Сырдарияның суы - саясат

Oinet.kz 20-11-2009 1270

Screenshot_20.png

Күздің соңы, қыстың басы Сырдың бойын жайлаған ел үшін   қауіпті кезең. Жаз бойы тарылып жатқан Сырдың арнасы бір пәсте толып, тасуға айналады. Өзен деңгейін ұстап тұруға 5 млрд. текше метр су еркін сиятын  Шардара да шарасыздық танытады. Бұдан кейін су тасқынының алдын алу, халықты уақытша басқа жаққа көшіру, алдын ала оқу-жаттығу сабақтарын ұйымдастыру... Төтенше жағдайлар министрлігі үшін ол жылдағы үйреншікті жұмысқа айналған.  Осылайша «қараша мен желтоқсан, сол бір екі айдан» басталатын қауіп бұлты наурызға дейін сейілмейді. Мұндай әбігерлік соңғы он-он бес жылда, дәлірегі Орталық Азия елдерінің Одақтан енші алып, тәуелсіздігін жариялағаннан кейін пайда болды. Өйткені тәуелсіз елдердің Сырдарияға қатысты  өз мүддесі, өз саясаты пайда болды. Енеді әркім көрпені өзіне қарай тартқысы келеді.

«Үстіміздегі ғасырда су осы уақытқа дейін пайдаланып келе жатқан энергия көздерін алмастырушы сипатқа ие болады. Тіпті, кәдімгі қара судың өзі мұнай мен газға деген сұраныстан басым түсіп, басты тауарға айналады». Сарапшылар қазір осындай байлам жасап отыр. Орталық Азия елдерінің Сырдарияның суын бөлісуге келгенде  «аққу көкке, шаян шөлге, шортан көлге тартқан» тірлігіне қарап  сарапшылардың жоғарыдағы пікірінің шындық екеніне көз жеткізесіз. Сырдың суы қып-қызыл саясатқа айналды.  Алдымен географилық орналасуы  жағынан судың басында отырған Қырғызстанның саясатын талдап  көрелік.

 ҚЫРҒЫЗСТАН: Су--тауар

Қырғыздардың Сырдарияға қатысты ұстанымын осы бір ауыз сөзбен жеткізуге болады. Айырқалпақты ағайындардың мұндай «көргенсіздігіне» төменде отырған екі көршісі де өкпелі. Өкпелі болатын да жөні бар.Өйткені Қырғызстан кезінде Сырдарияның суын реттеу үшін салынған Тоқтағұл су қомасының жұмыс тәртібін  ешкімнің келісімін алмастан бір жақты өзгертті. Дәлірегі оны ирригациялық жүйеден энергетикалық жүйеге ауыстырды. Бұл Сырдария бассейіндегі орта және төменгі ағысындағы су шаруашылығына елеулі соққы болды. Шіліңгір шілдеде қырғыз ағайындар Тоқтағұлға суды көбірек жинайды. Соның салдарынан көрші екі елдің диқандарын судан тарықтырып қояды. Ал, қыста керісінше электр қуатын молырақ өндіру үшін суды көбірек айдап, төмендегі елді топан судың астында қалдырады. Тоқтағұлға суды межесінен асыра жинайтынын Қырғыз үкіметінің өзі де ашық мойындап отыр. Мәселен, 2007-2008 жылдары артық судың көлемі 2 млрд. текше метрге жеткен. Соның арқасында қырғыздар соңғы бес жылда коммерциялық мақсатта (энергияның экспорттау) 5 млрд. кВт/сағ. электр энергиясын өндіруге қол жеткізді. Өзінің қаржылық проблемасын көрші екі елдің есебінен шешкенді тәуір көретін ағайындардың әзірге айылын жияр түрі көрінбейді. Қырғыздардың ұстанымына қарағанда, олар электр өндіруді жоқ дегенде  бұрынғы қалпында ұстап тұра береді. Ал, көршілер ме? Қырғыз үкіметінің пікірінше, төмендегілер Сырдария суының 50 пайызын қанағат тұтуы тиіс. Ал, бұл 50 пайызды жазда береді ме, әлде қыста береді ме, ол қырғыз елінің ішкі шаруасы екен. Қырғыз энергетика министрлігі: «Электр энергиясын қанша қажет болса, суды да соған қарай пайдаланамыз» деп тоқ етерін айтып отыр.  Қырғыздардың бұл қылығына БҰҰ-ның Даму бағдарламасының сарапшылары да наразы. Олар: «Бұл халықаралық талаптарға қайшы келеді. Оның үстіне шекаралас мемлекеттер арасында қаржылық дау тудырып, суды тауар ретінде сатушылар өзге елдерге үстемдік жасап, саяси, экономикалық қысым жасауы мүмкін. Сондай-ақ, бұл Арал теңізінің экологиялық жағдайын ушықтырып жіберуі мүмкін. Сондықтан қырғыздардың мұндай саясатымен өзге елдер келіспегені дұрыс» дейді.      

ӨЗБЕКСТАН: Су—тіршілік

 Өзбекстан ауыл және су шаруашылығы министрінің орынбасары Ш.Хамраев былай дейді: «Нарын-Сырдария өзенінің суын Өзбекстан мен Қазақстан тек жартысын ғана пайдалансын деген талап халықаралық су пайдалану заңнамаларына қайшы келеді. БҰҰ-ның трансшекаралық өзендер мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану жөніндегі 1992 жылғы Конвенциясында, сонымен бірге 1997 жылғы Конвенцияда трансшекаралық су ресурстарын мемлекеттер жалпы танылған құқықтарға сәйкес, өзара келісіммен, тең дәрежеде шешуі тиіс делінген.  Тоқтағұл су қоймасы о баста 918 мың гектар алқапты және жаңадан игерілген 400 мың гектар жерді егіндік сумен қамтамасыз етуге  арнап салынған. Су қоймасынан электр қуатын өндіру жылына  4,4 млрд. кВат/сағ.-тан аспауы тиіс. Қырғыздардың Сырдарияға суды қыста көп жіберуі бізде жер асты суларының көтерілуіне әкеліп соғуда.  Бұл ауыл шаруашылығы үшін орны толмас шығын. Ал, жазда судың тапшылығынан арыз-атыздар кеуіп, су тапшылығын несібесін жерден тауып отырған ондаған миллион адам тартып отыр. Ең бастысы Арал теңізі құрып барады. Бұл деген сөз 40 миллион адамның тағдырына бей-жай қарау» дейді. Алайда «еккен егініміз күйіп барады» деп зар қаққан өзағаңдар қоныштан басуға келгенде қырғыздардан қалысқан жоқ. Көршілердің келісімін алмастан Арнасай құлдиламасынан тоған салды. Соның салдарынан  Шардараға сыймаған суды Арнасай арқылы Айдаркөлге жіберу жүйесі істен шықты. Өзағамдар осы қитұрқылықтар арқылы Қазақстанға өзінің талаптарын қойды. Олар да судан саясат жасап бақты.  Ал, бұл кезде қыстың көзі қырауда Оңтүстік Қазақстан мен Қызылорда облысының халқы су тасқынымен күресіп жатқан.

 Қазақстан: Арнасайдың орнын Көксарай басады 

Судың соңында отырған Қазақстан Сырдариядағы жағдайға байланысты саясатын мейілінше жұмсақ жүргізіп келеді. Судың соңында отырған елдің бұдан басқа амалы бар ма?

 Қазақстан бірнеше жылдан бері шекаралық өзендерде пайдалануда туындаған проблемаларды халықаралық талаптарға сай шешуге ұмтылып отыр. Бұл ретте ол  көршілеріне Орталық Азия елдерінің Су-энергетикалық консорциумын құру туралы ұсыныспен шыққаны белгілі. Елбасы Н.Назарбаев 2008 жылы Астанада Өзбекстан президенті Ислам Кәрімовпен болған кездесуде:

«Әрине, су-энергетика проблемалары бізді толғандырады. Себебі, миллиондаған адамдардың өмірі мен жұмысы олардың қалай шешілетініне тәуелді. Біз бұл проблемаларды халықаралық құқыққа сәкестендіре отырып келісуді қалаймыз. Су жөніндегі консорциум құруға келер болсақ, әзірге ештеңе де шығар емес. Өйткені, біздің пікірлеріміз әрқилы және біреулер судан энергия алып, оны тауар ретінде сатқысы келіп, қалғандары осы судың егіс суару мақсатына пайдалануын қалап отырғанда келісу қиын. Қалай дегенмен осы мүдделерді жақындастыру қажет. Бәріміз осы үшін жұмыс істеуіміз керек».

Бұл ұсыны қолдау таппаған соң, Қазақстан Сырдария өзенінен  Көсарай су реттегішін салуға кірісті. Әрине, бұл жөнінде ешкімнен келісім алынған жоқ. Өзгелерге жылдар бойы кеткен есесін Қазақстан осылайша  дербес саясат жүргізу арқылы қайтаруға көшті.

 Көксарай Арыс ауданының аумығанан салынып жатыр.  Жалпы, бұл жобаны іске асыру Одақ кезінде қолға алынғанын айта кету керек. Су қоймасындағы тоғанның ұзындығы 20 шақырым, судың сыйымдылығы 3 млрд. текше метр болмақ.

 Көксарай су ретегіші Қазақстан қазынасына тым қымбатқа түскенімен, бұл жыл сайын су тасқынының алдын алуға, көршілерді келісімге көндіруге кеткен  қаржымен салыстырғанда тиімді жоба болып саналады.

Ол екі проблеманы қатар шешеді:

Біріншіден, қысқы уақытта Шардарадағы суды төменге қарай көбірек жіберуге болады. Бұл өз кезегінде Шардарадағы ГЭС-інен электр қуатын молырақ өндіруге мүмкіндік береді. Бұған дейін су тасқыны қаупінен жарықтың нағыз керек кезінде Шардарадан электр қуатын өндіру шектеліп келген болатын.

Екіншіден, су қоймасы жазғы уақытта  шаруашылықтарды қажетті сумен қамтамасыз етеді.    

Бір айта кетері, Қазақстан Көксарайды салғанымен Орталық Азия су-энергетика консорциумын салу туралы ұсыныстан бас тартқан жоқ. Алайда онсыз да кенжегесі кейін тартып тұрған көршілер Көксарайдан кейін консорциум құру құру идеясынан мүлдем ат-тонын ала қашар анық.

Өзбек ғалымдары жуырда интернетте Көсарай туралы мынандай мәлімет жазыпты. «Көсарай су қоймасын салу туралы жоба Одақ кезінде туындағанымен, ол жүзеге аспай қалды. Және бұл тегіннен тегін емес болатын. Өйткені су қоймасын салуға жер жағдайы ыңғайлы емесі. Ол жерді қолдан қазып төмендету арқылы ғана мүмкін. Бұл дегеніңіз су қайтып Сырдарияға ақпайды деген сөз. Яғни, Көксарайдың орны батпақ басқан жерге айналады, мұның арты экологиялық апатқа ұрындырады».

Алайда Қазақстан жағы жобаның іске асатынына сенімді. Алдағы қаңтардан бастап Көксарай 1 млрд. текше метр суды жинамақ. Ал, құрылыс 2012 жылы толық аяқталса, оның көлемі 3 млрд. текше метрге жетеді. Бұл Қазақстанды  қыңыр көршілеріне деген тәуелділіктен құтқарары анық.  

  Жандос Қалдыбек

Аманбек Ахметбаев: «Төсбелгіні алуыма Көмекбаева көмектескен жоқ»
Әкімдердің рейтингісі түзілді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу