Оңтүстік Қазақстанда аудандық бюджеттер тек алақан жаяды

Oinet.kz 03-06-2010 961

Kaiyr-surau.jpg

Сәуір, 2010 ж.  Биылдың 3 айында облыстық басқармаларда игерілмеген қаржы көлемі 4 миллиард теңгеге жетті. Жаратылмай қалған теңгенің басым бөлігі облыстық құрылыс, ауыл шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармалары мен Шымкент қалалық әкімдігінің үлесіне тиіп отыр. Қаржының игерілмеуі оңтүстікте жұқпалы дерттей  өршіп бара жатқаны облыс әкімдігінде өткен алқалы жиында көтеріліп, әжептәуір әңгіме өзегіне айналған.

Мамыр, 2010 ж.  Басқарма басшылары кінәні бір-біріне сілтеп жүргенде төрт айда басқармалардағы игерілмеген қаржы 6 миллиард 418 миллион теңгеге жетті. Облыстық қаржы басқармасының бастығы Галина Морозова мұншама теңгенің игерілмей қалуы негізінен тендерге байланысты екендігін, ал, басқарма басшыларының жұмысты үйлестіре алмай отырғанын газетімізге берген сұхбатында кең көлемде баяндап берген еді.

Маусым, 2010 ж.

 Игерілмеген қаржының көлемі 7 миллиард 388 миллион теңгеге жетті. Бұл бір ғана аудан, қалалық әкімдіктерінің қоржынында қалып кеткен қаржы.

 Осылайша оңтүстіктің шенеуніктері қаржыны табуды былай қойғанда оны игеруді де проблемаға айналдыруды әдетке айналдырды. Расында да онсыз да өз бюджетін қалыптастыруға  жарытып үлес қоса алмайтын  аудан, қала әкімдіктері қазынаны толтыруға келгенде тап баяғы  одақ кезіндегі бесжылдықты орындағандай, белгіленген межеден асырып жібереді.  Мәселен, Қазығұрт ауданы жергілікті кірісті биылдың 5 айында 258 пайыз, Түлкібас 244 пайыз, Ордабасы 155 пайызға орындапты. Ең соңғы орында үнемі көштің артында, тізімнің соңында жүретін Шымкент қаласы тұр. Бірақ оның өзі де жоспарды 104 пайызға орындаған. Бәрекелді дейміз!

 Ал, енді қаржыны жұмсау жағына келгенде тірлік оңбапты. Қолдағы қаржыны ұқсата алмаудың астарында қандай құпияның жатқанын кім білсін, әйтеуір, бес айда жұмыс істемейтін, жалқаулардың қатарын тағы да Жетпісбаевтың командасы бастап тұр. Әрине, Шымкент бюджеті мол,  экономикасы күрделі, халық тығыз қоныстанған аймақ. Дегенмен облыс орталығында жол жөндеудің, құрылыс жұмыстарының тұралап қалғаны жөнінде әңгіме кейінгі кезде жиі айтыла бастады. Оның басында үлкен лауазымды шенеуніктердің мүддесі жатыр деген сөздің де жаны жоқ емес сияқты. Соның салқыны шығар, қалада бес айда қаржының 80 пайызы  игерілген. 20 пайызы, яғни, бақандай 2 миллиард 989 853 теңге қазынада қалып қойған. Бюджет қаржысы—елдің ырысы, халықтың несібесі екенін ескерсек,  шымкенттіктер шенеуніктердің кесірінен жыл соңына дейін әлі қанша несібесінен қағылары белгісіз.

Төменнен санағанда екінші орынды бюджет қаржысының 88,3 пайызын игерген Сарыағаш ауданы тұр. 597 миллион 705 теңге жаратусыз қалған. Бұрын-соңды көрсеткіш жағына келгенде көпшіліктен кейін қалып көрмеген Сарыағаштың мұншалықты төмендеп кетуі онсыз да жиі сынға ілігіп жүрген Мақсат Мырзабаевқа жұмысты ширатпаса болмайтынын байқатып бергені анық. 

Үшінші орында Шардара ауданы. Шағалалы Шардарада қазына қаржысының 89,8 пайызы игерілген. Кейінгі жылдары «туризмді дамытамыз, теңіз жағалауын теңдесі жоқ демалыс аймағына айналдырамыз, одан бөлек, қызылша егіп, қант зауытын саламыз» деп, инвестор іздеп  шапқылап жүрген Марғұлан Марайымға қаржының игерілуін бақылауға, қадағалауға қолы босамаған тәрізді.  Бүгін 238 миллион 495 мың теңгені игере алмаған Шардара ертең теңіз жағалауындағы демалыс орындарынан, қызылша алқаптарынан түсіп жатқан миллион-миллиард теңгелерді қайда жұмсамақ?

 Жалпы, аудан, қалаларда қазына қаржысын 100 пайызға игерген ешкім жоқ болғанымен, көштің басында қашанда жарасымды тірлігімен көзге түсетін Созақ ауданы тұр. Созақбай Әбдіқұловтың командасы биылғы бюджет қаржысын 98,2 пайызға игеріп, ең жоғарғы көрсеткішке жетіпті. Бәйдібек, Қазығұрт, Мақтаарал, Ордабасы, Отырар, Сайрам аудандары мен Кентау қаласында да жағдай біршама дұрыс.

Осы орайда айтпай кетуге болмайтын бір мәселе бар. Жалпы, аудан, қалалардың ішінде өз қотырын өз қаситын бірде-бір бюджет жоқ. Бәрі облыстық немесе республикадан келетін трансфертке мұқтаж. Ол болмаса күні қараң. Бюджет қызметкерлері түгілі, шенеуніктердің өздері де жалақыларын ала алмай қалады. Облыста өз шығынының жартысынан астамын жабатын бір ғана қала бар. Оның өндірісі де кәсіпкерлігі де дамыған облыс орталығы екені біз айтпасақ та белгілі. Өз қазынасына Созақ ауданы--46 пайыз, тоғыз жолдың торабында жатқан Арыс--17,9 пайыз, Кентау--11,3 пайыз, Сайрам--14,1 пайыз, Түлкібас пен Төлеби--10,2 және 10,3 пайыз үлес қосады екен.

  Ал, бұл көрсеткішті Түркістан--9,6, Сарыағаш--9, Отырар--8, Ордабасы--7,8 пайыздан асыра алмапты. Халқының саны жағынан кішігірім облыстардың өзін артқа тастайтын Мақтарал ауданының үлесі 6,9 пайыз ғана дегенге алғашқыда сенгіміз келмеген. Нақты құжат қолымызда тұрған соң иланбасқа амалың жоқ. Мақтарал шаруашылығы да, сауда-саттығы да дамыған аудан. Халқы ет тірілігі, пысықтығы жағынан де ешкімге дес бермейді. Өз бюджетіне жеті пайызға да жетпейтін үлес қосу бәлкім, істің көзін таба білмейтін шенеуніктердің бойкүйездіктен шығар деген ой да қылаң беріп тұр.

Қазығұрттың өзіндік табысы 5,6 пайыз.  Ал, Шардара мен Бәйдібек аузын қу шөппен сүртіп отырғандай жағдайда екен. Бар-жоғы 4,9 пайыз ғана.

Бір таңқаларлығы, жергілікті жерден жиналатын кіріс артудың орнына керісінше азайып келеді. Мәселен, Шымкент қалалық бюджеті бір жылда 10 миллиард теңгеге көбейгенімен қаланың өзіндік табысы 82,1 пайыздан 54 пайызға төмендеп кеткен. Былтырмен салыстырғанда тек Созақ ауданы ғана өз кірісін 39,1 пайыздан 46,8 пайызға көтерген.  Қалған аудандардың барлығында жағдай керісінше.

Сонда не дейік? Аудан, қала бюджеттері   мемлекет тарапынан әлеуметтік жәрдемақы алмаса, күн көре алмайтын тұрмысы төмен отбасыға көбірек ұқсайды. Осыдан кейін де бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына кіреміз дейміз-ау?!

Осындайда облыстың бұрынғы әкімі Н. Әшімовтің кезінде өткен бір жиналыс еске түседі. «Дос жылатып айтады...» деген, сол жиында Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның оңтүстіктегі серкесі Нұрлан Сейітжаппаров облыс әкімінің толағай табыстар жайлы баяндаған есебін қатты сынға алған-ды. Есепте тек қаржының жұмсалуы айтылып, ал қаржыны қайдан, қайтіп табу, мөлшерін қалай көбейту қажеттігі туралы  бір ауыз сөз қозғалмағанын баса айтты. Біздің білетініміз облыстың өзін-өзі қаржыландыру көрсеткіші тым болмаса 30 пайызға да жетпейтін еді. Сейітжаппаров болса  облыстың өзін-өзі қаржыландыруы небәрі 10 пайыздан аспайтынына, қалған 90 пайызын жоғары жақтан келетін трансферт құрайтындықтан  соған жаутаңдап күн кешуден арылмайынша тірлік дұрыс алға баспайтынына тоқталды. Өзінің маңдай терімен, іскерлігімен, ізденісімен бюджетке қосар кірісін ұлғайтқан әкімнің жұмысын оң бағалап, кірісті азайтқан әкімнің қызметімен қош айтысуы тиістігін талқыға салды.

Құдайшылығын айту керек, Н. Сейітжаппаровтың көтеріп отырған мәселесі таза шындық. Қазіргі әкімдердің салық жинауға деген ешқандай қызығушылығы жоқ екенін, жоғарыдан келетін трансферттерге алақан жайып, масылдыққа әбден үйреніп алғанын мойындауымыз қажет. Әйтеуір, ауданның бюджетін  қалай көбейтсем, қосымша қаражат тауып, жаңа жұмыс орындарын қалай ашсам, деп жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген басшылар некен-саяқ. Жалпы, бюджетті түзерде  әкімдердің қулыққа баратыны, жылдық бюджеттің көлемін  анықтау кезінде салық түсімдерінің  жоспарын төмендетіп көрсететін әдісті қолданатыны бұған дейін «Рейтинг» газетінде жан-жақты жазылған болатын.

Рас, аграрлық аудандар дотациясыз өмір сүре алмайды. Орталық бюджеттен қаржы аударылмаса, әлеуметтік мәселелер шешілмей қалады. Дегенмен, осы жағдайда кәсіпкерлікке мейлінше  қолдау көрсетіп, кіріс көлемін ұлғайтудың жолын қарастыруға неге болмасқа? Бұл жұмысты әкім атқармағанда кім атқарады? 

 Мұрағаттан, 2010 ж

Screenshot_19.jpg

Марс Үркімбаев. Қызметтік жолының күнгейі мен көлеңкесі
Шымкентте жолаушының өмірі қанша теңге тұрады?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу