Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Жасы жетпістен асқан шақта ауылдағы үйде жалғыз өзі қалған қарт ана ERNUR.KZ тілшісіне балалары мен келіндеріне деген өкпесін жайып салды.
«Шалым өте табысты кісі болды, колхозда істеген. Соның арқасында балаларды ішіп-жемнен кенде етпедік. Айтқандарын орындадық. «Мен мына мамандықты таңдадым» деді ме, бітті, қорадағы бар малды сатсақ та сол оқуға түсіретінбіз. Енді оның бәрін міндетсінбеймін, баланы өсіріп-жетілдіру әр ата-ананың парызы ғой. Десе де кейде алты баламның біреуінен рақат көрмегенім жаныма батады.
Кенже келінім дұрыс шықпады. Келгеннен салақ болды. Бір бала туды да, былжырап шыға келді. Түнімен бала қараймын деп түске дейін ұйықтайды. Памперсі ана жерде, горшогы мына жерде шашылып жата береді. Сондай тірліктерін «мынауың дұрыс емес қой, қалқам. Жинақылау болсайшы» деп айтамын ғой, көгеріп-сазарып, талып қалып, айтқан сөзімді балама өңдеп-әрлеп жеткізеді.
Екеуінің ортасында отқа түскен көбелектей шыр айналам да қаламын. «Мама, бізде шаруаңыз болмасын, келін жоқта да осы үйдің тірлігін істеп жүр едіңіз ғой» деп өзіме бақырады. Осындай ұрыстардан соң екеуі бар киімін жинап, балаларын алды да, қалаға, қайынжұртының бос пәтеріне көшіп алды.
Сол кезде жаман болдым, асырап, баққан ұлымның мені сыйламай, сөзімді тыңдамай кете барғаны жүрегіме қанжардай қадалды. Бірақ анау немерелер тұрғанда оларды көрмей кету мүмкін бе, «әже, әже» деп хабарласып, «сағындық» деп қоймаған соң өзім барып тұрамын. Келіннің де көксегені сол болды ма, еншісін алып кеткелі жуасып қалғандай. «Құрысын, бөлек тұрғаны маған да жақсы» деп үндемедім, көндім.
Үлкен бала мен келін екі жыл алдын солтүстіктен көшіп келген. «Келін алатын шақта елге оралайық дедік» деп жоспарын айтты. «Келіңдер, үй міне, бәрің сыясыңдар» деп қуанып қалдым. Сөйтсем бұлар ауылда емес, қалада тұрады екен. Тіпті сатып алатын үйді де тауып қойыпты. «Мама, бір өзіңіз ауылда не істейсіз, біздің үйге келіңіз, әжетханасы, суы ішінде» деп мені көшіріп әкетті.
Ауылдағы абысын-келіндердің гәбіне, құдалыққа, той-жиынға әбден үйреніп қалған маған қалаға сіңісіп кету қиын болды. Балам да, келін де кешке дейін жұмыста. Немерелер де сабағына кетеді, одан ары қарай үйірмелері бар. Кешке дейін бір өзім теледидарды ермек етіп жатам. Жынданайын дедім. Кешке бәрі жиналады да, пісіріп қойған тамағымды ішіп алып, бөлмелеріне кіріп кетеді. «Апа, қалайсыз?» деп жағдай сұрамайды.
Ұлдың үлкен баласы үйленетін болды. Құдалықтың жыры ғой, «менің төркінімнен сіңлім мен інімді қосыңдар, түп нағашы ғой» деп едім, бәлеге қалдым. Келін долданып шыға келді, «Кімді қосатынымды, не беретінімді өзім шешемін, сіз араласпаңыз. Құда менікі ғой, апа» деп бетімді қайтарып тастады. Сосын өз бөлмесіне барып, маған естіртіп «Тыныш отырған жерінен қозғап нең бар еді. Қартайған шағымда мені тәрбиелейін депті ғой. Тамағы тоқ, киімі бүтін, отыра берсе болмай ма?» деп балама айқайлап жатыр.
«Құрысын, қадірім барда кетейін» дедім де, «ауылымды сағындым» деген сылтаумен елге келдім. Ортаншы балам «бізбен бірге тұрыңыз» деп қалаға шақырады. Олар үш баласымен екі бөлмелі пәтерде тұрады. Сыймаймыз ғой. Ешқайсысының ауылға келгісі жоқ. «Жұмыс қалада ғой» деп түрлі сылтауды тауып алған.
Енді міне, қартайған шағымда өзімді ешкімге керексіз жандай сезініп жүрмін. Үлкен қызымның үйіне барып, оншақты күн жатамын, одан кіші қызыма қыдырып барамын. Ортаншысының күйеуі нашар, ішеді. Содан барғым келмейді. Бәрін бір сыпыра аралап шыққан соң, шалым соққан үйге ораламын. Жалғыз тұру қиын екен. «Сонша бала туғандағы рақатым осы ма?» деп жылап аламын. Бірақ сыртқа білдірген емеспін. «Өз үйім жақсы» деп жылы жауып қоя саламын. «Келіндерім жаман» десем ел-жұрт күлкі етпей ме? Қартайғанда қадірімді қашырғым келмейді. Бірақ алда-жалда олай-бұлай боп кетсем мына қара шаңыраққа кім ие болады деген уайым бар».
Осылай деп шер тарқатқан Өзипа апа әңгімесін аяқтай алмай, жылап қалды. «Балаларым үлде мен бүлдеге орап қойған, алтынның да түр-түрін әпереді. Бірақ олардың бір ауыз сөзі жетпейді. «Мама, маған бәрінен де сіз керексіз» деген жылы сөзіне зәрумін», - дейді қарт ана.