Аманбек Ахметбаев: «Төсбелгіні алуыма Көмекбаева көмектескен жоқ»
"Рейтинг" газетінің өткен санында «Көмекбаева көмектеспесе туысқаны төсбелгі алар ма еді?» атты мақала жарық көрген еді. Сол мақаланың кейіпкері, Ленгір қаласындағы құлағы нашар еститін балаларға арналған мектеп-интернатының директоры, жуырда ғана еліміздің білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаевтің қолынан «Ыбырай Алтынсарин» атындағы төсбелгіні алған Аманбек Ахметбаев редакцияға арнайы келді. Сондағы айтпағы, «бұл марапатты алуына туысқаны Балхия Көмекбаева ешқандай септігін тигізген жоқ». Ахметбаевтың өмірбаянымен танысқанымызда бұдан басқа да толып жатқан медальдар мен төсбелгілердің, түрлі әкімдердің алғыс хаттары барын білдік. Тіпті, базбір ақындар оған арнап жыр-өлеңдерін де шығарып үлгерген екен. Дегенмен, «кел балалар, оқылық» деп білім мен ғылымға шақырған көрнекті ағартушы, ұстаз Ыбырай Алтынсариннің атындағы төсбелгінің орны бөлек екені айтпаса да түсінікті. Бұл ретте осы марапатты қалай және не үшін алғаны жөнінде Ахметбаевтың өзімен тілдесуді жөн санадық.
- Сізді «Ыбырай Алтынсарин» атындағы төсбелгіге кім ұсынды?
- Мені былтыр осы марапатқа мектеп-интернатының кәсіподағы ұсынды. Оның жұмысына ешқандай араласқаным жоқ. Төсбелгіні беру мәселесін облыстық білім басқармасында құрылған арнайы комиссия мүшелері шешті. Ол комиссияның құрамында қанша адам бар, төрағасы кім екенінен мүлдем хабарым жоқ. Төсбелгіні алатынымды марапаттаудан бір күн бұрын ғана естідім. 4 қараша күні түнде хабарласып, «ертеңгі күні Түркістанға жетіңіз, сонда министр Жансейіт Түймебаев сізді марапаттайтын болды» деді.
- Білім беру саласында қанша жыл қызмет еттіңіз?
- Мектепте 14 жылдан астам уақыт жұмыс істедім. Жоғары оқу орнын бітірген 1979 жылы «пионер вожатыйдан» бастап оқу ісінің меңгерушілігіне дейін бардым. Мектеп директорлығына екі рет шақырды. Екі жылдай институтта мұғалім болып істедім. Одан соң 14 жылдай әкімшілік қызметте жүрдім. Өзімнің мамандығым педагог. Балаларға сурет пен сызу пәндерінен сабақ бердім. Құлағы нашар еститін балалар мектеп-интернатына директор болғаныма екі жылдан асып барады.
- Үш бірдей дипломыңыз бар екен. Соңғысын биыл ғана алыпсыз.
- Иә, жуырда М.Әуезов атындағы ОҚМУ-ды «Дефектология» мамандығын сырттай оқып, бітіріп шықтым.
- Сонымен, «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісін алуыңызға Балхия Көмекбаева көмектескен жоқ қой?
- Жоқ, Көмекбаеваның маған ешқандай қатысы жоқ. Ол кісі еш уақытта маған жәрдем беріп, көмектеспеген. Балхия Көмекбаева «менің әкем жалғыз, шешем жалғыз, одан басқа ешқандай туысқандарым жоқ» дегенді жиі айтады. Мен оның алдына барып, жағдайымды айтып көмек сұраған емеспін.
- Тым болмаса осы төсбелгіні алғаныңызда құттықтаған шығар?
- Құттықтаған да жоқ. Бірақ, бұған дейін де түрлі медальдар, төсбелгілер мен мақтау қағаздарын алып жүрмін ғой. Соны көріп таңқалып, «сен осы марапатқа лайықтысың» деп айтқаны бар.
- Осы төсбелгіні ұстаздық жолында 30-40 жылдап еңбектенген азаматтар неге алмайды деген де пікір еміс-еміс естіліп қалады. Бұған не дейсіз?
- Сіз мынаған қараңыз. Мен мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істеймін. Оларды кәдімгі мектептің балаларымен салыстыра алмайсың. Өзіңіз ойланыңызшы, олармен жұмыс істеу оңай емес. Күндіз-түні қарау керек, жағдайын жасау керек. Мен өзімді осы марапатқа лайықтымын деп айтамын. Кез-келген уақытта жүзім жарық. Мектеп-интернатта өмірінде болмаған нәрселерді істеп жатырмын. Екі теннис үстелін алып келдім. Бүгінде мектеп-интернатта 728 бала тәлім алады. Биыл үш түлегіміз жоғары оқу орнына түсті. Бұл бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Бұған дейін интернаттың бірде-бір оқушысы жоғары оқу орнына түскен емес. Соңғы екі жылда мектеп-интернат өмірінде болмаған жетістіктерге қол жеткізді. Алматыда мүмкіндігі шектеулі балалардың арасында өткен күрес жарысына екі рет қатысып, 2 алтын, 2 күміс, 7 қола медаль жеңіп алды. Теннистен үшінші орын алды. Кеше ғана шахматтан облыс бойынша үшінші орын алды. Ал ауданда алдымызға жан салмаймыз. Ол енді үлкен жетістік. Менің мектеп директоры ретінде іскерлігім бар. Мектепке барғанымда айра-жайра, есігі мен тесігі жоқ еді. Әбден тозығы жеткен болатын. Соның барлығын қалпына келтіріп, күрделі жөндеуден өткіздім. Негізі, біз аудандық білім бөліміне емес, тікелей облыстық білім басқармасына бағынамыз. Оқу орнының жылдық бюджетін сондағылар бекітеді. Дегенмен, қаражат бөлдіру үшін көп күш-жігер жұмсауға тура келеді. Өзім жүгіріп, бірнеше мекеменің табалдырығын тоздырып «Жол картасынан» 20,5 миллион теңге бөлдірдім. Тағы да айтарым, халықаралық грант арқылы 10 мың доллар ұтып алып, осы қаржыға мектепте жаңа әжетхана салдым. Ал енді осылай жүгірмесе ешкім қаражат бөлмейді ғой. Мен болмағанда бұл жұмыс істелінбес еді. Енді қазір жүгіріп жүргенім, 9 миллион теңге алуым керек. Өйткені, мектептің ескі қазандығы өте нашар жағдайда. Келесі жылы істен шығып қалса балалар жаурайды. Келесі жылы қалай да жаңа қазандықты орнатамын. Алға қойып отырған межелеріміз биік.
"Рейтинг" газеті №41, 20 қараша 2009 жыл