Кадиовертер жүрек жұмысын жақсартады
26-01-2024
Рахат Әлиев, Өмірзақ Әмет... Енді Гаухар Әметқызы Әлиева... Немере ағасы Рахат пен бір кіндіктен тараған өз ағасы Өмірзақтан үйренген «өнегесінің», «тәлім-тәрбиесінің» түрі ғой, билігі жүретін адамдарға аяусыз тізесін батыру, әсіресе кешірілмейтін кегі кеткендей кәсіпкерлерге күш көрсету жағынан олардан озбаса да қалыспауды мықтап меңгерген-ақ екен. Әй, бірақ лауазымдық қызметін қанша асыра пайдаланса да лайықты жазасын алмай «отқа жанбастан, суға батпастан» «ойнап-күліп» тірлік кеше беру Әлиевтер әулетіне біткен әдет сыңайлы. Әйтпесе мансапқа мастанған Гаухар Әлиеваның шектен шыққан сорақы әрекеттерін әшкерелейтін бұлтартпас айғақтар да, одан қалай зорлық, қорлық көргендерін ашынып айтатын жәбірленушілер де жетіп, артылады. Әншейінде тарыдай кемшілікке таудай кінә тағып, талай байғұсты темір тордың ар жағынан телмірттіріп қоятын қаржы полициясы мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті қосылып тергеп, тексергендерімен түк те істей алмады.
Айтпақшы, Құдайдан көрі құда жақтың (экс құда Н.Назарбаев) құдіреті көбірек қолдауы арқасында кезінде бірнеше аудан, қаланы армансыз басқарып, әділетсіз әпербақан әкім атанған Өмірзақ Әметке сыбайлас жемқорлыққа, былық-шылыққа белшесінен батқанына байланысты ауыр айыптар тағылғанына қоса «Рахат Әлиевтің ашынасы Анастасия Новикованың мәйітін жасырын жерлеуге қатысқан» деген ресми ақпарат та тарағанымен бәрібір бар-жоғы шартты түрде жауапкершілікке тартылу арқылы қатаң жазадан оңай құтылып кеткен еді. Құзырлы органдар бұл жолы Гаухар қарындасқа Өмірзақ ағасынан артық құрмет танытқандары соншалық тым болмаса көпшілікті алдай салу үшін көзбояушылық жасап жеңіл-желпі жазаға тартуға да қимады. Тек Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің Оңтүстік Қазақстан облыстық басқармасының бастығы-Тәртіптік кеңестің төрағасы Болат Үркімбаев ғана ештеңеден үрікпей, қорықпай Гаухар Әлиеваның мәселесін «майшаммен» қарауға білек түріп батыл кіріскендіктен жұрт жағасын ұстаған келеңсіз жайттардың беті ашылды. Тарқатып айтайық. Бұған дейін де «Рейтинг» газетінде кеңінен жазылған бұл келеңсіз жайттарды оқырманның ойына оралту үшін қысқаша тоқтала кетейік.
Әлиевтер әулетінің атақ-даңқының шапағатымен жастығына, тәжірибесіздігіне қарамастан Гаухар Әлиева басшылық қызметтің қызығын көруге ертерек араласқан адам. Соңғы төрт жыл ішінде Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасын басқарғанда одан қандай қысым, қудалау, нендей теперіш көргенін қарамағындағы қызметкерлері мен кәсіпкерлер көпке дейін оңайлықпен ұмытпайтыны анық. Қайдан ұмытсын, әрдайым қызметкерлерін небір былапыт сөздермен балағаттап, жалақыларын алған сайын ақша талап етіп отырған. Оның ұялы телефонының сөйлесу ақысына дейін қарапайым қызметкерлер қалтасынан төлеген. «Бастығымыз бізге ешбір себепсіз кәсіпкерлерге айыппұл салуды тапсыратын. Жоспарланған кестеге сәйкес тексерілетін нысандарға бармай, көрмей, білмей тұрып сол жақтан әкімшілік құқық бұзушылық туралы қанша хаттама әкелетініміздің санын белгілеп қоятын»,-дейді бас маман Раушан Дәулетбаева. Гаухар Әметқызы бұлайша бұра тарту, заңды бұрмалау арқылы қызметкерлерін қылмысқа итермелеумен шектелмей кәсіпкерлерге күш көрсетуге өзі де белсенді атсалысыпты. Құрбыларын саунаға ертіп апарып ақысын төлемей кететін болған. Түскі және кешкі асын қымбат мейрамханаларда тегін ішіп жүрген, тағысын тағылар. Демалысқа кетсе де басқарма мөрін үйінде ұстап билік жүргізуін, билеп, төстеуін қолдан шығармағанын орынбасары В. Гапуненко ашып айтты. Ең сұмдығы қарамағындағыларды өзінің әбден тозған киім-кешектерін және ескірген жиһаздарын қымбат бағамен сатып алуға мәжбүрлеген. Әдетте абырой, беделі асқан, бақ, дәулеті тасыған атпал азаматтардың киім-кешегі мен дүние- мүлкін теберік санап, ырымдап алатынын білуші едік. Алайда Гаухар Әлиева сияқты ар-намысты аяққа таптап өзінікін мәжбүрлеп алғызғанды кім көрген?
Шектен шыққан сорақы әрекеттер тексеру барысында нақты дәлелдермен анықталған соң даулы мәселе Тәртіптік кеңестің талқысына түскен болатын. Кеңестің кезекті отырысына жәбірленушілер топ-тобымен келіп қандай қиянатты бастан кешкендерін баяндап берді. Есесіне мемлекеттік қызметкерлерге арналған Ар-намыс Кодексіне пысқырып та қарамайтын Гаухар Әлиева Тәртіптік кеңестегі тәрбие сағатына келген де жоқ. Аудан, қала әкімдері болсын, құзырлы мекемелердің басшылары болсын, шен тағып, шекпен кигендердің қай-қайсысы да тәртібі қаралған кезде Тәртіптік кеңеске келіп сабағын оқымаған оқушылардай бастары салбырап «енді қайталанбайды» деп ақталатындарын, ұялып, қызаратындарын көріп, естіп жүрміз. Сонда Гаухар Әлиева басқалардан әулие ме, неге мемлекеттік қызметтің тәртібіне, Тәртіптік кеңеске мұрнын шүйіріп қарайды дейтін сауалдың туатыны заңдылық. Бұл сауалға жауап іздесеңіз, енді мына қызықты қараңыз: Тәртіптік кеңес шақырған «кілемге» келмеген Гаухар Әметқызы дәл сол күні Шымкент бөлімшелік темір жол көлігіндегі санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бастығы қызметіне ауысқан.
Тәртіптік кеңестің мүшелері бірауыздан шешім қабылдап Гаухар Әлиеваға қатаң сөгіс берілуін және қызметтен босатылуын ұсынған қызметтік хатты Денсаулық сақтау министрлігіндегі осы саланың жұмысын үйлестіретін комитеттің төрағасы Кеңес Оспановқа жолдаған еді. Ол жақтағылар басқа қызметке ауысуына байланысты оны жазалай алмайтындарын көлденең тартып, шарасыздық білдіргендері әуел баста әдейі ойластырылған сценарий болуы әбден мүмкін ғой. Гаухар Әлиева қызмет ауыстырардың алдында теріс әрекеттерімен Шымкентті шулатқанын, қызметіне қатысты жан-жақтан тексерулер жүргізілгенін Астанадағы атқамінерлер білмеді деу қисынға келмейді. Ендеше биліктің бишігін ұстағандардың ештеңе білмеген сыңай танытып оған қатаң шара қолданудың орнына жаңадан тағы жайлы қызметке тағайындағандары таңдандырады. Гаухар Әметқызы ат ауыстырғанда да олардың құзырына кірмейтін, құрығына ілікпейтін мүлдем басқа салаға кеткен жоқ. Комитет төрағасы Кеңес Оспановтың Денсаулық сақтау министрлігіне, оның ішінде тікелей өзіне бағынатын мекемеге билік жасай алмаймын деуі ақылға қонбайды. Әлде бұл арада Оспанов осал емес, оған бұра тартқызып тұрған бір саяси ойын бар ма? Өйткені қазіргі Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев Гаухар Әлиеваның немере ағасы Мұхтар Әлиевтің шапағатын көп көрген сүйікті шәкірті екенін ел жақсы біледі. Енді мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік арқылы Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевтің жеке атына жаңадан қызметтік хат жіберіліпті. Сын сағатта оның қандай төрелік айтатыны таяу арада белгілі болмақшы. Қалай болғанда да таңдау жасайтын сын сағаты туып тұр. Таразының бір басында -әділдік, екінші басында Әлиевтер әулеті. Министр Досқалиев үшін қайсысы қымбат? Әліптің артын бағалық.
"Ойнеттің" мұрағатынан, 2010 ж