Самурай және шәй
Көшеде, қолында үстінде бірнеше пияла мен құрғақ шәй салынған банкалары бар поднос көтерген шәй дайындаушы келе жатты. Кенет бакалея дүкенінен асығыс-үсігіс ашуланған самурай шыға келді. Шәй дайындаушы жол бергісі келіп еді, жан-жағынан ештеңе байқамаған самурай оны соғып кетті. Қолындағы подносы ұшып кетті да, пиялалар сынды, ал құрғақ шәй ұнтақтары самурай қолына төгілді.
-Жан-жағыңа қарамайсың ба?-деді ашуланған самурай.
-Кешіріңіз мырза,-деді сыпайы ғана шәй дайындаушы, сөйтіп самурайдың жеңіне төгіліп кеткен шәй ұнтағын түсірмек болды.
-Тарт қолыңды,-деді самурай. Шәй дайындаушы асығыс қолын тартып ала бергенде самурай беліне байланған қылыштың сабына тиіп кетті.
-А-а, сен енді менің қвлышыма тиісейін дедің ба?-деді самурай көзі шатынап.
-Мырза, кешірім сұраймын,-деп шәй дайындаушы басын иді.
-Қаруыма тию арқылы қорламақшы болдың ба? Одан да бетімнен ұр. Оның өзі қылышыма тигеніңе қарағанда түк те емес,-деді самурай.
-Мырзам, алдымен тыңдап алсаңызшы, деп шәй дайындаушы самурайды сабырға шақырып. -Қылышыңызға қолым байқаусызда тиіп кетті, әдейі істеген жоқпын. Кешіріңізші мырзам!
-Кешірім сұрауға кеш болды,-деді самурай өзіне сенімді хәлде.
-Мен Гэндзимін. Жекпе-жекке шақырамын. Ертең кешке үйіме кел. Қылышыңды ала келуді ұмытпа. Самурай тәкаппар түрде үйіне кетті. Қолы дірілдеген шәй дайындаушы пияла сынықтарын жинай бастады. Оның қылышы жоқ болатын, және қаруды қалай ұстайтынын білмейтін. Шәй дайындаушы үйіне келіп жаңа пиялалар мен шәй алды, сосын шәкіртінің үйіне асықты. Ол кешігіп келді, ал қызметі мен тұрмысы өте жоғары шәкірті ұстазынан неге кешіккенін сұрады. Шәй дайындаушы самурайға жолыққаны жөнінде айтып берді.
-Оның аты Гэндзи дейсің бе?
-Иә.
-Сен онымен жекпе-жекке шықпақсың ба?
-Енді не істейін, амал жоқ шығамын.
-Онда сенің жаназаңа дайындала беруіміз керек екен ғой,-деді бай шәкірті. -Гэндзи өте мықты сарбаз, және ол анау-мынауды кешіре қоймайды. Онымен сайысқа шықтым дегенше өлдім дей берсейші.
-Жарайды, сабағымызды өтелік,-деді шәй дайындаушы. -Онда мына сабақты соңғы сабақ деп есептеу керек.
Кешке шәй дайындаушы қылыш жасаушы темір ұстасы досының үйіне қонаққа келді. Олар кейде бірге отырып сакэ ішуші еді.
-Досым-ау, тыныштық па, саған не көрінген?-деп сұрады ұста.
-Маған қылыш сатшы,-деді шәй дайындаушы. Ұста күлімдеді.
-Досым-ау, сен онсыз да менің тапсырыс берушіге бір қылышты бірнеше жыл жасайтынымды білесің ғой. Қылыш саған неге керек?
-Дәл бүгін керек,-деді шәй дайындаушы, сөйтіп ол досына самурай екеуінің арасында болған оқиғаны айтып берді. Ұста үнсіз тыңдады.
-Қылыштың неге керек екеніне енді көзің жетті ма?! Мүмкін, уақытша болса да маған бір қылыш тауып берерсің? Гэндзидің көмекшілерімен келісемін, сайыс біткен соң олар саған қылышты әкеп берер,-деді. Ұстаз ұзақ уақыт үнсіз отырды. Ол досының даусынан оның өлмекке бет бұрғанын анық байқады. Ақыры ол;
-Ақыры өлетін болсаң, несіне қолыңа бірінші рет қылыш ұстап тұрмақсың? Одан да өзіңнің шын мәнінде кім екеніңді, осы замандағы ең мықты шәй дайындағыш екеніңді көрсетпейсің бе?! Шәй дайындаушы ойланып қалды, сосын орнынан тұрып, досының иығынан бір ұрып, үнсіз түнгі көшеге шығып кетті. Соңғы шешімнен соң ол Гэндзидің үйіне қарай беттеді. Дарбаза алдында самурайдың бір ассистенті тұр екен.
-Гэндзи мырзаға менің шақыртуымды айтыңызшы,-деді ол. -Екеуміздің жекпе-жегіміз ертең кешке осы жерде дарбаза алдында болады ғой. Ертең түсте ол кісіні үйіме шәйға шақырып, сол арқылы ол кісіге сыйлық жасамақпын.
Таңертең ерте тұрған шәй дайындаушы самурайды күтіп алуға дайындалды. Үй айналасындағы талды күзеп-жонып, жолды су сеуіп сыпырды. Шәй ішетін стол мен ыдыс-аяқтарды дайындап, қарапайым гүлдерді әдемі орналастырды. Ең әдемі кимоносын тазалап, үстіне киді. Бәрі дайын болған соң ол самурайды күтіп алуға алдынан шықты. Көп ұзамай самурай екі көмекшісін ертіп келді. Шәй дайындаушы алдынан шығып басын иіп:
-Келгеніңізге қуаныштымын,-деді.
-Мен сыйлық жайлы бірдеңе естідім,-деп самурай күлімдеді. -Мені жекпе-жектен бас тартса деп жатырсың ба?
-О не дегеніңіз тақсыр, әрине олай емес. Мен өйтіп сізге құрметсіздік көрсеткім келмейді. Сөйтіп самурайды үйге кіруге шақырды, ал көмекшілеріне бау ішінде отыра тұрыңыздар деді.
-Әлде, маған өмірімді қалдыр демекшісің баһ?
-Жоқ,-деді шәй ұстасы.-Көңіліңізді қанағаттандыру керек екенін жақсы білемін. Менің өз жұмысымды көрсетуіме рұқсат етіңіз. Олар үйге кірді, шәй дайындаушы самурайға жайғасып отырыңыз деді.
-Мен шәй дайындап беруші маманмын,-деді ол. -Ол тек менің кәсібім мен өнерім емес, ол менің бүкіл болмысым. Сондықтан, рұқсат берсеңіз соңғы рет сіз үшін қызмет етейін. Самурай әлі толық түсінбеді, сонда да отырып, шәй дайындаушыға бастай бер деп бас изеді. Осы бір шап-шағын шәй ішетін үйдің жинақылығы көңілге жайшылық пен жан тыныштық береді екен. Сырттағы тал жапырағының сыбдыры мен үй жанында аққан су сылдыры естіліп тұр. Шәй ұстасы шәй ұнтағы салынған қорапты ашты сол сәтте көк шәйдің иісі сөреде тұрған гүлдер иісімен араласып кетті. Шәй дайындаушы ұста жәй қимылмен, сабырмен пиялаға аздаған құрғақ шәй ұнтағын салды. Сосын арнайы қасықпен тостақтағы қайнаған судан көсіп алып пиялаға құйды. Самурай шәй дайындау өнеріне сүйсіне қарап отырды. Шәй дайындаушы кішкентай ағаш қасықпен шәй ұнтағын қайнаған сумен араластырып, сосын үстіне тағы қайнақ су қосып, пияланы сабырмен самурайға бас иіп ұсынды. Самурай шәйді іше бастады. Шәй құюшыға пияланы қайтарып жатып оның үнемі сабырлы, салмақты хәлде екенін байқады.
Шәй ішіп болып, орнынан тұрып кетер кезде самурай:
-Сізге көп рақмет!-деді.
-Міне енді мен сізбен жекпе-жекке шығуға дайынмын, үйіңізге бара берейін,-деді шәй ұстасы.
-Жоқ, жекпе-жек болмайды,-деді самурай. -Мен бұған дейін еш уақытта, еш қарсыласымнан мұндай сабырлық пен сенімділікті көрген емеспін. Тіпті менің өзім, жеңетініме толық сенімді бола тұра қанша уайымдадым. Бірақ сіз...Сіз тек сабырлы боп қойған жоқсыз, қайта сол сабырлық пен сенімділікті маған дарыттыңыз. Шәй дайындаушы самурайдың көзіне қарап күлімсіреп басын иді. Ал самурай болса, одан да бетер басын төмен иіп құрмет көрсетті.
-Ұста,-деді самурай,-мен сізге шәкірт болуға лайық емеспін, сонда да болса маған ұстаз болуыңызды қалаймын деді. Мен де шәй дайындауды үйреніп, сол арқылы сабырлы, сенімді болғым келеді. Маған дәл сол қасиеттер жетпейді.
-Жақсы, ондай болса, мен сізге сол өнерді үйретейін. Тіпті бүгін кешке-ақ бастайық, ақыры біз кездесеміз деп келісіп едік қой. Қажетті заттардың бәрін жинап, кешке үйіңізге барамын,-деді ол.