Нұрлыбек Жұбатқан. Аспаннан «атақ» жауды (Сатиралық әңгіме)
-Бүгін күн бұлттанып тұр. Қар жуатын шығар-деп,шешем үйге сөйлеп кірді.
-Қыстың сәні қар емес пе?-дейді біздің әйел күңкілдеп.
-Алақай,алақай қар жауса аққала жасаймыз-деп, балалар қуанды.Осы сәтте теледидардан Тәуелсіздік күніне арналған марапаттаулар жүріп жатыр еді.Көріп жатып көзім ілініп кетті.
-Ойбай,үйдің шатыры тарсылдап жатыр-деген қатты дауыс шықты. Бастапқыда далада қар емес,бұршақ жауған болар деп ойладық. Әйтеуір,тарсылы қатты.Жүгіріп сыртқа шықтық.О,тоба өз көзіме өзім сенбей тұрмын көктен бұршақ емес, домалақ-домалақ ордендер мен медалдар жауып тұр.Біздің әйелдің есі шығып кете жаздады. Мана теледидардан марапаттарды көріп, "шіркін,біреуін мен омырауыма жарқыратып қадап алсам ғой" деген еді.Әйел мектепте отыз жыл бойы еден жуады. Аспаннан атақтың түр-түрі домалып түсіп жатыр. Ақыры ол іздеп жүріп "Еңбегі сіңген еден жуушы" төс белгісін тауып алды. Ауызы ыржиып мәз болды. Шешем "Үздік зейнеткер" орденін омырауына жапсырып үндемей тұр.Сүйтем, ауылдың бәрі көшеде атақ теріп жүр. Ауыл әкімі Талтаңбай бір шелек атақты салып алып тұра қашты.Күнде араққа тойып жүретін Қопан "Маскүнемдер саласының үздігі" төс белгісін жарқыратып тағып алыпты.Банктен несие алып қарызға белшесінен батқан Қауғабай үшінші дәрежелі "Борышкер" орденін төсіне тағыпты. "Ауылдың алаяғы" төс белгісіне бірнеше адам таласып қалды. Полиция каптианы Аяған Сабағанов "Ұр,Тоқпақ" жүлдесін құшақтап тұр. Әр-кім өздері қалаған марапаттарға қолдары жетіп атаққа қарық болды. Ал,мен былтыр комиссия отырысында қаралған "Жазушылар одағының" төс белгісін іздеп жүрмін.Талдың түбінде жатыр екен, енді еңкейіп ала бергенде, бір таныс ақын жігіт іліп әкетті.Тұра қудым.
-Алақай,қар жауды,қар жауды-деп, айқайлаған баламның даусынан ұйқыдан оянып кеттім. Тәп,тәуір түс көріп жатыр екенмін. Қап, төс белгімнің қолыма ілікпегеніне жыным келді. Ашуланып ұлыма "неге ояттың?" деп айқайлап, шекесінен сарт еткіздім.