Желтоқсан желі ызғарлы. Желтоқсан көтерілісі

Oinet.kz 05-09-2020 975

Желтоқан желі.jpg

"Тоңдырды мені,

Тоңдырды сені.

Желтоқсан желі ызғарлы!"

Осы бір әнді ең алғаш 1986-1987 жылдары радиодан естідім ғой деймін. Аяз Бетбаев айтты мекен... Есіме алсам, құлағыма домбырамен айтылған мұңды әннің үні келгендей болады.

Ес тоқтатып үлгермеген елең-алаң балалық шағымыз ғой. Толық есімде қалмапты. Мұны енді сол жылдардағы естияр азаматтар білетін болар.

Менің бір есімде қалғаны, көрші Бәтима апаның үйге келіп соңғы жаңалықты жеткізгені.

Бәтима апа жаңалығын қалай бастағанын білмедім, әйтеуір әжемнің дауысы оқыс шықты. Ол кісінің "төтенше жағдайда" шығатын дауысы бізге таныс) Содан бір жағдай болғанын түсініп бәріміз жинала қалыстық.

--Иә, солай бопты! деп әңгімесін жалғады Бәтима апа. Менде бүгін естідім. Көтеріліске шыққан жастардың үстіне мұздай су шашыпты. Оған да қайтпаған соң, үлкеен бүлдезермен сүріпті. Жастардың аяқтары тізесінен қырқылып кетіпті...

--Ой, сұмдық -ай -деді әжем. Оларға сонша не көрінді?!

--Патшаны орыстан қойдырмаймыз -деп жатыр екен.

--Бәтима-ау, Пұшық баланың бір қызы қаладағы оқуда емеспеді?

--Ол қыз Қарағандыда оқитын. Оны да үйіне қайтарыпты.

--Жүрсейші сол үйге барайық....

Біз де үйде отырмай жиналып мектепке келсек, бәрінің әңгімесі көтеріліс жайлы екен. Дүмпуі қазақ даласын шарлап кеткен осы көтерілістің жайы ол кезде бізге түсініксіз. Дегенмен сезіндік. Үлкендердің түстері суық көрінді. "Колбин" дегеннің атты да суқ естілді. Желтоқсанның ызғарлы күні болса да суық... Айналамның барлығын суық қоршап алғандай денем түршігіп кетті.

Ұлтқа қарай атылған оқтың барша қазаққа тиетінін, тіпті алыстағы ауыл тұрғындарының да жүрегіне қадалғанын сол күні анық түсіндім.

Ұлттың не екенін, ұлттық намыстың не екенін сезіндірген сол бір ызғарлы күн менің балаң жүрегімде мәңгілік сақталып қалды...

Айдар Темірбекұлы


Ұлыма хат
Әже туралы эссе. Әжемнің айтқандары
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу