«Қайынәпкем бәрімізге қарыз»: кредит төлеуден шаршаған жас келін мәселесін айтты

Oinet.kz 18-04-2022 3994

Дариға бұрын өз атынан туған әпке-жеңгелеріне кредит алып берген екен. Бәрі уақытылы төлегендіктен, қайын әпкесіне де сенген. Бұл туралы кеңірек ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді: 

Screenshot_27.jpg

«Біз қалада пәтер жалдап тұрамыз. Ата-енем ауылда. Бір қайынәпкем Таразда, біреуі Алматыда, ал үшіншісі Шымкентте тұрады. Бәрінің түтіні бөлек, бала-шағалы. Тараз бен Алматыда тұратын қайын әпкелерім көп сөйлемейді, жақын жерде болса да үйге келе бермейді. Оларды тек той-жиындарда көрем. Ал үшінші қайын әпкем кез келген адаммен тез тіл табысып кетеді. Мен келін боп түскенде де жанымнан шықпай, әңгімесін айтып, шайымды әкеп жүрген сол еді. 

Беташардан соң түн ортасына дейін тынбадым, келім-кетімнің шайы, ыдыс жуу дегендей, жас келіннің тірлігі бітпейді ғой. Сол кезде де үшінші қайын әпкем Римма «Сені көріп өзімнің келін боп түскен шағым есіме түсіп кетті. Шаршаған шығарсың, қалған ыдысты өзім жуа саламын. Ұйықтап ал» деп, жанашырлық танытқанда жылағым келген. 

Қайын әпкем маған осылай жанашырлығымен жақын боп кетті. Шымкентте жаңа мөлтекауданда тұрады екен. Кең, үш бөлмелі пәтері бар. Жиһаздары да, ыдыстары да соңғы үлгіде, қымбат. 

Қайын әпкем дастархан басында ипотекаға алып, жалға беріп қойған бір бөлмелі пәтері де бар екенін айтып қалды. Жақында үлкен ұлын үйлендіргенде де қымбат мейрамханада тойын жасап, шашылған еді. Тұрмысы жақсы екенін сол кезде де байқағанмын. Күйеуі астына қымбат көлік мініп алған. Бірақ сұрасам, қайын әпкем ауруханалардың бірінде санитар боп жұмыс істейді екен. Жездеміз жолаушы тасып, яғни жүргізуші боп нәпәқасын тауып жүрген қарапайым адам. Алайда тұрып жатқан үйлері мен жүріс-тұрыстарына қарап ешкім оларды қарапайым жұмысшы деп ойламас. 

Келесі айда әлгі қайын әпкем Римма қоңырау шалып, шұғыл түрде қарызға 150 мың теңге сұрады. Бір күн бұрын мен де, күйеуім де жалақымызды алғанбыз, әлі жұмсап та үлгермеген едік. Бір аптаның ішінде қайта салып жіберем деген соң, күйеуіме айтпастан бердім. Қайтадан орнына қойып қоям деп жүргенімде бір емес, екі апта зырлап өте шықты. Ал қайын әпкем хабарсыз. Өзім қоңырау шалдым. 

Ол кеше салып жібермек болғанын, бірақ қызы ауруханаға түсіп қалып, жұмсап қойғанын айтып жыларман болды. Сосын «Дариға, алтыным, бір жерден қомақты ақша күтіп отыр едім. 400 мың теңге кредит алып берші. Бәрін қосып салып жіберем» деді. «Не үшін қажет ақша?» деп сұрапаппын да. Каспий қосымшасын ашып, сол жерден өтініш жіберіп, 15 минутта кредит алып, салып жібердім. 

Кешке күйеуіме болған жағдайды атып бердім. Ол «Неге менен бір ауыз сұрамадың? Әпкем қайтармайды, оның басында үш кредиті бар. Екі үйі ипотекаға алынған, жездемнің көлігі де кредитте. Ойланбастан бәрін кредитке алып тастаған соң, ай сайын төлей алмай әркімнен қарыз сұрайды. Қайнысын, қайын сіңлісін, ағаларымды, тіпті анамды да кредитке кіргізіп тастаған ғой. Менің де атымнан кредит алған» деді. 

Күйеуім әпкесіне алып берген кредитті әлі екі жыл төлейді екен. «Басыңда кредитін бар екенін неге айтпағансың?» деп мен ашуландым. «Ай сайын тапқанымыздың бәрін енді кредитке төлейміз, қалай күн көретінімізді неге ойламадың?» деп ол маған айқайлады. 

«Неге біреудің кредитін төлеуім керек?» деп екі ай төлемей қойғанмын. Банктен қоңырау шалып, қарызымды есіме салып мазамды қашырды. 

Жалақымызды қолға ұстамағалы, ет жемегелі тоғыз айдай болып қалды. Пәтерақымызды әрең төлеп жүрміз. Жұмыс істеуге де, ештеңеге зауқым жоқ. Тапқаныңды біреудің ішіп-жеген кредитіне төлеуден асқан ақымақтық жоқ шығар?! 

Ашуым келіп кеше қайын әпкеме қоңырау шалғанмын. Ал ол «Қазір қайтара алмаймын. Қоңырау шалып мазамды ала бермеңдерші. Бір күні менің жүйкемді тоздырып өлтіресіңдер сендер. Терезеден өзімді лақтырып өле салғым кеп жүр. Өлсем балаларыма сен қарайсың ба?» деп, өзіме айқайлап берді. Одан бетер ашуым келді, бірақ ары қарай сөйлей алмадым. 

Қорықтым. Өйткені бір кредиттің өзіне жынданып кете жаздап жүрмін. Ал оның басында кредиті де, қарызы да көп. Адам шамасына қарап кредит алу керек қой. Өзінің де, өзгелердің де жүйкесін тоздырғанша кредит алмаған дұрыс. Тұрмысқа шыққаннан соң күйеуден бауырларының қандай адамдар екенін сұрап біліп алу керек екен. Жо-жоқ, дұрысы, кредит алып бер дегендерге «жоқ» деп айтып үйренген жөн.»

Сергелдеңде жүрген қыз-келіншектер оқып, ойлансын...
«Күйеуім темекі шегіп насыбай атады»: Мүгедек бала туған ана күйеуін кінәлап отыр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу