Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Димекең Талас ауданындағы бір ауылға келгенде, жиылған халық екі жарылып, қарсы алды.
Аксақалдармен қол алысып, амандасты. Бір үлкен қарияның жанына келгенде бөгеліп қалды. Әлгі қария: «Димаш балам, мына тұрған ауыл халқының атынан өзіңізге айтатын бір өтініш бар. Бiзде жол қатынасы өте нашар» дейді. Димекең жанындағы көмекшісіне «мына кісінің айтқандары қаперіңде болсын» дегендей сынай танытып, «Ақсақал, айтқандарыңыз орындалады» деп бiрiншi хатшыдан проблеманы толық біліп, қарияға «қатынас мәселесін» көтергені үшін риза болып, біраз шүйіркелесіп сөйлесті.
Арада көп өткен жоқ – ауыл мен аудан орталығында жол қатынасы жақсарып, жиі көлік қатынай бастайды.
Димекеңнің ауылға келгені ол кезде мектеп оқушысы бір қыз баланы есінде ерекше калды. Соңында әулиенің оған шапағаты тиді. Ол бала оқуға түсіп, мұғалім болады.
Соңында тұрмыс құрып, көп балалы ана атанады. Алматыда өзі ұстаз, жолдасы құрылысшы болып еңбек етеді. Баспана қиындығын қатты тартады. Кiмдердiң себеп болғанын өзі де білмейді. Ойламаған жерден төрт бөлмелі үйдің ордері қолына тиді.
Үй Төлебаев көшесіндегі Қонаевтын iнiсi Асқар Қонаев тұрған пәтер еді. Димекең iнiсi жаңа пәтерге көшерде тиiстi адамдарға «Асқардың пәтері жұмысшы, көп балалы анаға берілсін» деп нұсқау береді. Таңдау осы отбасына түссе керек.
Кейiн жаңа қонысқа кешіп келгенде жамбылдық көп балалы ана: «Құдай бар ғой. Сол кезде ауылға келген Қонаевты көргенім есiмнен кетпеді. Әсіресе, қарияларға өзінің келіп сәлем беріп, амандасуы Алла-Тағаланың құдіретінен болар – әлі көз алдымда тұр. Ал, Асқар Қонаевтың үйіне кіремін деп тіпті, ойлаған емеспін. Үш ұйықтасам, түсіме кірмеген оқиға» деп жиi еске алады.
Димекең шапағатына байланысты әнгіме айтқанда өзінің аты-жөнін айтуды қаламайтын кейуана жиі Құдайға құлшылық етіп, әулиелерден медет сұрайды.
Жамбыл облысынан ертеректе көшіп келген ана Димекең жатқан Кеңсай қорымының етегiнде тұрады. Жылда Димекең туған және өмірден өткен күнiнде Қонаев рухына бағыштап құдайы тамақ береді, Құран оқытады. Құлыптасы тұрған жерге келiп, дұға оқып, тағзым ету салт-дәстүріне айналған.
Кеңсайда жатқан кемеңгердің халық біле бермейтін шырақшысы осы ана – кейуана.