Дінмұхамед Қонаев пен Шәмші Қалдаяқовтың кездесуіндегі әңгіме

Oinet.kz 10-09-2020 2129

Шәмші Қалдаяқов.jpg

Оразбек Бодықовтың естелігінен:

– Амансың ба, Шәмші? Кел, отыр... Әндеріңді жақсы білемін... Біздің үйдегі ЗуҺра жеңешең өзінің татар әндерінен соң сенің «Ақмаңдайлымыңа» басады. Бүгін сені көргенімді айтып қуантайыншы, – деді Димекең.

– Рақмет, Димаш аға... Мен әнді "әруақ" деп білемін. Әруақты сыйлағаныңызды айта-айта жүрермін.

Қонаев (жымиып): –  «Әруақ» деген сөзің жақсы екен. Біздер бұл сөзді айтпай кеткелі қай заман...

Шәмші: – Ал мен сізді тек орысша сөйлейді, ескі сөздерді білмейді деп ойлаушы едім. Кешіріңіз, аға.

Қонаев (күрсінгендей болып): – Әй, Шәмші-ай! «Замана сенімен санаспайды, сен санас» деген. Мен де сол заманның құлы болдым. Оны біреулер түсінсе, біреулер  түсінбес... Мен үшін сол қайғы.

Шәмші: – Димаш аға, ол жағдай менің де басымда бар. Менің әндерім көбіне жиын-тойда, ішкілік үстінде айтылады. Ал ол әндер менің жүрегімдегі шерден, мұңнан шыққан болатын. Жұртшылық оны білмейді-ау деп қамығам.

Қонаев (ойлы): – Иә, сенің де, Нұрғисаның да әндерінде өмір бар. Өткен шағыма ойлап қарасам, өмір дегенің сарқырап жатқан асау өзенге салынған жалғыз аяқ аспалы көпірдей қиын өткел. Аман-сау өте аламыз ба, бірақ?...

Шәмші: – Мына сөзіңізден менің құлағыма ән естілгендей болып тұр, Димаш аға. Мен енді "Өткел" деген ән жазайыншы.

Қонаев (күліп): – Қой-қой... Егер сен сарай ақындарындай ән жазып кетсең, сені мен түгілі елің сыйламай кетеді.

Шәмші: – Сізді, Мәскеу жағын білмедім, қазақ халқы түгел сыйлайды.

Қонаев: –  «Түгел» дегеніңе тағы да күмәнім бар. Неге екенін, Қарағандыда тұратын Нұрсұлтан деген інімнің – ол да бастық – сөзімен айтайын:

Қиын ғой жалпақ жұртқа түгел жақпақ,

Көңілін жақсы-жаман түгел таппақ.

Қақ жарып қара қылды жүрсең-дағы,

Жүреді біреу мақтап, біреу даттап.

Енді түсіндің бе?

Шәмші (орнынан ұшып тұрып): – Апыр-ай, Димаш аға, сіз өлең де жаттайды екенсіз ғой!

Қонаев (жымиып): – Егер мен Сүйінбай ақынның қырғыз ақыны Қатағанға бүкіл қазақ халқының атынан айтқан өлеңін жатқа оқысам, сен мені Қонаев кабинетіне шақырып алып, мақтанды дейсің-ау, ә?

Шәмші: – Шынымды айтайын, Сүйінбай ақынды білгеніммен, әлгі өлеңі есімде жоқ.

Қонаев: – Мен өлеңді қайбір жақсы өмірден жаттады дейсің. «Қонаевтың қолынан бәрі келеді» дегені болмаса, Қазақстанның бар билігі Мәскеудің қолында екенін біреу біліп, біреу білмейді. Біз әлі тәуелдіміз. Ел мүддесін қорғап, жоғарыдағылармен жағаласып жүргенімде, бар сенгенім – қазағым бұл жақта ру-руға бөлініп, өзді-өзі қырқысып жатады. Қазақтар руға бөлінбей біріксе ғана жауға алдырмайтын айбынды ел болатынын жырлаған Сүйінбай ақын неткен данышпан, неткен көреген!

Шәмші: – Димаш аға! (күліп). Рушылсың деген өсекке қалам ба деп, қай рудан екенімді ешкімге айтпаушы едім. Енді айтамын.

Қонаев: – Солай ет, Шәмші. Қазақта «Түбін білмеген түгін білмейді» деген сөз бар. Жеті атасына дейін жазбай білетін атамыздың айрықша қасиеті де осында. Қаны таза кісінің дені де, тілі де сау. «Мен – Қазақпын!» деген Жұбанға да талайлар таяқ ала жүгірді-ау...

Шәмші: – Димаш аға, қазағым айдын шалқар теңіз болса, мен сол теңізге ескексіз малтыған кішкентай қайықпын. Сондықтан сізге айтар өтінішім көп. Менің артымда сізді әруақтай сыйлайтын қазақ деген халқым бар. Сізге солардың тілегін айтайын.

Қонаев: – Айт!

Шәмші: – Бүгінде бүкіл әлемге әйгілі Қазақстанның дәуірлей өркендеп, бақ-дәулеті барынша өсуіне теңдесі жоқ үлес қосқан сізді «Ардақтым» деп білетін халқыңыз сіздің аман болуыңызды тілейді.

Шәмші осыны айтып болып, орнынан тұрып, Қонаевқа бас иді. Бұл сөзді ойлы пішінмен тыңдаған Қонаев та алғыс айтқандай болып бас изеді. Сезімтал Шәмшінің құлағына алыстан салған «Елім-ай» естілгендей болды.

Қонаев: – Өмірдің осы бір ұзақ та шаңғыт жолында біраз нәрсе атқарған шығармын. Бірақ мен оны «еліме сіңірген еңбегім» деп емес, «борышым» деп білемін. Менің бар арманым – халқымның бірлігі мен ұлан - ғайыр даламның тұтастығын сақтау болды. Жатсам, тұрсам соны ойлап, менен бұрынғы хатшының Өзбекстанға беріп жіберген үш ауданын айқасып жүріп кері қайырттым. Нұрмолда, Ыбырай, Мұхтар секілді ардақтылардың аты бүкіл Одаққа үстем болуы үшін таластым. Тың игеруді ойлап тапқан Хрущев қазақ даласын орыстарға толтырса, мен нанымның молдығымен басқаларды жасқауды мақсат еттім. Өз халқыма, қайран қазағыма сіңірген жалғыз еңбегім – осы деп білемін.

Мұны естіген Шәмші орнынан қалай тұрып кеткенін, осындай нәзік сәттерде көзінен ыршып кететін қос тамшының қалай қағып тастағанын да аңғармай қалды.

Шәмші: – Асыл аға... Ардақтым... Аяулым... Кетесіз-ау, кетесіз-ау, сіз де бір күні!

Қонаев: – Көтер басыңды, Шәмші! Хан келеді, кетеді. Халық қалады, тақ қалады. Жалған дүние-ай, десейші! Менің орныма келгендер елін, жерін, егемендігін сақтап қалса – жасым жетті – жер қойнына еш армансыз енер едім. Тұр, Шәмші! Енді өз өтінішіңді айт!

Шәмші: – Айналайын қазағыма мынадай еңбек сіңіріпсіз. Өтінішім жоқ. Тек аман болыңыз!

Жарамсақтық деген не?
Нұрлыбек Жұбатқан. Аспаннан «атақ» жауды (Сатиралық әңгіме)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу