Түркістандағы жедел жәрдем жұмысы
Жақында түркістандық дәрігерлер «KazMedConsult» компаниясының директоры, Шұғыл медициналық көмек көрсетуді жақсарту туралы Қазақстан Республикасында көмек көрсету халықаралық сарапшылар тобының төрағасы Кевин Фрикпен жүздесті. Канадалық маман облыстық клиникалық ауруханасы базасында жергілікті ақ халаттыларға жедел жәрдем қызметі және қабылдау бөлімін жетілдіру жолдарын үйретті. Екі күнге созылған шеберлік сыныбында ол елімізде қолға алынған жаңа пилоттық жобаны талқылады. Біздің де медицина саласында 30 жылдық тәжірибесі бар Кевин Фрикпен сұхбаттасудың сәті түскен еді.
Кевин ФРИК,
«KazMedConsult» компаниясының директоры:
Қабылдау бөлімдері жедел жәрдем бөлімшелері болып өзгереді
– Кевин мырза, жедел медициналық көмек көрсетуді жетілдіру мақсатында елімізде жаңа пилоттық жобаның енгізілгені белгілі. Бұл отандық медицинаға қандай өзгерістер әкелмек?
– Қазақстанда жедел жәрдем көрсету моделінің өз нұсқасы әзірленіп жатыр. Басты шарт – қолжетімді, жедел, тегін әрі сапалы болуы. Елімізде 103-тің қызмет көрсету сапасы бұрынғыдан арта түсті. Көліктердің лимон түске боялуы да жедел-жәрдем қызметінің жету уақытын қысқартуға септігін тигізді. Ендігі мақсат – қабылдау бөлімінің жұмысын жақсарту. Жедел жәрдем бригадаларының жұмысына АҚШ – 1960, Канада – 1980, Аустралия – 1990, Еуропалық Одақ елдері 2000 жылдары реформа жасаған. Біз де бұл тәжірибені пайда-лануымыз керек. Жедел-жәрдеммен қабылдау бөліміне келіп түскен науқастың жағдайы алдымен іріктелуі қажет. Яғни, қай пациентке бірінші кезекте көмек көрсетілу керектігін анықтап алған жөн. Шұғыл түрде медициналық көмек көрсетілуі тиіс науқастарға арнайы жабдықталған бөлменің болғаны дұрыс. Яғни, оларға өміріне аса қауіп төніп тұрмаған емделушілермен аралас қызмет көрсетілмеуі керек. Қазақстандағы қолға алынған жаңа пилотты жоба бойынша ендігіде қабылдау бөлімдерінде науқастарды тексеретін арнайы бөлме және қабылдау бөлімшесінің дәрігері болады. Мұндай лауазымдағы ақ халаттылар emergency doctor деп аталады. Ал төртінші санаттағы шұғыл шақырулар емханалар жанында құрылған шұғыл медициналық көмек көрсету бөлімшелерінің деңгейіне жіберіледі. Жедел жәрдемді шақыртқанда адамдардың көбісі фельдшер емес, дәрігердің келгенін қалайды. Бұл экономика тұрғысынан тиімсіз әдіс. Дәрігердің көрсететін емін фельдшер де жасай алады.
Салыстырып көрейікші: үйге шақыртылған дәрігерге науқасты тексеру үшін арнайы құрал-жабдықтар қажет. Анализ талдамаларын алуы керек. Міне, содан кейін ғана барып дәрігер диагноз қоя алады. Ал фельдшер барлық науқасқа дер кезінде, шұғыл көмек көрсете алады. Өміріне қауіп төніп тұрған факторларды жойып, уақытылы ауруханаға жеткізеді. Пилоттық жобаның міндеттерінің бірі – осы алтын уақытты жоғалтпай, тиімді пайдалану. Шұғыл медициналық көмек көрсету үшін екі ірі модель – ағылшын-америкалық және еуропалық үлгілер қолданылады. Бүгінгі таңда көбінесе, ағылшын-америкалық модельдің үрдісі пайдаланылуда. Бұл науқасты ауруханаға «алтын сағатта» жеткізу деген сөз. Осы арқылы біз аурханаға дейінгі өлім-жітімді азайта аламыз. Ендігі кезекте қабылдау бөлімдері жедел жәрдем бөлімшесі болып өзгеретін болады.
– Түркістан облыстық клиникалық ауруханасы жедел жәрдем қызметін жақсартуға қаншалықты мүмкіншілігі бар?
– Білесіздер ме, осында келерде мен облыстық аурухананың іргетасы 150 жыл бұрын қалағанын естідім. Сонда көз алдыма көне ғимаратты елестеткен едім. Сөйтсем... Аурухананың сыртқы, ішкі келбеті де көз тартарлық екен. Материалдық базаға бай. Мамандары да білікті, жеткілікті екен. Емдеу мекемесінің жұмысымен танысу барысында қабылдау бөліміне жедел-жәрдеммен жеткізілген науқасты 10 минут ішінде тексеріп, медициналық көмек көрсететінін байқадым. Бұл үлкен жетістік. Солтүстік Америкада мұндай емделушілерге 27 минутта барып ем-дом көрсетіледі. Пилоттық жобаға сай тек аздаған өзгерістер енгізсе, аурухана жедел-жәрдем қызмет көрсету сапасы жағынан алдыңғы қатарлы мекемелердің біріне айналады деген сенімдемін.
– Канадада 20 жылдан астам медицина саласында қызмет еткен екенсіз. Түрлі лауазымды қызметті де атқарыпсыз. Қазақстанға келуіңізге не себеп болды?
– Мен Қазақстанды жоғары әлеуеті және жайдарлы халқы үшін ұнатып қалдым. Мұнда шетелден уақытша жұмыс істеуге келгенім жоқ. Осында біржолата тұрақтадым. Менің отбасым, достарым барлығы осында. 2001 жылы алғаш Қызылордаға қоныс аудардым. Кейіннен Астанаға келдім. Бас шаһар өте таза, әсем және көпұлтты мекен. Менің басты мақсатым – осы елдің медицинасының дамуына өз үлесімді қосу, тұрғындардың денсаулығын түзету, салауатты өмір салтын ұстануға жағдай жасау.
– «Отбасым да осында» деп қалдыңыз. Неше бала-шағаңыз бар?
– Бесеу. Екеуі – Канадада, үшеуі – Қазақстанда. Әйелім – Қызылорданың қазағы. Ұлттық тағамдарды ұнатамын. Әсіресе бешбармақты. Отбасымызбен жылқы етін сүйіп жейміз. Соғымнан қалыс қалмаймыз. Қазақы дәстүрмен кешкісін төрт көзіміз түгел дастархан басына жиналамыз. Менің қазақ жерінде қалуымның тағы бір басты себебі – Қазақстан әлемдегі бала өсіріп-тәрбиелеуге қауіпсіз бірден-бір мемлекет.
– Ашық-жарқын сұхбатыңызға рахмет!
Әңгімелескен
А.Оңғарбай