Темекі тартуды қоюға не кедергі?
20-05-2022
Раушан көп еркекке ой салатын оқиғасын ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді:
«Күйеуіммен танысқан кезде ол темекі тартатын еді. Үнемі емес, той-томалаққа барғанда, туған күн кештерінде спиртті ішімдік ішкеннен соң ғана бір-екі тал темекі шегетін. Басқа күндері шекпейтін.
Сөйтіп жүріп біз үйлендік. Біз үйленгенде ол темекісін тастады. Бірақ мен жеті айдай жүкті бола алмай жүргенде, қайтадан әдетін бастады. Түсінем, күйеуімнен ағайын-туыс, сыныптас, дос-құрбы «Әйелің жүкті болды ма?» деп сұрағанда, кәдімгідей сөз таппай қалатын. Әйелі көтере алмай жүрген еркекке бұл ауыр сұрақ.
Бір күні жүкті болып, кейін айым-күнім жетіп, шекесі торсықтай ұл балаға өмір сыйладым. Күйеуім перзентханадан лимузин жалдап, оған шарлар байлап, күтіп алды. Өзімді ханшайымдай сезіндім.
Ұл туған келіншектердің талтаң-талтаң басып, міндетсініп жүре алмай қалатынын мен сол кезде түсіндім. Күйеуім айтқанымның бәрін орындап, не қаласам, соны алдыма тосып жүгіріп жүр. «Ұлымның денсаулығы мықты болуы керек» деп, тоңазытқышты етке толтырып қойды. Табыс табуға да қызығушылығы артып, жұмыстан соң түн ортасына дейін көлігімен қала ішінде «такси» боп жүреді. Түнде жолаушы тасып тапқан күнделікті табысына ұлына ойыншық, киімдер сатып алады. Одан бөлек алатын ай сайынғы жалақысын да қолыма әкеп береді.
Күніне екі қорап темекіні тауысатын күйеуімнің бір күнде оны қойып кеткеніне риза болдым. Ерік-жігерінің мықтылығына тәнті болдым.
Мен шынымен оған сендім ғой. Сөйтсем, күйеуім темекісін насыбайға алмастырыпты. Ал насыбайдың иісі болмай ма, әлде мен сезбегенмін бе, әйтеуір ондай ой санама кіріп шықпаған. Үш жыл маған білдірмей, сездірмей насыбай атып жүргенін жақында білдім.
Тұңғышымнан кейін біраз демалмақ болдым. Алайда ұлымыз екі жасқа толғанда жатырымда өсінді ет бар екені анықталды. Ем алып жүргенде жүктіліктен қорғайтын топсаны уақытша алдырып тастағанмын. Сол аралықта жүкті боп қалғанмын ғой.
Жүктілігімнің үшінші айында дәрігерім қан алу арқылы гормондарға сараптама тапсыруға жіберді. Нәтижесіне қарап, көп сұрақ қойды. «Темекі тартпайсыз ба?», «Күйеуіңіз есірткі заттар қолданбай ма?», «Антибиотиктерге аллергияңыз жоқ па?», «Қандай дәрілер қабылдап жүрсіз?» деп сұрады. Менің жауаптарымнан соң «Құрсақтағы шаранада «Дауна синдромы» бар сияқты» деді.
Дәрігердің айтқаны тура келді. Екінші перзентім «Дауна синдромымен» туылды. Бұған балам бір жасқа толғанда көзім анық жетіп отыр.
Не керек, күйеуім ақыры мойындады. Расында да, ол үш жылдан бері насыбай атып жүр екен. Ал мен болсам, темекісін тастады деп мәз боп жүрмін. «Насыбай атқанша, темекіңді шегіп жүре бермедің бе? Сенің кесіріңнен баламыз мүгедек боп қалды» деп әбден жыладым.
Жылап отырып, дәрігеріме қоңырау шалдым. «Күйеуімнің насыбай ататыны баланың «Дауна синдромымен» туылуына себеп болуы мүмкін бе?» деп сұрадым. Дәрігер «Темекінің, насыбайдың, алкогольдің де адам ағзасына зияны көп қой» деп жауап берді. Күйеуім қасымда естіп отырды. Сол сәтте ол насыбайды қолымен езіп, жұдырығымен үстелді тоқпақтады. Өкінді. Көзінен жас шықты. Бұдан былай насыбай атпайтынын айтып, ант-су ішті. Бірақ бәрі кеш қой, болары болып, бояуы сіңген соң не пайда? Бір жасқа толса да әлі еңбектей алмайтын, қолымен ойыншықтарын ұстай алмайтын мүгедек балама қараған сайын, күйеуімді жек көріп кетем. Күнде оны кінәлап жылаймын. Ол да өзін-өзі жазғырып жүр...»