Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Биыл астық мол. Өткен ғасырда Кеңес Одағының нанын жегендер ол дәуірде ең рекордтық көрсеткіш --1 миллион пұт, яғни 16 миллион тонна астық жиналғанын айтады. Ал, биыл облыс әкімдіктерінің мәліметтері бойынша осы дүйсенбіге дейін 24 миллион тоннадан астам астық жиналған. Бұл Қазақстанның тарихында болмаған оқиға. Ауыл шаруашылығы министрі А.Мамытбеков таза салмақпен 22-23 миллион тонна деңгейінде астық алу болжанып отырғанын Мәжіліс депутаттары алдында мәлімдеді. Қазақ елінің тарихында А.Мамытбеков алғаш рет рекордтық астық жиналған кезде ауыл шаруашылығы министрі болуымен қалатыны да ертеңгі күндері айтылар мәліметтердің бірі. Дегенмен...
Бірқатар депутаттар астықтың тонналап ашық аспан астында қалатынына алаңдаушылық білдірді. Мысалы, депутат Қ.Уәли министрлік таратқан мәліметтердің барлығы ресми тілде екеніне, ауылдың тілінде сөйлемейтініне ренішін айта келе, А.Мамытбековтың деректеріне күмән келтірді. «Сіз айтып отырсыз элеваторлардың 70 пайызы ғана астыққа толды деп. Сөткелеп, километрлеп кезекте тұрған көліктерді теледидардан көреміз. Ал, сіз бәрі жақсы деп айтасыз, кімге сенеміз сонда. Егін орағы бітіп қалды деп тағы айтып отырсыз, бірақ оған үлкен күман бар. Алысқа бармай-ақ қоялық, Астанадан ары қарай 25-30 шақырым жүрсеңіз, жайқалып орылмай тұрған егінді көресіз»,-дейді депутат.
«Бидайдың баратын жері-диірмен, депутаттың баратын жері – ауыл» деп сөз бастаған депутат Р.Сәрпеков министрлікте отырған «ауылдың иісі мұрнына бармаған, ауылда болмаған балалардың» құрастырған құжаттары мен дайындаған қаулыларымен диқандардың жұмыс істеуі мүмкін еместігін жеткізді. Ауылға білікті мамандар да қажет. Жағдай жасалса, баратын маман табылады. Ал, әзірге шетелдік агрономдарға жүгінуге мәжбүрміз. Тегін емес, әрине. Мысалы, депутат С.Ферхоның айтуына қарағанда, жылыжайларда жұмыс істеп жатқан Голландиялық агроном күніне 400 евро еңбекақы алады екен. Өзіміздің жас мамандар ауылға баруы үшін «дипломмен ауылға» бағдарламасына агрономдарды да енгізу қажет. Астықты терең өңдеп сату жұмыстары да ойдағыдай емес. Мамандардың айтуынша, еліміз дүниежүзіне 2,2 миллион тонна ұнды экспортқа шығарады екен. Ұн шығаратын зауыттардың экономикалық қуаттылығын арттырып, өзімізде макарон, вермишель, тәтті күлше шығару қажет. Шағын цехтарды әрбір ауылда ашуға болады. Одан басқа, крахмал, сироп өнімдерін де шығаруда ұйымдастырушылық жұмыстары жетіспей жатқан секілді.
Тағы бір мәселе - бүгінгі таңда элеватордың барлығы дерлік жеке меншікке берілген. Бар элеваторлардың 4-5 пайызы ғана мемлекеттік. Сол жеке меншік элеватордағылар өз пайдасын көбірек ойлайтыны мәлім. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы мамандары элеваторлар астық магнаттарының астығын бірінші кезекте алатынын айтуда. Ал ауылдағы қарапайым диқандар ол элеваторларға делдалдар арқылы келісуге, бағасын түсіріп өткізуге мәжбүр. Астықтың мол болуын, терең өңдеу арқылы қыруар табыс табу мүмкіндігін ескерген сарапшылар елімізде нанның бағасы 15-20 теңге шамасында болуы тиіс деп есептеп отыр. Мәжілістегі Үкімет сағатында депутаттар да ауылшаруашылық министріне нанның бағасын төмендетуге қатысты ойларын жеткізді. Алайда, министр астықтың бағасы төмендегенімен, нанның бағасы арзандай қоймасын мәлімдеді. «Біз, естеріңізде ме, нанның бағасын тым саясиландырып жіберген кезден өттік. Ал бір кездері нанмен мал асырағанбыз. Жем дайындаудан арзан нанды сатып алып малға беру тиімді болды. Әрине, ондайға жеткізбеуіміз қажет. Сондай-ақ, біз нанда басқа да құраушылар – электр қуаты, еңбекақы, негізгі құралдардың амортизациясы.... басқа да көптеген құрамдастардың барын ұмытпауымыз қажет», дейді А.Мамытбеков. Яғни, нан арзандамайды, ал қымбаттамасына кепілдік жоқ және «астық арзандады, нанның бағасын төмендет» деп «рекордсмен» министр наубайханаларға шарт қоя алмасы анық.
Айтпақшы, министрге сұрақ қойған депутат Б.Сыздықова қарапайым халықтың дастарханынан және сауда орындарындағы отандық тауарлардан мүлде хабарсыз екендігін білдіріп алды. «Жуырда салат істедім, - дейді Б.Сыздықова. – Орама қағаздарына қарасам – ақжелкен мен аскөк Израилдікі, қызанақ – Испаниядан, - қияр – Қытайдыкі, тек күнбағыс майы ғана - қазақстандық ...». Базар аралауға уақыты жоқ депутат өз көкөнісіміздің жоқтығын меңзеп тұр бұл арада. Оның бұл «аңғарымпаздығын» министр қалжыңға айналдыра, «сіздің импорттық өнім сатып алуға мүмкіндігіңіздің барына қуаныштымын» деп «түйреп» өтті.
Мұрағаттан, 13.10.2011 ж