«ТАРАЗ» триосы тойлардан да көрінбей кетті... немесе шынында домбыра ұстап, ән айту күнә ма?
Анықтама
«Тараз» триосының тарихы тым әріде жатыр. 1973 жылы Жамбылда «Алатау» атты ансамбль құрамында трио құрылады. Бұл трионың көркемдік жетекшісі Алтынбек Қоразбаев болды. Тағы Алтынбек Бекмұратов және Мұхтар Рахманқұлов деген жігіттер өнер көрсетті. 1979 жылы А.Қоразбаевтың орнына Асылхан Шүңіреков, А.Бекмұратовтың орнына Пернебек Оспанов келді. 1985 жылы П. Оспановтың орнын Берік Қалиев басады. Кейінірек, топқа Ержан Ыдырысов қосылған соң, бұл үшеуі «Алатаудан» бөлініп шығады. Елімізде тәуелсіздік туы желбіреген алғашқы жылдарда бұл топ көптеген қиындықтарды бастан өткереді.
Тараздың 2000 жылдық тойынан кейін Берік Қалиев, Асылхан Шүңіреков және Ержан Ыдырысов өз топтарын «Тараз» триосы деп атайды.
Жасыратыны жоқ, бұған дейін де ел арасында «Тараз» триосы тарап кетіпті, үш әншінің біреуі кетіп қалыпты» деген әңгімелер шыққан-ды. Алайда, кейін трионың бір әншісі Асылхан Шүңіреков отбасылық жағдайына байланысты Алматы қаласына көшіп кеткені белгілі болды. «Бірақ, бұл трио тарап кетті деген сөз емес. Біз Алматы жаққа жиі барамыз. Тойға барамыз, жеке шаруамен барамыз, ән жаздырамыз... Асылхан бұл күндері сол Алматыдағы біз тоқтайтын бір үйіміз болып отыр. Таразда күн сайын өтіп жатқан кішігірім іс-шараларға, кішігірім концерттерге, ағайын-туысқанның той-томалағына Асекеңді Алматыдан шақырта бермейсің ғой. Сондықтан сахнаға Ержан екеуіміз ғана шыға берген кездер болды» деген-ді сол жолы трионың тағы бір әншісі Берік Қалиев.
Сөйткен «Таразымыз» тағы жоғалып кетті. Шыны керек, қазір ел әншілерді сахнадан гөрі тойдан жиі көретін болды ғой. Соңғы кездері «Тараз» триосы тойлардан да көрінбей қалған соң, бұл топқа тағы не болды, неге ел алдына шықпай қалды деген сұрақтар алаңдатып, трио жігіттеріне телефон шалған едік.
- Аллаға шүкіршілік, бармыз,- деді трио әншісі Берік Қалиев амандық –саулықтан соң. – Жақында ғана Алматыға барып ретро әндердің концертіне қатысып қайттық. Бірақ, теледидардан көрсетіп жатпаған соң, елдің көзіне жиі түсіп жатпағанымыз рас.
- Жігіттер бас қосып, репитиция жұмыстарын жүргізіп тұрасыздар ма?
- Репитиция жұмыстары қызу жүріп жатыр деп айта алмаймын. 2-3 әнді оранжировкаға беріп қойдық. Барлық мәселе қаржыға келіп тіреледі ғой.
- Әңгімеңіздің ыңғайына қарағанда «Тараз» триосының мазасы жоқ сияқты. Жалпы, трионың көрінбей кетуіне сіздің соңғы кездері намазға жығылып, дінге қатты беріліп кеткеніңіздің әсері жоқ па?
- Негізі Исламда домбыра харам етілген. Менің басты уайымым осы. Күндіз-түні Алладан «маған адал кәсіпті нәсіп етші» деп сұраймын. Бірақ, қайтесің, қу мұқтаждық, қу жоқшылық қайтадан домбыра ұстатып, ән айтуға мәжбүр етеді. Оның үстіне бұл - бала кезден бастаған кәсібім. Басқа кәсіп қолымнан келмейді. Жасым 45-ке келгенде не істеу керек екенін білмей, дал болып жүрмін. Мүмкін «Тараз» триосының көп көрінбей жүргеніне мұның да себебі бар шығар. Бірақ, триодағы Ержан мен Асылханға «менің орныма басқа адам іздеңдер, ешқандай өкпем жоқ» деп талай мәрте айттым. Алайда, лайықты әнші табылмады. Қаншама жылдық тарихы бар бұл топқа көрінгенді әнші етіп ала салуға болмайтынын байқадық.
- Қазір не көп, әнші көп. Сонда солардың бәрі харам тірлік істеп жүргені ме?
- «Сөз түзелді, тыңдаушым сен де түзел» деген ғой Абай атамыз. Сол айтпақшы, Алланы мадақтайтын, мәтіні уағызға толы әндер айтылуы тиіс. Мысалыға, Кенен атамыздың «Жалынып, жан қысылса, Құдай дейміз, жай кезде анау дейміз, мынау дейміз...» деген мағынасы терең, тыңдаушысына ой салатын әнін сүйсіне орындаймын. Бірақ, тойда тек уағыз әндерді ғана айтып жатпайсың ғой. Тойда жалаңаш тәнді, нәпсіқұмарлыққа насихаттайтын, көңіліңді көтеріп, құтыртатын әндер айтылады. Өз басым мұндай әндерге өте сақтықпен қараймын. Әнді орындап бола салысымен тойханадан шығып кетіп, мейлінше сыртта жүремін. Негізі шариғатта «Құлға жұма намаз парыз емес» деп жазған. Өйткені, жұма намазды тек жамағатпен оқу керек, ал, құлды қожайыны жібермей қоюы мүмкін. Сол айтпақшы, адамның алдында екі харам тірлік тұрса, қауіп туып, біреуін таңдау керек болса, Ислам ол адамға біреуін таңдауға рұқсат берген. Мен бұдан өзімді ақтап алайын деп тұрғаным жоқ. Бәлкім, иманым әлсіз шығар... Мен осы кәсіпті тастап кетсем, бала-шағым аш қалады. Яғни, қауіп төніп тұр деген сөз. Бірақ, мені ең қинайтыны – арақ ішіп отырған адамдарға қызмет көрсету. Ішімдік ішу - Алланы мазақ ету деген сөз. Сондықтан соңғы кездері ақылым айран болып кетті. Аллаға сатқындық, екі жүзділік жасап жүргендей сезінемін өзімді. Домбыра ұстап, ән айтпасам, тұрмысым нашарлайды. Осыны ойлай-ойлай кей кездері жылағым келеді, жасыратыны жоқ, кей кездері жылап та аламын...
Ержан Ыдырысов, «Тараз» триосының әншісі
- Шынын айту керек, бізді қазір Таразда тойға өтесирек шақырады. Көбінесе Астана, Алматы, Шымкентте жүреміз. Бәлкім, тараздықтар бізден жалыққан да болар. Оны да түсінуге болады. Қанша дегенмен, әншілер әнін ғана емес, киімдерін де жиі өзгертіп тұруы тиіс қой. Ал, Беріктің мәселесіне келер болсақ, оның: «Менің орныма басқа адам табыңдар» деп айтқаны рас. Бірақ, ешкім табылмады. Қазір Беріктің концерттерге, әсіресе, тойларға баруы өте қиын. Барған күнде де баяғыдай ашылып-шашылмайды...
...Міне, «Тараз» триосының басындағы жағдай осындай. Шынында домбыра ұстап, ән айту күнә ма? Мұның төрелігін оқырманның еншісіне қалдырдық. Сіз қалай ойлайсыз, құрметті оқырман?
Ахметжан Керімбек, ҚМДБ-ның Жамбыл облысындағы өкіл имамы, орталық «Һибатулла ат-Тарази» мешітінің бас имамы
- Құран сүрелеріне сүйенсек, онда «Домбыраны пайдалануға мүлдем болмайды» деген тиым жоқ. Ол адамның өзіне байланысты. Ол адам сол музыканың себебінен Құдайды ұмытып, құлшылығын тастап кетсе, онда тиым салынады. Сол домбыраның соңына түсіп, намазын тастап, тәубасынан жаңылса, онда тиым салынады. Алайда дәстүрді насихаттап, елге тәрбие беріп жатса, домбыраны пайдалануға рұқсат бар. Сол домбырамен Исламды насихаттайтын, адамгершілікті, имандылықты, тәрбиені көрсететін өнегелі термелерді орындағанның залалынан гөрі сауабы көбірек болады.
oinet.kz мұрағатынан