Путин шын мәнінде кім? Путинге 70 жыл
07-10-2022
Арыс өзенінің Сырдарияға құятын жердегі қойнауында Сарыкөл деген шағын көл бар. Міне, осы көлдің жағасына 1927 жылы Қалдаяқ деген кедей келіп, қамыстан күрке салып, осында мекендеп қалады. Қалдаяқтың шын аты Әнапия екен. Оның оң аяқ балтырындағы үлкен қалды көріп жүрген жеңгелері оны Қалдаяқ атап, содан осы ат оған сіңісіп кетіпті. Татарлардың гармонын, қазақтың қобызы мен домбырасын құйқылжыта тартатын сері Қалдаяқтың сол қамыс күркесінде 1930 жылы бір ұл бала дүниеге келеді.
«Оу, Қалдаяқ, ұлды болдың!» деген хабарды алып, үйіне асыға келген әкеге жыртық шүберекке ораған нәрестені қолына ұстата қойыпты. Нәресте болса да, ересек адамның қарулы қолын сезе қойған бала шар ете қалады. Басқа балалардай шыңғырып жыламай, бір түрлі әуезді ырғаққа ұқсайтын үн шығарған ұлына қарап: «Мен сені қиссадағы Жамшид патшаның атымен атағалы жүр едім. Бірақ мына дауысың патшанікі емес, әншінікіне көбірек ұқсайды екен», – депті. Сол кезде Құдайберген деген құрдасы: «Қалдаяқ, балаң адамдардың емес, әннің патшасы болса да, тақияңа тар келмес», – депті. «Онда айтқаның келсін. Жамшид деп қоямын», – депті сонда баладан басқа байлығы жоқ әрі кедей, әрі өнерпаз әке. Ол адамдар Жамшид деген ат алған сол бала содан аттай 30 жыл өткенде Шәмші Қалдаяқов болып өсіп-жетіліп, «вальстің королі» атанатынын білген жоқ-ау... Бірақ «король» деген аты дардай болғанымен, бұл өмірдегі басқа бақыттан жұрдай болып өтетінін де білген жоқ олар...
Шәмшінің бұл өмірде тартқан тауқыметі аз емес-тін. Әйтсе де, оған "Қазақ ССР-ы өнеріне еңбегі сіңген қайраткер" деген атақ берілер ме екен? - деп күтіп жүрген күндердің сарсылдырған азабын айтып жеткізуге тіл жетпейді.
Бұл – 1989 жылдың жаз айы болатын. Біздер Шымкенттің түбіндегі Ленинск деген ауылда Темірбеков Райымқұл деген музыкант жігіттің үйінде қонақ болып отырғанбыз. Таңертенгілік газетті қарап отырған Шәмшінің даусы оқыс шықты.
- Мә! - деді ол маған газетті ұсынып, - мына указды оқы.
Мен қарасам, газетте Шәмшіге "Қазақ ССР-на еңбегі сіңген мәдениет қызметкері" деген атақ берілген жарлық жарияланыпты. Екеуміз бір-бірімізге жалт қарастық. Сағаттың тықылы тоқтап қалғандай болды. Жүрегімізде жүртін бір әдемі сарын бар еді, ол да сап тиылды... Ал, ең бастысы, екеуміздің бар үмітіміз бірден үзілді. Әсіресе, Шәмшінікі.
Себебі, бар өмірін шығармашылықпен өткізген Шәмшіде не еңбек кітапшасы, не стаж жоқ болатын. Сондықтан да оған зейнетақы тиісті емес-тін. Егер оның композиторлық еңбегі бағаланып, "өнер қайраткері" деген құрметті атақ алса ғана арнайы зейнетақы алатын. Ал, "үздік мәдениет қызметкеріне" ондай ерекшелік тиіс емес.
- Ие, бәрі бітті... Тынды... - деді Шәмші терең күрсініп.
– «Сенген қойым сен болсаң, күйсегеніңді ұрайын» деген екен біреу...
- Апырай, неге бұлай етті? Олардың бұл ісі сізді композитор емес, автоклуб бастығы дегені ғой, - деп қалды Райымқұл.
Ие, кім десе о десін! Әйтеуір, Шәмшіге зейнетақы жоқ. Бүкіл қазақ халқына отыз бес жыл рухани азық берген Шәмші, енді алпыстан асып еңкеюге айналған шағында көк тиынсыз қалды деген сөз бұл.
-Дүниеде не нәрсе терең? Қай көл? - деді Шәмші даусы әрең шығып.
-Білмеймін. Мүмкін, Байкал шығар...
- Жоқ, көңіл,- деді Шәмші. - Бірақ, сол көлдің шөлге айналғаны жаман... Құдайым, Байкал суала көрмесін.
Мен Шәмшіге жалт қараған едім, есіл ер жылап отыр екен. Ол екеуміз үш жыл бірге жүргенде, мен Шәмшінің шын жылағанын көрген емеспін. Жүрегі нәзік, өзі сезімтал Шәмші оп-оңай көңілі босап, көзіне үйірілген қос тамшыны үзіп тастап отырушы еді. Ал, бұл жолы шындап жылады. Әлдекімдердің оңдырмай атқан оғына, қолынан бар келгені ғой, көз жасымен жауап берді. Шәмші – бала сияқты қорғансыз, кейуана секілді дәрменсіз еді. Сондай адамды жылату – адам жүрегіне қуаныш егетін әсем әнді жылатқандай боп сезілді маған. Міне, композитордың 60-жылдығы қарсаңындағы болған оқиға.
Авторы Оразбек Бодықов
Өмірдерек
Шәмші Қалдаяқов 1930 жылы 15 тамызда Шымкент облысының Отырар ауданындағы Шәуілдір ауылында дүниеге келген. 1947-1951 жылдары Сарыағаштағы Қапланбек мал дәрігерлік техникумында білім алды. 1950 жылдардан бастап шығармашылық жұмыспен айналысқан.
1951–1953 жылдары Ресейдің Сахалин портында кіші офицер шенімен, әскери борышын өтеді. 1953–1962 жылдары Шымкент облысының Темір станциясында бір жыл клуб меңгерушісі қызметін атқарды. 1956 – 1962 жылдары Алматы консерваториясында оқыды. 1956 жылы 25 қазанда белгілі ақын Жұмекен Нәжімеденовпен бірлесіп, еліміздің қазіргі әнұранына айналған «Менің Қазақстаным» әнін жазды. 1961 жылы Жәмила апаймен отбасын құрды. Екеуінен Мұхтар және Әбілқасым атты екі ұл бар. 1956 – 1961 жылдары сазгердің жүзден астам тамаша туындылары дүниеге келді. Осы бес жылдағы әндері арқылы Шәмші Қалдаяқов бүкіл Қазақстанға аты танымал белгілі компазитор болып үлгерді. Оның әндері той – думандарда, отбасылық, студенттік кештерде, жұмыс орнында, концерт эстрадаларында әуелете шырқалып жүр. Танымал әндер жазудағы табысы үшін 1965 жылы Қазақстан комсомолы сыйлығының иегері атанды. 1973 – 1991 жылдары 18 жыл бойы Тараз қаласының маңындағы Дүңген ауылында оңаша өмір сүрді. 1991 жылы Қазақстанның халық әртісі атағын алды. 1992 жылы 29 ақпанда Алматыда ауыр науқастан қайтыс болды. Сүйегі «Кеңсай» зиратына жерленді.Ұлы композитордың артында үш жүзге жуық әсем әндері қалды.
Тарихқа көз жүгіртсек, Шәмші Қалдаяқовтың Кіші жүз ішіндегі Жетіру, Жағалбайлыдан тарайтыны баршаға мәлім. Олар еліміздің батысын қоныстанған көне ру. Жағалбайлы руының ата қоныс мекені Ақтөбе облысына қарасты Ор және Қарғалы өзен бойлары. Ал ұзындығы 286 шақырымға созылған Ор өзені Жайыққа келіп құяды. 1920 жылдары аласапыран кезде Шәмшінің ата-анасы оңтүстікке қоныс аударған. Ақтөбе қаласынан 40 км жерде Шәмші Қалдаяқов атындағы (бұрынғы Пацаев) ауыл бар. Сазгердің аталас ағайындары да сол ауылда тұрады.