Қазақстанда блогерлер салық төлейтін болды
15-01-2024
Нұрлының шешесі сырқаттанып қалды. Төсегінен басын көтере алмай жатыр. Қызулап қалыпты. Суық қатты тиген. Жалғыз басты әйелге қиын. Екі баласы бар, бірі бастауышқа барып жүрген Нұрлысы, екіншісі еңбектеп жүрген ұлы, Қасаны. Ұл-қызына қарауға жағдайы жоқ, сандырақтап жатыр.
Сәби ұйқыда. Нұрлы мектебіне бармай, шешесіне қарайлап өзінше тамақ дайындағысы келген, онымен оқсата алмады. Ал дәрі іздеген оны да таппады. Үйде ештеңе қалмапты. Анасы көзін ашып, «Нұрлы, сен сабағыңа бармадың ба?.. Бар, бара ғой...» дейді. «Анашым, сен ып-ыстық болып жатсың. Мен дәрі алып келейін, ақша бар ма?» деп сұрады да шешесінің сөмкесін қарап ештеңе таппай қойды. Соңғы ақшаға кеше нан мен май алғаны есіне түсті. «Қызым, сабағыңа бара бер, мен аздан соң тұрам...» деп анасы кішкентайының құйрығынан қағып, өзі де ұйқыға берілгендей сылқ жата берді. Нұрлы киініп тысқа шықты. Күн аяз екен. Қалтасында түк ақша болмаса да жақын жердегі дәріханаға барды. Қызудың дәрісін сұраған, бар екен. Бағасын біліп қайта шықты.
Сөйтіп айналсоқтап жүргенде әрідегі дүкен алдында қайыр сұрап отырған бір кісіні көрді. Қасына барды. Алақанында біраз тиын-тебен бар екен. Қайыршы мына қыз да ақша салатын шығар деді ме бұған қарай қолын созды. Сонда Нұрлы шыдай алмай:
«Аға, сіз маған қарызға 100 теңге бере тұрасыз ба, менің анам қатты қызулап жатыр, соған дәрі алайын деп едім...» деді. Қайыршы қайран қалды. Шүңірек көзін бақырайтып қызға жөндеп қарады да екі-үш тісі қалған қызыл иегін көрсетіп күлді: «Менен қарыз сұрап тұрсың ба?!. Сосын оны қашан қайтарасың? Қалай қайтарасың?» Нұрлының көзі ақшада. «Мен шын айтамын. Сізден алған 100 теңгені 100 000 етіп қайтарамын!.. Есімім Нұрлы, ұмытпаңыз...» Қыздың бұл сөзін естіген қайыршының жүзіндегі күлкі сап тиылды. Қыз балаға қайран қала қарап, жүзіндегі күлкі мейірім шуағына ұласып, кішкентай алақанға ұсақ тиын-тебен ішінен алып 100 теңге ұстатты.
«Қызым, анаңыз жазылып кетсін. Ал бұл ақшаны қайтарамын демей-ақ қой, сенің мені адам деп сұрағаныңның өзі неге тұрады...» деп көзі жасаурап қала барды. Нұрлы қайыршыға рахметін жаудырып, бұл алған қарызын міндетті түрде қайтаратынын айтып дәріханаға қарай тұра жүгірді.
Арада жылдар өтті. Нұрлы білімі жоғары, шаруасы жүріп тұрған кәсіпкер болған. Қазан айының бір күні ол бір қарияның үйіне келді. Амандасып болған соң қарияға келуінің мән-жайын түсіндірді. «Сізге келуіміздің себебі, қазір қайырымдылық айлығы жүріп жатыр, мен кәсіпкермін, осы ауданда тұратын бірнеше үлкен кісілерге аздап қолұшын бергім келген. Сөйтіп сізге мына аздаған ақшалай көмегімді берейін. Әрі сізге бұл қаражат ем-дом немесе бір жаққа барып демалып қайту үшін қажет болар деп ойладым, осылай көмектесіп тұрамын ғой» деп үстел үстіне белінде «100 мың» деген жазуы бар бір бума теңгені қойды. Қария қыздың жүзіне аңдай қарап қалған. Көзі, қыздың көзін бір жерден көрген сияқты... Есіне түсті. «Нұрлы!..» деп қалды. Қыз қарияға күлімсірей қарап:
«Менің атымды қайдан білесіз? Мен өзімді таныстыруды да ұмытыппын...» деп ұялып жатыр. Сонда қария: «Біз таныспыз ғой... Қызым, сен ол кезде кішкентай болдың, шешеме дәріге деп менен қарызға 100 теңге сұрап алғансың және сол ақшаны 100 мың етіп қайтарамын» дегенсің... Нұрлы да алдындағы қарияға бажайлап қарап қалды.
«Сіз... сіз сол адамсыз ба?!.» деді. «Иә, айналайыным, «Тау тауға кездеспесе де, адам адамға кездеседі» деген, мен сол сен көргендегі адаммын... Сенің сол менен көмек сұрағаныңнан кейін «мен де адам баласымын», «менен де көмек сұрайтындар бар екен» деген ой мазалай берді, содан өмірімді өзгерттім, күрестім десем болады, ерінбей еңбек еттім, отбасын құрдым, қазір немере-шөберем бар, олар басқа жақта тұрады, арасында келеді, ал саған көп рахмет, сен өз сөзіңде тұрдың, міне, 100 теңгені 100 мың етіп қайтардың ғой... Алла ырза болсын. Ал сенің атыңды өмірі ұмытпастай етіп жадымда сақтап қалыппын. Себебі, сол бір бүлдіршін қыздың, сенің сол кездегі әрекетің арқылы мен қайтадан адам қатарына қосылдым, қалай ұмытайын, әрі "адам жанының айнасы - көз" дейді ғой, көзіңнен тани кеттім...» деп жасаураған көзін сүртіп, Нұрлыдан анасын сұрады.
«Ата, анамыз шүкір, ол да үлкейді, немере-жиендерін бағып отыр» деп жауап қатты. Өзі алдындағы қарияға кезінде алған қарызын осылай қайтарғанына қайран қалып, есікке қарай бұрыла берді...
Мұнайдар Балмолда