Серік Тұрбековтің көпбалалы аналарға көзқарасы теріс пе?

Oinet.kz 20-01-2011 1147

Screenshot_11.jpg

Ертең жаңа жыл деген күні Мақтарал ауданы Қарақай ауыл округіне қарасты Қаныш Сәтбаев елді мекенінде тұратын Есенбаевтар отбасы қуанышқа бөленді. Олардың шаңырағына екінші рет егіз перзент туылды. Осы елді мекеннің Жандарбеков көшесіндегі №21 шағын екі бөлмелі үйде тұратын, 2002 жылы тұрмыс құрған Мансұр Есенбаев және Әсия Ақбердиеваның Зинура, Зарина, бұдан кейін Асан және Үсен атты егізі, барлығы төрт перзенті бар. Міне, араға үш жыл салып Фатима және Зәуре есімді егіздер дүниеге келіп отыр. Бір шаңырақта қатарынан екі рет егіздердің туылуы өмірде сирек кездесетін құбылыс емес пе?!

Фатима және Зәуре өткен 31 желтоқсанда таң алдында жарық дүние есігін ашыпты. Бірінің салмағы – 2,8, екіншісінікі – 3,5 келі. Денсаулықтары жақсы. Қазір олар өз отбасыларында дәрігерлердің ерекше бақылауына алынған. Екінші рет егізді дүниеге әкелген ерлі-зайыптылардың жастары әлі отызға да толмаған. Қазірдің өзінде алты перзенттің ата-анасы атанған Әсия үй шаруасында, Мансұр аудандық электр жүйелері мекемесінде күзетші. 

--Бұл жұмысқа жақында тұрдым. Алатын жалақым 20 теңге. Бұл қаржымен отбасыны асырау оңай емес, әрине. Әсіресе, баспана жайы қинап тұр. Жергілікті әкімдік тарапынан бір жәрдем болып қалады ма деген үмітіміз де бар. Жаңадан салынып жатқан коммуналдық пәтерлердің біріне қол жеткізе алсақ, бұл біз үшін үлкен қуаныш болар еді,--дейді отағасы Мансұр. 

  Жастары әлі отызға толмай жатып, 6 перзенттің ата-анасы,  бір емес, екі мәрте егіз сәбилерге жарық дүниені сыйлаған ерлі-зайыпты Мансұр мен Әсияның отбасы өзгелерге үлгі боларлық екен. Осындай үлгілі отбасының баспанаға жарымай, өзгенің шаңырағында ғұмыр кешіп жатуы әрине, ойлантарлық жағдай. Балаларға берілетін жөргекпұл, бала бір жасқа толғанға дейін төленетін жәрдемақы жыл санап көбейіп келеді.  Былтыр Президент Жарлығымен «Алтын алқа», «Күміс алқа» иелеріне берілетін жәрдемақының тәртібі қайта қаралды. Жаңа жылдан бастап оның да көлемі өсті.  Осыменен іс бітті ме? Халқының саны жағынан кішігірім облыстармен теңесетін, тұрғындары жиі қоныстанған Мақтарал аудандық әкімдігінің шенеуніктеріне салсақ солай сияқты. 

Бір шаңырақта қатарынан егіздердің дүниеге келуі екінші мәрте қайталануы екі күннің бірінде кездесе беретін жаңалық емес. Балағынан бала саулаған мұндай алтын құрсақты аналарды қалай айналсаң да, қалай аяласаң да жараспай ма? Сүйкімді сәбилердің жарық дүние есігін іңгәлап ашқанына үш күн емес, үш апта толып үлгерді. Әкім Серік Тұрбеков те, аудандық әкімдік жақ та әлі жым-жырт. Әкімнің қат-қабат шаруадан қолы тимесе, онда орынбасарын, одан да лауазымы төмендеу шенеунікті жіберсе де құттықтап қойса, сәлем айтып, кішігірім сәлемдеме жолдаса, нендей талап-тілектері барын сұраса біреудің пәтерін жалдап, 20 мың теңге жалақымен жан бағып отырған жас отбасы бір қуанып қалар еді-ау. Ерекше жаңалықты аудан әкімі естімеді деп ақтау ақылға қона ма? Елдің егесі сол болып отырған соң ерекше жаңалықтардан хабарсыз қалмауы қажет-ақ. Сонда қалай? Аудан әкімі Серік Тұрбековтің көпбалалы аналарға деген көзқарасы теріс пе?

Аудан әкімі Серік Тұрбековтың көпбалалы аналарға көзқарасы теріс пе деп сауалды көлденең тартуымыздың тағы бір себебі бар. Мақтарал ауданы Атамекен ауылдық округінде тұрмысы төмен отбасылардың мұң-мұқтажымен айналысатын бас маман, көпбалалы ана  Патима Әлиеваның қысқартуға ұшырағанын біз таяудағы нөмірлеріміздің бірінде жазғанбыз. Әкім оның тағдырына жаны ашып араша түссе, әлеуметтік тұрғыдан қолдау танытса азаматтығына айқайлатып тұрып мақтау айтар едік. Күйеуі ауру, жеті баланы (оның үшеуі ақылы бөлімде оқитын студент)  жалғыз жалақысымен асырап отырған ананың жанайқайына байланысты бұқаралық ақпарат құралдары дабыл қаққанымен Серік Тұрбековтің селт етпегеніне қайран қалғанбыз. Енді міне...

2020 жылға дейін Қазақстан халқының санын 20 миллионға жеткізуді меже тұтқан Елбасының саясатын жүзеге асыруға міндетті аудан әкімі Серік Тұрбековтің көзқарасын, көздегенін біз түсінбедік. Ал Сіз ше? 

Oinet.kz мұрағатынан

0d79983a0d0343a18d1c26f5c31f5a81.jpg

Бір әннің тарихы. «Алтынай»
«ТАРАЗ» триосы тойлардан да көрінбей кетті... немесе шынында домбыра ұстап, ән айту күнә ма?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу