Халмұрадовтың қартаяйын дегені ме?..

Oinet.kz 10-06-2010 1173

Screenshot_1.jpg

Шынында Оңтүстік халқы Розақұл Халмұрадовпен қалай мақтанамын десе де жарасады... Адамның аузындағысын алдын ала айтып қоятын шешендігімен, кез-келген ортада ойып тұрып орын алатын көсемдігімен танымал Розекең соңғы жылдары ұлт дегенде, ұлт, тіл мәселесі дегенде ұйықтай алмайтынды шығарды. Осы қасиетін ескере ме, әйтеуір, Оңтүстікте жүргенде Халмұрадовты ешкім қызметтен қаққан жоқ. “Төлеген сенде арман жоқ” демекшi, шынында ұза-ақ жылдар бойы билiктiң бишiгiн ұстаған Розақұл Халмұрадовта қандай арман бар дейсiз. Әрiден әңгiмелемей, берiден қайтарғанның өзiнде малды бартермен барымталау нағыз қызған тұста Сайрам ауданының әкiмi болып сайран құрды. Облыс әкiмiнiң орынбасары орынтағында қанша жыл қызық ғұмыр кешкенiн есептесеңiз, жаңылып қаласыз. Тәртiптiк кеңестiң төрағасы ретiнде төрде отырып, төрелiк айтатын, “майлы жiлiктен” сыбаға ұстайтын сый-құрметтен де құр алақан қалмады. “Тауықсыз да таң атады” десек те, ойбай-ау, сол жылдары Розекеңсiз Оңтүстіктің таң атпай қалуы да мүмкiн болды емес пе?! Зейнет жасынан асып кетсе де “не заменимый кадр” ретінде атамыз жүрегi от, жалынды жастарға жол бермей креслосына жабысып отырып алғанын ел әлі ұмыта қойған жоқ. Енді міне, дәм-тұз бұйырып Парламент Мәжілісінің төрінде отыр. Бұған Розекең республикалық деңгейдегi өзбек халықтарының ассоциациясына басшылық еткенінің арқасында қол жеткізгені анық. Ал, омырауындағы орден-медальдарына қарап, тыңдаған адамның көңiлiн босатып, көзiне жас әкелетiн ода арнауға болады.

Халмұрадов Оңтүстікте қызмет атқарған жылдары талай мәрте мынадай жәйттерге куә болғанбыз. Облыстық әкімшілікте өткен үлкен жиналыстарда орыс тілінде баяндама жасағандарды немесе ресми тілде ұзағырақ сөйлегендерді Халмұрадов қалт жібермейтін. «Осы отырғандардың бәрі қазақтар, орысша емес, қазақша сөйлесейік те, президентіміздің өзі «қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деп жатыр ғой» деп қағып түсетін. Халмұрадовты бұрыннан танитындар бұл сөзге іштей мырс-мырс күледі, ал, оны енді тани бастағандар қазақ екенін еске түсірген Халмұрадовтың осынау батылдығына, тілге, ұлтқа жанашырлығына қайран қалар еді. Әрине, Халмұрадовтың қазақты қамшылап отырғанына рақмет, бірақ оны бұрыннан білетін жерлестері «тілге шын жанашыр, сөзіне ісі сай азамат болса неге Сайрам ауданын басқарған жылдары көше-көшелердегі жаппай өзге тілде жазылған атаулар мен маңдайшаларды, өнегелі сөздерді қазақшаламады?» дегенді әліге дейін сөз етіп жүргені жасырын емес. «Қазақтың арқасының осы тұсын қаси берсем, жаны кіре береді» деп ойлай ма, Халмұрадов Парламентте отырып, мемлекеттік тіл мәселесін бір кісідей көтеріп, әжептәуір-ақ ұпай, абырой-бедел жинады. Қанша дегенмен депутаттар арасында Халмұрадовты жақсы танымайтындар, оның өткенін жақсы білмейтіндер көп қой. Тіпті қазақ тілі дегенде Шахановқа ұқсап шабыттанып та сөйледі. Бірақ бәрібір Халмұрадовтың қай жерден ұпай жинап қалу керектігін беске меңгерген жан екенін жасыруға болмас.

Енді соңғы бір айда Халмұрадов тағы да айды аспанға шығарды. Ел президентіне қатысты «Ұлт көшбасшысы» заңын қабылдау туралы ұсыныс тастаған үш депутаттың бірі әрі ең белсендісі ретінде Халмұрадовтың тағы да қағанағы қарқ болды. Алғашқыда президент қол қоймай, қоғамда әртүрлі пікірлер тудырған заң жобасы осы апта басында баспасөз беттерінде жарияланып, құдай қаласа, 10 күннен кейін күшіне енгелі тұр. Үш депутаттың есімі қазір қазақтың әнұранын жазған авторлардан бетер асқақтап тұрған сияқты. Әп-бәрекелді, Халмұрадов... Айттым ғой, Халмұрадовпен қалай «мақтансақ» та жарасады... Әрине, «Ұлт көшбасшысына» ешқандай айтар дауымыз жоқ, елі қолдаса Елбасына неге төбемізге көтермеске?! Елге сіңірген еңбегін неге елемеске? Айтпақшы ұмыты-ы-ып барады екенбіз, Елбасының ғана емес, Халмұрадовтың да еңбегінің еленіп жүргені шығар сірә, оның ұлы Шамхат Розақұлұлы әкесінің шапағатымен отыз жасында орда бұзып Манкент ауыл округінің әкімі болып атқа қонды. Ауыл әкімі ретінде жиі сынға ілігіп жұртқа ұнайтындай жарытып жұмыс істемесе де содан бері аттан түспей былтыр тіпті қызметі жоғарылап Сайрам ауданы әкімі орынбасарының орынтағына қонжиғанда бұлай болады деп ешкім ойланбаған болатын. Содан бері аттан түспей жүр демекші, атқа бір мінсе оңайлықпен түспейтін әкеге тартқан ұл сүйенеріне сеніп тұрған соң неден тартынсын? Шамхат жайлы журналистік зерттеуге негізделген шығарманы алдағы уақытта бөлек жариялайтындықтан әкесі Розақұл жайлы әңгімеге қайта ойысайық.  «Ұлт көшбасшысы» идеясын бұған дейін Ермұхамет Ертісбаев, Дархан Қалетаев көтерген болатын. Бірақ аяқсыз қалды. Енді міне, Халмұрадовтың халықтың атынан ұсынған заң жобасы далаға кеткен жоқ. Осындай сәттерді қалт жібермей, темірді қызған кезде соғатын Халмұрадовтың қасиетіне қайран қалмасқа амалың жоқ.

Әйтсе де осы тұста Оңтүстікте Халмұрадовқа қатысты бір ыңғайсыз жағдай орын алып тұр. Биылғы ҰБТ-да оңтүстікқазақстандық түлектер жоғары нәтижені бағындырып, оқушылармен бірге ұстаздар қауымы да қоса қуанып жатқанда Парламент Мәжілісінің депутаты Розақұл Халмұрадов мырза жоғары мінберден білім және ғылым министрінің атына Оңтүстіктің оқу саласына сын айтып, сауалнама жолдапты. "Поводом к моему запросу послужило письмо многих учителей, которые пишут в письме о том, что результаты ЕНТ обычно озвучиваются в день сдачи ЕНТ. Но что касается ЮКО, в районах этой области в тот же день результаты ЕНТ не озвучиваются, они озвучиваются намного позже. Дело в том, что Управление образования в течение одного месяца ездит в Астану, проводят там свои какие-то внутренние дела, затем через месяц извещают о результатах ЕНТ. Родители учащихся негодуют, почему результаты ЕНТ не озвучиваются в тот же день, а озвучиваются только через месяц"депті өзінің сауалнамасында Р. Халмұрадов.

Халмұрадов мырза бұл фактілерді қайдан алды? Бұған сенуге бола ма? Тестке қатысқан оқушылар бір тәуліктің ішінде жинаған ұпайын анықтап, қолына сертификатын алмаса үлкен айқай-шу шығатыны айдан анық қой. Бір айдың ішінде талапкер жоғарғы оқу орнына құжат тапсырып қояды емес пе? Сондықтан бұл айыптауға басқаны қайдам, өзіміз де бірден күдікпен қарадық. «Жүйесіз айтылған сөз иесін табады» дегенге сенсек те, ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып тұрған Халмұрадовқа дәл қазір жау тимейтіні айдан анық. Ендеше оның бұл сауалнамасы облыстық білім басқармасының, тіпті облыс басшысының басына таяқ болып тиіп, мұның соңынан олардың жұмыстан босап кетуі де ғажап емес қой. «Осы бір ай уақыт ішінде білім басқармасындағылар Астанаға барып, қандай да бір ішкі жұмыстарын жүргізеді, содан кейін барып қана қорытындысын жариялайды» деп айыптауы Розақұл Халмұрадовтың бұл саланың тыныс-тіршілігінен мүлдем бейхабар екендігін көрсетеді емес пе?

-Тесттің қорытындысы сол күні шығады. Күндіз тапсырады, кешкі сағат 5-6-лар шамасында қорытындысын ілеміз. Оны бір күн де қорытындыны ұстап тұруға құқымыз жоқ. Бұл қаншама жылдан бері жалғасып келе жатқан дәстүр. Ал сертификаттары тест біткен күннің ертеңіне сағат 11-12-лерге дейін қолдарына тиеді. Бір ай уақытқа созу деген болған емес және болуы да мүмкін емес. Қорытындысын бір ай кешіктіреді деп айтудың өзі ақылсыздық. Өйткені, бұл кезеңде талапкерлердің барлығы жоғары оқу орындарына түсіп кетеді ғой. Менің ойымша бұл жерде ол кісіге ақпарат мүлдем дұрыс жеткізілмеген немесе оның өзі мән-жайды толық түсінбеген болуы керек. Бұл ешкімнің құлағына кірмейтін нәрсе. Тіпті, мұны ашық айыптау десе де болады, - дейді облыстық білім басқармасы бастығының орынбасары Сәуле Жарқынбекова. Бұл пікірді А.Ясауи атындағы ХҚТУ ШИ-ындағы ҰБТ тапсыру орталығының комиссия мүшесі Мырзабек Сарыбаев та қолдап отыр.

Ендеше Розақұл Халмұрадовтың «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп Оңтүстіктің бақшасына лақтыра салған бұл сауалнамасының астарында қандай саяси жүріс, қандай жымысқы ой жатыр? Саясат сахнасында әбден сүрленіп, кәнігі қасқырға айналған Халмұрадов неге қателесті? Әлде «Қартайған қасқыр тышқан аулайды» деген, бұл Халмұрадовтың қартайғанын білдіре ме? Қалай айтсақ та, дап-дардай депутат Халмұрадовтың бұл сауалнамасының құпиясы көп болып тұр.

Жәнібек Тархан

СК Фармация» компаниясының басшысы қызметінен босатылды.
Шардараның әкімі шарасыз халықпен санаспай отыр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу