Шымкентте жолаушының өмірі қанша теңге тұрады?

Oinet.kz 03-06-2010 857

Screenshot_2.jpg

«Қоғамдық көліктің жүргізушілері есіріп кетті». Кейінгі кездері Шымкенттің көшелерінде осындай сөздерді жиі еститін болдық. Жай сөз емес, жөн сөз. Бір-бірімен бәсекелесіп, қаланың онсыз да тар көшесінде желдей жарысқан автобус пен «Газель» жүргізушілері кейде қыза келе шетелдің шым-шытырық киноларындағыдай бір-бірін қуалап, жолын кес-кестеп жатады. Автобус салонында кондуктор мен жолаушылар арасында ұрыс-керіс, ерегіс, төбелес те жиі туындап жатады. ...Адам өлімі де кездесті.

Оқиға былтыр Тәуелсіздік күні болған. Түс мезгілі еді. Төлеген Бекжанов облыс орталығындағы «Карл Маркс» аялдамасында автобус күтіп тұрған. Бірақ қалтасында бар-жоғы 10 теңге. Автобус жүргізушісіне мән-жайды айтса, адамгершілігі барлар түсінер деген ішкі ниеті болатын. Қанша дегенмен бұл 3 топтағы мүгедек. Оның үстіне кейінгі жылдары жағдайының болыңқырымай жүргені де рас. Жұбайынан айырылғанына біраз жылдардың жүзі өткен. Бала-шағасы өсіп, өз алдына отау құрған Төлеген қарындасының үйінде тұратын. Сол күні қала сыртындағы саяжайындағы үйін барып көріп келуге шыққан беті еді.

Төлеген аялдама тоқтаған №65 автобустың  салонына кіріп, жүргізушіге жағдайын айта бастаған. Бірақ анау мұны түсінгісі де, тыңдағысы да келмеді.  «Ақшаң жетпесе, түс, бұл сенің жекеменшік көлігің емес» деп, зірк ете түсті. Екіарада ерегіс лезде бұрқ ете қалды. Аздан соң жүргізуші Сайдулла Дувлатов орнынан тұрып келіп, жолаушыға жұдырығын ала жүгірді. Ашуға булыққан ол Төлеген Бекжановты сыртқа қарай күштеп итеріп кеп жіберген. Осы бір ғана әрекет жолаушының ажалына сеп болар деп кім ойлаған?!

Т.Бекжанов арт жағымен құлап, жол жиегіндегі бордъерге басымен барып соғылған.  Алғашқылардың бірі болып оған аялдамада автобус күтіп тұрған куәгер В.Кононов көмекке ұмтылады. Ал, бұл кезде автобус орнынан қозғала бастаған. «Әй, тоқта қайда барасың?» деген В.Кононовтың сөзінен кейін ғана ол орнында кідіріп қалады.

Зардап шеккен Т.Бекжановтың құлағынан қан кетіп, есінен танған болатын. Ал, С.Дувлатов оған ешқандай көмек көрсетпеген, қайта оқиға орнында жиылған азамттардың «Мұныңыз қалай» деген сөзіне «Таяқ жемей тұрғанда, кетсейші ары» деп жекірген көрінеді. Тіпті ол зардап шегушіні екі-үш күн бойы іздеп, ақыры ауруханадан тапқан марқұмның қарындасына «Ағаңның қалтасына ақша салып жібермейсіңдер ме? Қалтасында 10-ақ теңге болды, оның 10 теңгесін не істейміз?» деген. Қалалық  жедел жәрдем ауруханасының жансақтау бөліміне ауыр халде түкен Т.Бекжанов бірнеше күннен кейін ес жимастан қайтыс болды.

Жуырда Шымкент қаласы әл-Фараби аудандық сотының судьясы Шара Бисембиева осы іс бойынша үкім шығарды. Сот барысында С.Дувлатов айыбын мойындамай «жәбірленуші өзі құлап қалды» деп ақталғанымен, оның қылмысы оқиға орнында болған куәлардың, сараптаманың қорытындысымен дәлелденді. Сот оны Қылмыстық кодекстің 103-бабының 1-бөлімімен кінәлі деп тауып, 2 жарым жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Сотталушы жазасын қоныс колниясында өтейтін болады.

-- Кез-келген адам өзінің жасаған қылмысы үшін заң алдында жауап беріп, әділетті жаза алуы тиіс. Жәбірленушінің өкілдері үкімімен келісіп отыр,--деді бізге сотта жәбірленушілердің мүддесін қорғаған Шымкент қалалық №2 заң кеңесінің адвокаты Марал Белгібаев.

...Қала көшелерінде бір-бірімен желдей жарысқан, автобус салонында айқай-шу, төбелес жасауға бір иығын беріп тұратын, жүйкесі жұқа қоғамдық көлік жүргізушілері мен  кондукторлар бұл оқиғадан сабақ алса, қане.

Screenshot_19.jpg

Оңтүстік Қазақстанда аудандық бюджеттер тек алақан жаяды
Шымкенттте қарақшылық топ құрықталды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу