Темекі – тажал!

Oinet.kz 20-05-2019 1377

Темекі өнімдерін тұтыну қазір сәнге айналды ма? Әлде жасөспірімдер өзінің есейгенін осы арқылы көрсеткісі келеді ме? Бүгінде бұл өнімді пайдаланушылардың қарасы күн санап артып келеді. Темекіге әуестігі соншалық кез келген мекемелердің алдынан түтінін түйдектетіп тұрған адамдарды кезіктіре аласыз. Ал, оның ағзаға тигізіп жатқан зиянын дәрігерлер қанша жерден ескертіп жатса да елеп жатқан жан жоқ. 

741-1.jpg

Елімізде темекі өнімдерін пайдаланушылардың саны 5 миллионнан асады. Өкінішке қарай, олардың қатарында балалар мен жасөспірімдер де бар. Ал, шылым шегуді ерте жастан бастау біріншіден баланың миын зақымдайды. Олар уақыт өте келе ұмытшақ бола бастайды. Бірте-бірте жүйке жасушалары уланып, сабақ үлгерімі нашарлайды. Тіптен, ақыл-ойы кемиді. Өз қатарластарымен салыстырғанда бетіне әжім түсіп, ерте қартаяды. Осыдан кейін «бала темекіге ерте бастан қалай үйір болады?» деген ой туындайды. 

Зерттеулер көрсеткендей олар көогенін істейді. Ата-анасына және өзі жақсы көретін адамдарға қарап қызығып еліктейді. Қатарластарынан, құрбы-құрдастарынан қалыспай, ертерек ересек көріну үшін темекіге үйір болады. 

Бүгінде темекі өнімдерін тұтынушылардың қатарында қыз-келіншектеріміз де бар. Бұл –  ұлт үшін ең қауіпті құбылыстардың бірі. Себебі, қыз баласының жаратылысы тым нәзік. Ол ұрпақ әкелуші ана ғана емес, тәрбиешісі, қамқоршысы да. Алайда, шылымды будақтатып тұрған қыздарымызды кез келген жерден кезіктіру қиын емес.

Темекі өнімдері Еуропа мен Азияға XV ғасырда келген. Әлемге Американы ашқан Колумб есімімен танылған испаниялық теңізші Христофор 1492 жылы Америка құрлығына барады. Ондағы жергілікті халықтың құрғақ темекі жапырағын күйдіріп, соның ысын иіскеп отырғанын байқап қалады. Оның жанындағы екі матростың бірі әлгі ысты іштеріне қарай тартып, сынап көрген. Олар темекіні сынап көрген алғашқы еуропалықтар болып саналады. Испанияға қайта оралғаннан кейін олар бұл өнімдерді пайдалануды әдетке айналдырады. Содан кейін, темекі жапырағы күллі Испанияға таралып, оны иісті өсімдік ретінде егетін болған. Еуропалық саяхатшылар маялықтардың темекі жапырағын түтікше ішіне салып тұтатып, тартып отырғанын көреді де, олардан сұрап шегіп көреді. Бұл ең алғашқы темекіні сұрап тарту болса керек. Франция елшісі Ян Никотин темекі өнімдерін емдеу құралы ретінде пайдаланған. Сол арқылы Франция ханымын емдеген. Атақты ғалымның еңбегін бағалау үшін ғалымдар көк темекі құрамындағы улы затқа «никотин» деген атау берген.

Статистикалық деректерге сүйенсек, қазіргі кезде әлемде 1,2 миллиард адам темекі тұтынады екен. Осының салдарынан жыл сайын дүние жүзінде 4 миллион адам қайтыс болады. Көрсеткіш күн санап өсіп отыр. Темекі құрамында 4000 зиянды зат бар. Оның отызы түтін арқылы сыртқа шығады. Шылым тартатын адам күніне орта есеппен 200 рет, айына 6000 рет, жылына 72000 рет ішіне түтін сорады. Оны ойнап бастаған жүз адамның сексені шылымқорға айналады. Никотин темекі түтінімен ауызға, тыныс жолдарымен өкпеге, сосын адам қанына сіңеді. Қан арқылы ағзамыздың түкпір-түкпіріне тарайды. Жұтынғанда өңешке, сосын асқазанға сіңеді. Осылайша еріндегі, ауыздағы, тілдегі, таңдайдағы өте сезімтал жүйке талшықтарын улайды. Қан арқылы миға жетіп, оның жүйке жасушаларын қоздырады. 

Темекі жапырағында танин, желім, шайыр және алколоидері бар өсімдік. Ал, оның түтінінде 30-дан астам улы заттар бар. Олар – никотин, көмір қышқыл газы, көміртек тотығы, көгеретін қышқыл, аммиак және шайырлы заттар, органикалық қышқылдар. Темекі түтінінен ауаға, жылына 720 мың тонна күкірт қышқылы, 384 мың тонна аммиак, 180 мың тонна никотин, 660 мың тонна темекі майы және 550 мың тоннадай иісті газ шығады. Шылымның 1 немесе 2 қорабын пайдалану сізге өлім қаупін төндіруі мүмкін. 

Адам өмірін жалмап келе жатқан бұл өнімді тұтынуды тоқтату үшін Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымдары тоқтаусыз күресіп келеді. Ғаламдық індетпен күресті мектеп жасындағы балалардан бастау керек. Себебі, бүгінгі кішкентай бүлдіршін біздің ертеңгі болашағымыз. Осы орайда «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» жаңа кодексте білім мекемелерінен 100 метр қашықтықта темекі өнімдерін сатуға тыйым салу жобасы қарастырылуда. Жақында «Атамекен» ҰКП осы жобаны қоғамдық талқылауға шығарған еді. Біз де тұрғындардан бұл бастаманы қаншалықты қолдайтынын сұрап көрген едік.

Ақылбек Райбеков, валеолог, Арыс қаласы:

Спортпен шұғылданыңыз

– Мектеп айналасында темекі өнімдерін сатуға қарсымын. Себебі біздің балаларымыз үшін ол өте зиян нәрсе. Шылым шегу түрлі аурулардың пайда болуына себепші болады. Мысал ретінде, көлік жүргізушілерін алайық. Рөлде отырып шылым шегіп отырады. Көліктің іші көк түтінге оранады. Бұл жүргізуші үшін көңілге қонымды тірлік болғанымен, көлік ішіндегі адам денсаулығы үшін өте зиянды тірлік. Темекі түтіні ауаға күкірт қышқылдары, аммиак және никотин тарататындықтан көп тұтынбағаныңыз абзал. Оны пайдаланған адамның ағзасы жарамсыз болып қалу қаупі басым. Аузынан жағымсыз иістер шығады, тісі сарғаяды, өкпе қатерлі ісігіне алып келеді. Оның орнына, салауатты өмір салтын ұстанған тиімді. Баланы спорт және жаттығу түрлерімен айналысуға үйрету керек. 

Гүлжаухар Додабай 

«Отырар» жалпы орта мектебінің мұғалімі: 

Тұтанбаған темекі ғана зиянсыз

– Мектеп айналасында темекі өнімдерінің сатылмағаны құптарлық бастама. Өйткені, темекі және алкогольдік өнімдер енді өсіп келе жатқан жасөспірім балалардың қызығушылығын арттырады. Ал, қызығушылық құмарлыққа алып келеді. Бұрындары әрбір бұрышта, аялдамаларда шылым сататын орындарды кезіктіретінбіз. Ал, қазіргі таңда оған заңмен тиым салынса да, оған үйір балалардың саны азаймай тұр. Тіпті, кей кезде олардың темекі сатып алып жатқанына назар аудармаймыз. Бұл өнім адамның тыныс жолдары мен өкпесін зақымдайды. Шылымнан, шеккен адам ғана емес, оның маңайында тұрғандар да зардап шегеді. Мектепте сынып сағаттарында оның зияндары туралы айтқанымызбен, әлі күнге дейін тыйылмай келе жатыр. Бір ескертерлік жайт, тек тұтанбаған темекі ғана зиянсыз.

Гүлзат Сапарбаева ата-ана:

Тәрбие жаман әдеттен қорғайды

– Мектеп айналасында ғана емес, жалпы темекі атаулының түтынуға, сатуға зағмен тыйым салатын заң шығарып жатса, қос қолымды көтеріп тұрып қолдаймын. Себебі, қазіргі таңда бұл індет өршіп тұр. Көшелерде, аялдамаларда шылым шегіп тұрған мектеп жасындағы балаларды көргенде жаным ауырады. Оның денсаулыққа зияны қаншама. Оны ескеріп жатқан олар жоқ. Болашағын ойласа, бала олай жасамас та еді. Бұл жай ғана өзінің есейгенін шылым шегу арқылы білдіру деп ойлаймын. Менің мектеп оқитын екі балам және студент ұлым бар. Олардың ешқандай темекіге әуестігі жоқ. Ылғи өзімнің бақылауымда болады. Оның үстіне кішкентайынан берілген тәрбие де әсер етті деп ойлаймын. Ешқашан жаман әдеттерге барған емес. Барлық ата-аналар баласының тәрбиесін кішкентайынан бастағаны абзал

Нұрсұлтан Еркін  

Түркістан облыстық дарын мектеп- нтернатының оқушысы:

Темекі сатушыларды жиі байқаймын

– Жалпы бізге отбасымызда ғана емес бастауыш сыныптан бастап ұстаздарымыз темекінің зиянын түсіндіріп келеді. Өзім де темекінің зияны туралы кітаптардан және ғаламтордан бірнеше рет оқығанмын. Бұл өнім түрлі ауруларды тудырып қана қоймай, қатерлі ісікке апарады. Адам ағзасын улап, ерте қартаюға алып келеді. Көбінесе мектеп жасындағы балалар үйір болғандықтан, елімізде де оған тосқауыл жасау үшін денсаулық сақтау ұйымдары дабыл қағып жатыр. Ғаламдық індетпен күресті әрі қарай күшейтіп, заңмен тиым салынуы керек. Міне, сонда ғана оны тұтыну тиылады деп ойлаймын. Шылым шегудің денсаулыққа зиянды екенін білгендіктен, темекі өнімдерін қолдануға қарсымын. Шынымды айтсам, мектеп айналасындағы ірілі-ұсақ сауда орындарынан темекі өнімдерін сатып жатқан саудагерлерді байқаймын. Сондықтан ешқандай дүкендерде оның сатылғанын қаламаймын. 

Сауалнаманы жүргізген

Нұрила Жұмаділлә 

Науқастар ауруын басқаруды үйренуі керек
Түркістандағы жедел жәрдем жұмысы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу