Көксарай Қазақстанды тәуелділіктен құтқарған ғасыр жобасы

Oinet.kz 01-04-2019 1238

Screenshot_1.jpg

Былтыр қыста Сырдариядан 1 миллиард текше метр су қабылдаған Көксарай су қоймасы биыл бұл көрсеткішті үш есеге арттыруға мүмкіндік алды. Осылайша сыйымдылығы 3 миллиард текше метрді құрайтын су қоймасы аяқталып, ол өзінің міндетіне толығымен кірісті. 

Жалпы, Көксарай су қоймасы салынар тұста Сырдариядағы қалыптасып отырған ахуал онсыз да мәз емес еді. Өзендегі судың көптігінен Арыс, Түркістан қалалары мен Отырар ауданына қарасты біраз елді мекендер жаз ортасында су тасқынына ұшырады. Мамандар  Шардара су қоймасынан Сырдарияда тасталып жатқан судың көлемі бұрын-соңды мұншалықты көп болған емес дейді. Ал, дарияның басында отырған айыр қалпақты ағайындар Тоқтағұл су қоймасының кемеріне келгенін айтып, дабыл қақты. Яғни, судың соңында тұрған Шардара су қоймасы тағы да шарасыздыққа ұрынды...Қыста суға «қарық» болып, шіліңгір  шілдеде сусырау жылда қайталанатын әдетке пайналды. 

 ...Қысқасы, Көксарай дер кезінде көмекке келді. 

…Көксарай Арыс қаласының аумағында жатыр. Шымкент пен Арыс қалаларының арасы 80-90 шақырымды құрайды. Ал, Көксарай су реттегіші Арыстан  45 шақырым қашықтықта, Арыс-Шардара тас жолының бойында жатыр. 45 шақырым дегеніңіз оншалықты алыс көрінбегенімен, екіараға бақандай екі сағат уақытыңызды жұмсайсыз. Тас жолдың бойы бүгінде үлкен өзгеріске ұшыраған.  Биылғы келген судың «ізі» сайрап жатыр. Әр жерде қалған көлшік сулардың айналасына үймелеген адам. Балық ұстап жатқанға ұқсайды. Сырдың суынан қалған сары сазандар мұнда көп сияқты. Көлшіктің әр жерінен шоршыған олар көліктегі адамның өзіне анық байқалады екен. Су басқан жерге биыл қалың құрақ біткен. Жергілікті халықтың оны орып алынғаны да аңғарылады. Кешегі  шаңы шыққан тақыр жер осылайша аз уақыттың ішінде өзгеріп сала берген. Су тіршілік көзі деген осы емес пе?

Жалпы, жобасы одақ кезінде-ақ жасалып қойылған Көксарай су реттегішін салуға келгенде  Үкімет он ойланып, жүз толғанғаны есімізде. Судың соңында отырған Қазақстан Орта Азия мемллекеттері Сырдарияның суын өзара келісіммен пайдаланады деген сенімнен ажыраған жоқ. «Егер көршілермен келісімге келе алсақ, бізге Көксарайдың керегі жоқ» дегендер де болды.  Алайда бұл үміт жібі үзілді. Көршілер келісімге келгенімен, қысылтаяң кезеңде баяғы әдетіне басып, қарақан бастарын күйттеп кетті. 

...Ақыры 6-7 жылдан бері тынымсыз айтылып келе жатқан ғасыр құрылысының қазығы қағылды. Мұншама ойланып-толғанудың астарын енді түсінгендейміз. Өйткені Көксарай су реттегіші Сырдария-Нарын сағасында жатқан су қоймаларына қарағанда жобасы ерекше құрылыс. Мұндай құрылысты жүргізуге ерен күш қажет еді. 

Салыстырып көрейік, сыйымдылығы 5 миллиард текше метрді құрайтын Шардара су қоймасындағы бөгеннің ұзындығы 8 шақырымды құрайды. Ал, Сырдың бастауында жатқан, сыйымдылығы 19 миллиард текше метрді құрайтын Тоқтағұлда ол 300 метрге де жетпейді. Ал, бар-жоғы   3 миллиард текше метр суды қабылдауға мүмкіндігі бар Көксарай бөгенінің ұзындығы 44 шақырымнан асады. Өйткені жер жағджайы солай. 

Жоба бойынша су сақтағыш қойма Сырдың бойында емес, онымен іргелес жатыр. Ол тап бір су құятын ыдыс тәрізді. Оған су қажет кезде Сырдариядан арнайы канал арқылы келіп құйылады. Одан кейін реттегіш арқылы қайта Сырдарияға жіберіледі.

Жалпы Көксарай су реттегішінің елге берер пайдасын санамалап жатудың өзі артық. Ең басты пайдасы ол—Шардарадан Аралға дейін аралықтағы Сырдың бойына қоныстанған елді мекендердің қауіпсіздігі. Бұл елді мекендердің қатарында облыс орталығы—Қызылорда қаласы да жатыр.  Бірақ соған қарамастан қызылордалық атқарушы биліктің Көксарай су қоймасы құрылысын салуға қатты қарсылық білдіргенін әлі күнге түсіне алмай жүрмыз. 

Жүз естігеннен бір көрген артық деген. Алып құрылыстың басы-қасында жүріп Көксарай туралы айтылып келе жатқан ақпараттардың қайсысының шындық, қайсысының әсіре әңгіме екеніне көз жеткіздік. Мәселен, базбіреулер су қоймасында болашақта электр қуатын өндіретін станция салуға болады, сондай-ақ, мұнда балық шаруашылығын дамытудың қолға алу керек деген. Бұл қисынсыз сияқты. 

--Су қоймасына қанша су құйылатынын Арал-Сырдария су бассейінін реттеу басқармасы шешіп отырады. Сырдарияда су көп болған жылы Көксарайға құйылатын су да көп болады. Ал кейбір жылдары су қоймасы мүлдем су қабылдамайды. Себебі оның қажеттілігі болмауы мүмкін. Мұндай ұдайы өзгермелі жағдайда ГЭС салу, балық шаруашылығымен айналысу тиімсіз,--дейді мамандар. 

Су қоймасының құрылысы жергілікті халықтың әлеуметтік тұрмысына да оң әсер еткен. Көксарай су реттегіші Арыс қаласының Байырқұм, Жиделі, Ақдала, Қожатоғай, Шөгірлі сияқты ауылдарына жақын жатыр. Ғасыр құрылысына жұмылдырылған  жалдамалы жұмысшылардың көпшілігі осы ауылдардың тұрғындары еді. Қазіргі уақытта нулы, сулы--Көксарайдың бойын халықтың демалатын орнына айналдыру туралы ұсыныстар айтылып жатыр. 

Елбасының өзі қолдап, оның құрылысын тікелей бақылауына алған Көксарай мемлекетіміздің игілігіне, елдің қауіпсіздігі мен экономикасына қызмет ете бермек! 

Мұрағаттан, 13.10.2011 ж

Депутаттар қандай салат жейді?
Археологтардың айтуынша Шымкент 2200 жылдан бері бар
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу