Мал базарында болған адамның жүрегін тебірентетін оқиға

Oinet.kz 08-06-2022 3978

Бүгін Ұзынағаштың мал базарында адамның жүрегін тебірентетін бір оқиға болды.

Screenshot_12.jpg

Түс қайта, мал базар тарқап жатқан кез еді. Немере інім Бекжан екеуміз төменнен жоғары келе жатқанбыз. Мал да, адам да сиреп, ығы-жығы дүниенің тарқаған кезі болатын. Кенеттен бір қолында үлкен сөмкесі, бір қолында ағылшынша бір жазуы бар картина ұстаған, жасы қырықтар шамасындағы келіншек алдымыздан шыға келді. 

"Ағалар, мына сөмкеде өзімнің ұлым ғана жатқан бесік бар. Ақшадан қатты қысылып тұрмын, сатып алыңыздаршы!" - деп, қолындағы сөмкені нұсқап, ішіндегі бесікті шығармақшы болды.

-Ой, айналайын-ай, дей беріп едім, әлгі келіншек: "Мына картинаны қызым өз қолымен жасап еді, ең болмаса осыны алыңыздаршы" деп бастырмалатып жіберді. Мен ойланбастан қалтамнан екі мың теңге шығарып, қолына ұстата қойдым да: "Сіз мына заттарыңызды басқа біреуге сатып, ақша қылып алыңыз, ал мынау менің берген көмегім болсын" дедім. Сол кезде қасымда тұрған Бекжан інім: -Мен сізге алпыс мың теңге садақа беремін, деп қалтасынан ақшасын суырып алып, санай бастады. Келіешек түсінбей, аң-таң болып тұр.

- Менің келіншегім он сегіз жыл бала көтермей жүріп, биыл ғана сәбилі болдық, Аллаға шүкір! Қырқынан шығарып, шашын алып шариғат жолымен садақа беруім керек екен. Шаштың әр граммы - алтынның әр грамына сәйкес келу керек екен. Ал алтынның бір грамы жиырма мың теңге, менің қызымнан үш грамм шаш шықты, деді. Сөйтіп Бекжан жиырма мың теңгеліктің үш қағазын әлгі келіншектің алақанына салып, қолын жиырып жіберді. Ана келіншек сенер-сенбес боп тұрды да қалды. Қатты қиналып тұрғаны көрініп-ақ тұр. Бір кезде көздерінен жас домалап жерге түсіп жатты. 

- Аға, сізге Алла разы болсын! Сізге Алла разы болсын!- деп бірнеше рет қайталап жіберді.

- Аға, мына бесікті екі қыздан кейін ырымдап, ұл туамын деп алып едім, ұлды болдым, алыңызшы, өтінем, деп тұрып алды. Бекжан қарсылық білдіріп тұр еді, мен "ал..." дегендей емеурін таныттым. Кім біледі, Алла нәсіп етіп, мына бір мұқтаж жанның дұғасы қабыл болса, он тоғыз жылдан кейін бауырым ұлды болып жатар...

Өңешіме өксік тығылып, кемсеңдеп біраз орнымда тұрып қалдым. Әлгі келіншекке бір ауыз жылы сөз айтайын десем, еңіреп қоя беретін сияқтымын.

Алланың құдіретіне шек бар ма! Бекжан сәбиінің шашын кеше ғана таразыға салып өлшетіп, түнде ғана садақа беруді ниет еткен екен. 

Украинадағы соғыста модель әрі мерген Талита ду Валье қаза тапты
«Пышақтап тастаймын»: Өз телефонын ұрыдан қайтарамын деп ажал құшты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу