналасты да, арада бір ай өткенде Президенттің Жарлығымен отставкаға кетті. Бірақ, оның үстінен қозғалған қылмыстық іс еш нәтиже берген жоқ, яғни, Үркімбаевты ешкім түрмеге қамаған жоқ. Отставкаға кеткеннен кейін көп ұзамай ол Президенттің қолынан сыйға алтын сағат алды. Зейнеткерлікке шығарының алдында академик, профессор М.Ф. Үркімбаев Қазақстан кәсіпкерлері мен өнеркәсіпшілері Одағының президенті қызметін атқарды. Айтпақшы, ол Оңтүстікте әкім болған кезінде Нұрғали Әшімов оның көмекшісі болған. Үркімбаевтың ықпалы болды ма, жоқ па, ол жағы белгісіз, бірақ арада біраз жылдар өткенде Н. Әшімов те осы облысты басқарғанын, қазір Қоршаған ортаны қорғау және экология министрі екенін елдің бәрі біледі.

Жалпы алғанда Үркімбаевтың қызметтік жолдарына қарап отырсаңыз, Бас прокуратурамен арадағы көп келіспеушілігін байқайсыз. Бәлкім, Оңтүстіктің кейбір ықпалды топтары түтеткен отты прокуратура үрлеп, тіптен жалынға айналдырған да болар. Тіпті Үркімбаевқа Тараздағы бір жолдасының студент қызын Америкаға оқуға жіберді деген де айып тағылыпты. Қыздың шетелде оқуы үшін облыстық бюджеттен 15 200 АҚШ доллары бөлінген екен. Мән-жайды білу үшін Америка мен Англияға екі тергеуші арнайы жіберіліп, нәтижесінде қыздың оқуды үздік бітіргені, көптеген олимпиада мен конкурстардың жеңімпазы екені анықталды. Бұдан басқа оған ШНОС зауыты директорының өліміне қатысы бар деген күдікпен айып тағылған. Кейінірек бұл істі полиция тергеп, ШНОС-та мазут сатудан түскен 42 миллион доллардың бір офшорлық есеп-шоттарда жоқ болып кеткенін анықтапты. Бірақ, көп ұзамай бұл істі бас прокурор Жармахан Тұяқбай жауып тастаған. Кейнірек Ж. Тұяқбай биліктен кетіп, оппозиция лидері ретінде президенттік сайлауға түскенде ақпарат беттерінде Үркімбаев ол туралы бірді-екілі «біртүрлі» әңгімелер айтқанын оқығанбыз. 

Міне, осындай қысымды, аса ауыр күндер мен түндерді өткізген Марс Үркімбаевқа Оңтүстік Қазақстан облысында әкім болу оңайға түспегенін байқайсыз. Бәлкім, осыдан кейін шығар ғалымнан шенеунік шыққан жоқ. 

Мұрағаттан, 15.12.2011 ж

Елімізде жыл сайын суицидтен шамамен 8 мың адам өледі екен
Назарбаев «Халық қаһарманы» атағынан бас тартты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу