Украинадағы соғыста модель әрі мерген Талита ду Валье қаза тапты
Украинаның Харьков қаласында белгілі модель, мерген Талита ду Валье қаза тапты. Ол кезекті әуе шабуылынан қорғанып, бункерге кіріп, қайта шыға алмаған. Сол себепті тұншығып 39 жасында жан тәсілім етті. Талитаны құтқармақ болған досы да қайтыс болды, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі Daily Mail басылымына сілтеме жасап.
Бразилиялық мерген бастапқыда модель болған, кейін Украинаға аттанған. 39 жастағы Талита ду Валье Ресей әскері жасаған зымыран соққысы салдарынан мерт болған. Марқұмның ағасы Тео Родриго Виейраның сөзінше, әйел өз бөлімшесінен бөлініп қалған. Кейін өртеніп жатқан бомбадан жасырынуға арналған панаға жасырынып, сол жерде тұншығып өлген.
40 жастағы бразилиялық Дуглас Буриго мергенді құтқармақ болғанда қаза тапқан.
"Шабуыл бірінен соң бірі жүрді, сөйтіп батальон бөлініп кеткен. Талита бомбадан жасырынуға арналған панаға кірген. Алайда бұл кезде пана өртеніп жатқандықтан, ішінен шыға алмай, қамалып қалған. Досы құтқаруға келіпті. Алайда ол да мерт болды. Ду Валье тұншығып қалған, оған ешқандай жарықшақ тиген жоқ", – деді ағасы Тео Родриго.
Талита Бразилияның оңтүстігіндегі Рибейрау-Претуда дүниеге келген, бірақ өмірінің 30 жылы аймақтық астана Сан-Паулуда өткен. Жас кезінде модель әрі актриса болып жұмыс істеген. Кейін заң факультетінде білім алып, қайырымдылық ұйымдарында жұмыс істейді.
Уақыт өте әскери істерге қызығушылығы артып, Иракта ИГИЛ ұйымымен соғыс жүргізген пешмергтер күшіне қосылады. Мұнда ол мергендіктің қыр-сырын меңгерген.
Теоның айтуынша, Талита Украинаға үш апта бұрын ғана келген. Ол майдан шебінен күнде хабарлама жіберіп тұрған. Әрі өзінің тек мерген ретінде емес, құтқарушы ретінде де жұмыс істеген айтқан.
"Талита үнемі шетелдік легиондармен бірге гуманитарлық миссияларға қатысатын. Үнемі адамдар мен жануарларды құтқарғысы келетін. Әлемді жақсы көретін, дамығысы келді. Қару – соғыстың бір бөлігі. Ол адамдарды құтқарды. Жастардың қолына қару алуын құптамайтын. Бейбітшілікті жақсы көрді", – деп қосты ол.