Болат Назарбаевтың басынан бақ ұшты
19-04-2023
Баха би Сырдариядан төменгі Қызылқұмда тұрған Шөмекейге беделді адам. Базар жырау Нұрман болыстың қарындасын алып қашады. Нұрман болыс Базарды Қазалының түрмесіне қаматып тастаған екен .Түрмеде жатқан Базар жырау Баха биге осы өлеңменен сәлем жолдайды.
Ассалаумағалайкум,
Айбектің батыр Бахасы,
Шөменнің алтын сахасы.
Жақсы сөзбен ашылар,
Көңілдің қайғы қапасы.
Жадыңа дұрыс алмасаң,
Көзіңнің қырын салмасаң,
Қайратты туған Би аға,
Арлаған Базар ініңнің,
Болмай тұр еркін сапасы.
Үстінен дұшпан аспаған,
Аяққа пенде баспаған,
Сіз едің берен ағамыз.
Шыныменен бұрқансаң,
Атасы басқа дұшпаннан,
Босанар еді жағамыз.
Жолдасын жауға бермеген,
Көлденең сөзге ермеген,
Ешкімді бөтен көрмеген,
Қосқұлақ еді бабаңыз.
Жадыңа алсаң азбайсын,
Ақ Мұстафа піріңді.
Үмбетім демес Мұхаммед,
Тұтпасаң берік дінімді.
Төрт Шөмекейдің ары үшін,
Дұшпанға көрсет қырыңды.
Ағаға сүйеп арқасын,
Бір іске інің ұрынды.
Жатырмын жаттың ішінде,
Сездірмей сыртқа сырымды.
Мен Балқының Базары,
Сен Аспанның назары.
Жақсының жүзі арайлы,
Адамға жылы ажары.
Орынсыз мынау дұшпанның,
Батып тұр жаман азары.
Құйрығымен жар соққан,
Мен дарияның сазаны.
Кінәсіз күйген ініңмін,
Әділдік таппай әкімнен,
Тартып бір жатқан жазаны.
Ежелден халыққа жол айтқан,
Жәнібекұлы мен Кедейсін.
Бір істі алсаң ойыңа,
Ермейтін жан жоқ жолыңа,
Азды көпке теңейсін.
Қамқор болып ғаріпке,
Қысылғанға қол беріп,
Әруақша желеп жебейсін.
Айдаһардай айбатың,
Жолбарыстай қайратың,
Өзіңе тайлас дұшпанға,
Оғыңды қарсы кезейсін.
Таң шабытың келгенде,
Аш бөрідей кез келсе,
Кімді аунатып жемейсін.
Қанатымен су сеуіп,
Қаршыға көңілін білдірген,
Қысылған мендей ініңді,
Бір жолға Бапа--ау демейсін!
Базар жыраудың осы жазған сәлемдеме хатын, Баха би атамыз алғаннан кейін, қызылдағы Алты Аспанның игі жақсылары Баха би атамызға, бір үйір жылқы жинап берген екен. Осы бір үйір жылқыны Баха би Қазалының түрме бастығына айдап апарып беріп, Базар жырау атамызды, түрмеден шығарып алған екен деп айтып отыратын, кешегі өткен аталарымыз!